28.03.2024, 17:30
Оқылды: 56

БҚО-да 17 әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысанның жертөлелері суға кеткен

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмысқа басшылық етіп, төтенше жағдайлар қызметімен бірге атқарылып жатқан жұмысты бақылады.

InShot_20240328_085630465

27 наурыз күні Сырым ауданында су деңгейі артып, елді мекендерді тасқын су басты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төтенше жағдай болған Сырым ауданына жол тартып, суға кеткен ауылдық елді мекен тұрғындарының қауіпсіз жерге көшірілуін қадағалады. Сондай-ақ Сырым ауданың аумағында апатқа қарсы жедел штабтың отырысын өткізді.

Өңір басшысы түні бойы Төтенше жағдайлар министрімен байланыста болды. Қазіргі таңда тасқан астында қалған аудандарға өзге облыстардан қосымша техника және адам күші келіп, су тасқынымен күресуде.

Наурыздың 28-і таңғы 5.00-ге дейін барлық жұмыстың жүргізілуін толықтай қадағалаған Нариман Төреғалиев аудан орталығындағы су деңгейінің түскеніне көз жеткізген соң, Қаратөбе ауданындағы апаттық жағдайды бақылауға жол тартқанын хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жалпы қазіргі таңда жағдай қиын. Қарғын сумен күрес қалай жүріп жатыр, қанша адам жұмылдырылды, су басқан елді мекендерден қанша адам қауіпсіз жерге көшілірілді деген сауал көп. Елді мазалаған сұрақтарға бүгін өткен арнайы брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жауап берді.

су брифинг

Бақытжан Хаберұлының айтуынша, қар еруінен және жаңбыр салдарынан 17 әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысан суға кеткен. Олар Орал қаласы мен Бәйтерек және Теректі ауданында. Одан бөлек 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су кірді. Сондай-ақ 432 жеке тұрғын үйді су алса, 66 тұрғын үй ауласын су басты. Қазіргі таңда судан Сырым және Қаратөбе аудандары қатты зардап шегіп отыр. Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты ауылдарында 268 жеке тұрғын үй суға кетсе, Қаратөбе ауданына қарасты Қоржан ауылындағы 86 баспана су астында қалды. Одан кейін Теректі ауданы тұр. Аталмыш ауданға қарасты Аңқаты ауылында 40, Подстепный кентінде 17 үйге су кірді. Бәйтерек ауданына қарасты Переметное, Дариян, және Володар ауылдарына да қауіп төніп тұр. Тасқалаға қарасты Мереке ауылында жағдай тұрақты деуге келмейді. Облыс орталығында 23 үй тілсіз жаудан зардап шекті. Орал қаласы мен оған қарасты Зашаған, Деркөл кентері де қауіпті аймақта. Бұдан басқа, Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, Казталов аудандарында 18 автожолдың 33 учаскесін су басып, 2 учаскесін шайып кеткен. Қазіргі уақытта Теректі ауданының Дуана, Сырым ауданының Қызылағаш, Қаратөбенің. Ақтайсай және Қоржын, Шыңғырлаудың. Ақтау ауылынмен жол қатынасы үзілді.

– Қазіргі таңда Теректі ауданынан 30, Қаратөбе ауданынан 350, Деркөлден 1, Сырымнан 265, Тасқала ауданынан 17 барлығы 663 адам эвакуациялық пунктке көшірліді. Үй жануарлары қауіпсіз аумақтарға айдалды. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Десе де Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі, – деді Бақытжан Хаберұлы.

су брифинг 2024

Сырым ауданында 26 наурыз күні сағат 08:00-де Жымпиты ауылындағы гидропостта Өлеңті өзенінің деңгейі 463 см-ді көрсеткен. Ал қауіпті деңгей – 490-520 см. Одан соң 16:00-де өзендегі су деңгейі 550 см-ге көтерілгені анықталған.

су сырым 2024 (5)

18:00-де – гидропосттағы өлшегіштер су астында қалыпты. Ол су деңгейі бір метрден асып кетті дегенді білдіреді. Соның салдарынан Өлеңті, Жымпиты, Бұлдырты ауылдарындағы тұрғын үйлердің су басқан. Сонымен қатар, Сырым ауданының 5 елді мекенінде электр желісінде болған авариялық ажырату салдарынан ұялы байланысы жоғалды.

су коржын 2024

Қаратөбе ауданында да жағдай қауіпті Жақсыбай өзені жағадан шығып, Қоржын ауылының бойлай салынған биіктігі екі метр ұзындығы үш шақырым болатын дамба үстінен аққан су елді мекен ішіне құйылған. Нәтижесінде Қоржын ауылының тұрғын үйлерін су басты. Айта кетейік былтыр дәл осы дамба ауылды қарғын судан қорғап қалған болатын. Биыл өкінішке орай тасыған су деңгейі көп болып тұр.

Облыс әкімінің орынбасары 25 наурыздан бастап облыстық су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысын бастағанын да айтты. Осы күнге дейін штабқа 2 145 өтініш келіп түскен. Оның 1 698 пысықталып, қалған 435-і бойынша қажетті жұмыс жүргізілуде. Жедел желі телефонына (55-40-88) 118 қоңырау келіп түсті және 57 қоңырау пысықталған.

– Жалпы 321 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорылды. 17 мыңнан астам қап төселді. Қазіргі уақытта 290 техника, 141 мотопомпа, 944 адам су тасқынына қарсы жұмысқа жұмылдырылды. Қосымша көмекке Маңғыстау және Алматы облыстарынан күштер мен құралдар тартылды, – деді Б.Нарымбетов.

Қазіргі таңда Сырым ауданындағы Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті ауылдарындағы үйін су басқан тұрғында туыстарының үйіне орналасты. Үш ауылдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласынан 50 солдат келіп, суды тежеу және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысына жұмылдырылды. Құдай сақтағанда адам шығыны жоқ. Десе де мал шығынға ұшыраған. Әзірге мал шығыны қанша екенін дөп басып айтумүмкін емес. Оны арнайы комиссия анықтайды.

Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылының тұрғындары ауыл мектебіне көшірілді. Ақтөбеден келген 2 тікұшақ су қоршауында қалған Қоржын ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Орал қаласы, Қаратөбе және Теректі ауданы әкімдерінің шешімдерімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

– Аймақтағы ахуал облыс әкімінің жеке бақылауында. Сырым мен Қаратөбе аудандарындағы жағдай бойынша тиісті шараларды қабылдау үшін облыс әкімі Н.Төреғалиев пен ТЖД бастығы Р.Қасыбаев екі күннен бері аталмыш аудандарда жүр, – деді Б.Нарымбетов.

Судан зардап шеккендерге облыстық «Аманат» партиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлері, депутаттар, белсенділер көмек көрсетуге дейын. Жергілікті волонтерлер да сақадай сай. Самара – Шымкент тас жолында қозғалыс шектелді.

казавтожол

Қарғын су қырғын салып, елді әбігерге түсірді. Әсіресе, Қаратөбе, Текректі,Сырым ауданындағы халыққа қиын соғуда. Ол аз десеңіз, желіде Самара - Шымкент тас жолы жабылды деген ақпарат тарап, онсыз да алаңдап жүрген жұрттың уайымын көбейтті. Желіде, түрлі мессенджерлерде тарап жатқан аудиолар мен видеолар да су басқан ауылдағы ағайынына алаңдағандарға соққы боп тиді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале