15.02.2020, 11:47
Оқылды: 2648

БҚО әкіміне ақын Қасым Аманжоловтың үйін музейге айналдыру мен ақын Абдолла Жұмағалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру ұсынылды

Облыс әкім Ғали Есқалиевтің есебінен соң тұрғындар сауалдарын қойып, толғандырған мәселелерін айтты.
Айтыскер, ақын сырымдық Бауыржан Ширмединұлы тұрғындар атынан екі ұсыныс жеткізді.

bauryzhan
-Былтыр Қарағанды қаласына халықаралық айтысқа бардық. Қасымның елі ғой Қарағанды.
Қасым Қарқаралы да туған менен
Тағдыр оны Оралда тұрғыздырған,
Жайықта жүріп Қасым ақын болды,
Аузымен аспаннан жұлдыз жұлған,
Оралдың елінен сәлем бердім,
Қасымды кем көрмейтін күн-жұлдыздан, - дегенде Арқаның жұрты арқа-жарқа болып қалған еді.
Кейін «Алтын домбыра» сайысында бізге Қарағандының айтыскері Дидар Қамиев келді. Білесіз, Оралда Қасымның үйі бар. Бірақ үй басқа біреудің меншігінде. Біздің Қасымға деген құрметіміз сол үйге тақтайша қоюмен шектелді. Ал Дидар Қамиев айтыста:
Пушкин үш күн қонған үй музей болды
Орыстың құрметтеппіз бұйрабасын,
Пугачев қонған үйде музей,
Мейманның тасытыппыз мейманасын,
Ал Оралдағы Қасымның тұрған үйі
Ала-алмай тұр өзінің сый бағасын, - деген еді.
Бірінші ұсынысымыз Қасымның үйін музейге айналдыру жөнінде.
Екінші ұсыныс батыста қолына қалам ұстаған қолымен найза ұстаған ақындар да, батырлар да болған. Сондай ақынның біреуі Абдолла Жұмағалиевті Қасым өлеңмен тірілткен болатын. Абдолла Сырым елінің тумасы, Жосалының топырағынан түлеген тас түлек. Қан майданға кіріп, Мәскеудің түбінде өртеніп өлді. Абдолла Жұмағалиевке «Халық қаһарманы» атағы берілуі керек. Жоқтаушысы бар ел екенімізді көрсетуіміз қажет. Ақын, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев Сырымнан шыққан батыр. Мұрат Мөңкеұлы айтты ғой «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп, мен де қауіп еткеннен ойлаймын бүгінгі күні зиялы қауым қатарын өзінің өнеріне орден сұрайтын, атына атақ сұрайтын азаматтар толтырып барады. Олар өсе келе Абдолланы жоқтайды деп айта алмаймын. Қазірден бастап Абдолланы жоқтауымыз керек. Біздің Сырым елінің сізге жіберген сәлемі де сол. Қазақтың қолқасы деп біліңіз. Абдолланың ерлігінің құнын сұраңыз. Абдоллаға «Халық қаһарманы» атағын алып беріңіз. Бір халықтың дегеніне бір әкімнің демеуі жетеді деп ойлаймын, Жер бетінде адамды мәңгі алып қалу мүмкін емес. Бірақ ерлігін алып қалуға болады. Сол Абдолланың ерлігін алып қалайық, - деді айтыскер.
Ғали Есқалиев бұл ұсыныстарға қысқа әрі нақты жауап берді.

1 (2)
-Қ.Аманжолов тұрған үйге қатысты мүмкіндіктерді қарастырамыз. Ал Абдолла Жұмағалиевке атақ алып беру үшін зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп ұсыныс берсеңіздер, мен Президент атына хат жіберуге дайынмын, - деді облыс әкімі.

Динара Насыр

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале