20.02.2021, 19:26
Оқылды: 29

БҚО-да 41,5 млрд. теңге қаражатқа 378 шақырым жол жөнделмек

- 2020 жылы 42,3 млрд. теңгеге 436 шақырым жол жөнделді. Өткен жылы Казталов ауданы мен Орал қаласын байланыстыратын жол толығымен жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл пайдалануға берілген кезекті жол бөлігі болғанымен, осы кезге дейін жол азабын шегіп келген аудан тұрғындары үшін өткен жылы атқарылған маңызды істердің бірі.

жол 1

Осы жылы Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жолдарды жөндеуді жалғастыруға республикадан 20 млрд. теңге қаражат бөлініп, 129 шақырым жол салынатын болады.

Сонымен қатар, тұрғындар көтеріп жүрген мәселелердің бірі – Атырау-Орал тас жолын реконструкциядан өткізу.

Біз Үкіметпен келісіп, аталған жол жиегін кеңейту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы биыл әзірлеуді бастаймыз.

Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу үшін 12,7 млрд. теңге қаражат жұмсалып, 192 шақырым жол жөнделді. 2021 жылы осы бағытта 220 шақырым жолды жөндеу жоспарда тұр.

Елді мекендердің жолдарын жөндеу бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарылды.

жол 2

Өткен жылы 101 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Бұл соңғы 5 жылдағы ең жақсы көрсеткіш.

2020 жылы Орал қаласының 46,2 шақырымды құрайтын 41 көшеге асфальт төселді. «Нефтебаза» ауданындағы көпір қайта салынды.

Облыс орталығында жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 560 млн. теңге қаражат қарастырылды.

Қазіргі уақытта 2021 жылға облыс бойынша 41,5 млрд. теңге қаражатқа 378 шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз.

«Орал» халықаралық әуежай терминалының құрылысына тоқталар болсақ, жөндеу жұмыстары объективті себептерге байланысты созылып кетті.

Біз реконструкциялау барысында ғимараттың іргетасы мүлдем тозығы жеткенін және оны қайта салу керектігін анықтап, құжаттамаға өзгерістер енгіздік. Бұл адам өмірінің қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім болды. Қазіргі уақытта мердігер компания құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті.

Өткен жылдан бастап тек жол салуға емес, өңірдегі барлық құрылыс нысандарына қоғам тарапынан бақылау күшейтілді.

Бұл ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етуге және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану үшін жасалып отыр.

жол 3

Осындай бақылау жұмыстарына халық белсене араласу керек. Сонда ғана жөндеу жұмыстарының сапасы артатын болады.

Бұл жұмыстар біздің негізгі қағидаттарымызға сай мемлекеттік органдарға сенімділікті нығайтып, сыбайлас жемқорлықпен күресте өз жемісін береді деп білемін, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Еске сала кетсек, дәл қазір облыс әкімі онлайн режимде халық алдында есеп беруде.

Есеп «Aqjayq» телеарнасында, облыстық әкімдіктің ресми сайты мен YouTube каналында тікелей эфирде өтілуде.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале