13.04.2023, 10:00
Оқылды: 88

БҚО-да 74 борышкерге іздеу жарияланды

 Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен алимент төлемдерін өндіру мәселелері жөніндегі жиын өтті. Өзекті мәселені талқылауға құқық қорғау құрылымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

fae5a0f4-5e6a-4bcf-b917-701c5555d000

– Алимент төлемдерін өндіру – атқару құжаттарының ең маңызды санаттарының бірі. Борышкерлерден алименттерді уақтылы өндіру – сот орындаушылар жиі кездестіретін күн тәртібіндегі өткір мәселе. Алименттік төлемдерді өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу аса маңызды. Өйткені бұл істің артында бала тағдыры тұр. Өкінішке орай,  балаларды бағып-қағуға арналған ата-аналардың басты парызы үнемі орындала бермейді. Сондықтан да балалардың құқы бұзылып, әлеуметтік жағдайына теріс әсер етеді. Алимент бойынша берешек қарыздар әдеттегідей көбеймесе, азайған жоқ, – дейді мамандар.

Қанша борышкер бар?

2023 жылдың І тоқсаны кезеңінде алимент төлемдерін өндіру бойынша 10 865 атқару құжаты қаралған. Оның 486-сы өндірісте аяқталса, 10 419 құжат жұмыс сатысында. 7208 өндіріс орындалуда, яғни борышкерлердің табыс көздерінен ұсталуда. 74 борышкерге іздеу жарияланған. 2831 құжат бойынша борышкерлер алиментті өз еркімен төлесе, мүлдем төлемейтін немесе арасында ғана төлем жасайтындар саны – 380.

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда проблемалық алимент саны 17,4 пайызға азайған. Ағымдағы жылдың үш айында 128 борышкер есепке алынып, 56-сы  жұмыспен  қамтылған.

– Облыста 78 жеке сот орындаушы қызмет көрсетеді. Орал қаласында – 57, аудандарда – 21.  Алимент өндіру бойынша өтінім беру толастар емес. Негізгі мәселелер – алименттің уақтылы өндірілмеуі, қарыздардың өсуі, борышкердің ресми жұмыс істемеуі немесе табысын жасыруы, тұрғылықты мекенжайларында тұрмай, сот орындаушысынан жалтаруы. Алайда осыған қарамастан, алимент төлемдерін өндірудің сапасын жақсарту мақсатында 2021 жылы құрамында тәжірибелі жеке сот орындаушылары бар «Алимент төлемдерін өндірудің мамандандырылған кеңсесі» ашылды. Қазір бұл кеңседе 8 жеке сот орындаушы бар.

Әділет департаментінің жанында кәсіби медиатор қызмет атқарады. Медиация кабинетіне негізінен еңбек даулары, отбасылық қақтығыстар, алимент өндіру мәселелері, баламен қарым-қатынасты белгілеу тәртібі бойынша 400-ден астам өтініш түседі. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу бойынша 58 келісімге қол қойылды. Оның ішінде алимент өндіру мәселелері бойынша 50 келісімге қол жеткізіліп, 15 млн теңгеден астам алимент бойынша берешек сомасы осы медиация тәртібі арқылы өндірілді, – деп атап өтті облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев (суретте).

Алимент  өндіруде қандай  проблемалар кездеседі?

Жиында белгілі болғандай, алимент өндіруде жеке сот орындаушылар көптеген проблемамен бетпе-бет келеді. Алимент төлемдерін өндіруде негізгі мәселе – борышкерлердің еңбек заңнамаларына сәйкес ресми түрде жұмыс істемеуі. Сот орындаушысы берген жұмысқа орналастыру туралы хабарламамен жұмыспен қамту орталығына жүгінбеуі немесе ұсынған жұмыстан бас тартуы жиі кездеседі. Дүние-мүлкін, табысын жасырып, тұрақты мекенжайдан табылмай, алимент төлеуден қасақана жалтарғандар да бар.  Мұндай борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартуға  тура  келеді.

– Борышкерлерді әкімшілік жауапқа тарту төңірегінде мәселе жетерлік. Мысалы, биылғы үш айда департаментке жеке сот орындаушылардан борышкерлерді әкімшілік жауапқа тарту үшін 130 ұсыныс түсті. Оның тек 31-іне ғана әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды. Ал 39 борышкер хаттама толтыруға келмей, әкімшілік жазадан жалтарған. Мұндай әрекеттер жазадан құтылып, заң алдында жауапкершілікті сезінбеуге әкеліп соқтырады. Қорыта келе, сот актілерін орындауда, соның ішінде алимент төлемдерін өндіруде тек сот орындаушылардың ғана емес, оларды жұмыспен қамтуда жергілікті атқарушы құрылымдарының, сондай-ақ борышкерлерге іздеу жариялауда, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту мәселесі қарастырылғанда хаттама толтыру үшін мәжбүрлеп әкелуге құқық қорғау (полиция, прокуратура) құрылымдарының пәрмені өте зор болады деп пайымдаймыз, – деді Естай Рашқалиев.

Мамандар қазіргі күнде тұрғындар арасында алимент тақырыбы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізуде. «Осы орайда жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан облыс және аудан орталықтарындағы тұрғындар көп жиналатын орындарға алимент төлеуді насихаттайтын бильбордтар орналастырса», – дейді  олар.

Өз  балаңды өзекке  теппе!

Аталмыш жиында перзентін жылатқан ата-аналар мен Алла сыйлаған перзенттерін аялап отырған ата-аналар туралы бейнебаяндар көрсетілді. Солардың бірі – жеті баланың  әкесі  Ержігіт  Қайрашеев.

cfa5b9b5-e23a-45d4-b865-90af93047954

Оның үш жыл бұрын жұбайы қайтыс болған. Содан бері жеті баласын ешкімге жаутаңдатпай, өзі өсіріп келеді.

– Мен өз баласын тағдыр тәлкегіне тастап кететін, перзентінің алдындағы жауапкершілігін сезінбейтін жігіттерге ренжимін. Балаларым – байлығым. Күнде сағат 5:00-де тұрғаннан кешкі 23:00-ге дейін тыным жоқ. Бірін мектепке апарамын, екіншісін алып келемін. Тамақтарын пісіремін. Сенбі-жексенбі күні бәріміз жабылып үй жинаймыз.

186 мың теңге жәрдемақы аламын. Оның 60 мыңына балаларды қосымша орталыққа беремін. Басты мақсатым – балаларым дұрыс білім алып, жақсы маман болып, өмірден өз жолдарын тапса деп армандаймын. Жәрдемақының 40 мың теңгесі коммуналдық төлемге кетеді. Қалған 86 мың теңгеге тамақ аламын. Маған азықтүлік әкеліп, балаларыма киім-кешек алып беріп көмектесіп жатқан жігіттер де бар. Оларға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын, – дейді жеті баланы жалғыз тәрбиелеп  отырған  әке.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, жұмыс тауып берген күннің өзінде азаматтардың жұмыстан бас тартуы жиі кездеседі екен. Өйткені олар ресми жұмыс жасаған жағдайда жалақысын алиментке ұстап қалудан қашады немесе біразының түрлі жағдайлармен есепшоттары  бұғатталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облысымызда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ өмір сүру сапасын арттыру, азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына жәрдемдесу үшін 2020 жылдан бастап «Отбасы» орталығы ашылып, жұмысын жалғастыруда.

Орталық құқықтық, психологиялық, әлеуметтік мәселелер бойынша әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық–кеңестік және ресурстық қолдау көрсетеді.

– 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін «Отбасы» орталығына 517 адам жолығып, оларға 551 қызмет көрсетілді. 45 адамға психологтің көмегі берілді. Осы аралықта орталық тәрбиешілері ата-аналарымен келген 186 баламен жұмыстанды. «Отбасы» орталығынан кеңес алған немесе қызмет көрсетілгендердің ішінде 10 адам тұрғын үй кезегіне тіркелді, 2 бала балабақшаға жолдама алды, 3 адам отбасын сақтап қалды, – дейді Алпамыс  Жаңабайұлы.

Орталықта тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, мастер-кластар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, тікелей эфирлер, психологиялық тренингтер  жиі  ұйымдастырылады.

Алименттен жалтарғандарды қалайтезге саламыз?

Дөңгелек үстелде осы сұрақ бойынша қызу пікірталас туындады. Жиынға қатысушылардың бірқатары өз перзентінің алдындағы жауапкершіліктен қашып жүрген ата-аналарды суретімен, аты-жөнімен әлеуметтік желілерге, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауды ұсынса, енді бірқатары бұлай жасау бала үшін де, борышкерлердің тума-туыстары үшін де ыңғайсыз болатынын алға тартты. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері көбіне мәселеге біржақты көзқарас қалыптасатынын айтып, екінші тарапты да тыңдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ жиында облыстық және қалалық әкімдіктер әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына алимент төлеу тақырыбында материалдар жарияласа, іздеу жарияланған борышкерлерді іздестіруде және оларды мәжбүрлеп әкелуде полиция департаменті қолдау көрсетсе деген ұсыныстар ортаға салынды.

– Бала тәрбиесіне ерекше мән берген халықтың ұрпағымыз. Бірақ соңғы жылдары қоғамда алимент төлеу мәселесі бойынша түйткіл көп. Борышкерлердің жұмыс істеуден бас тартуы, жұмыс істеген жағдайда табысын жасыруы жиі орын алуда. Бұл мәселенің артында ұрпақ  тәрбиесі, бала тағдыры тұр. Перзентінен бас тартып, қоғамға кері әсерін тигізіп жүрген жандардың көбеюі бізді алаңдатады. Сондықтан борышкерлерге жұмыс ұсынып, барынша түсіндіру жұмысының аясын кеңейту қажет. Қаламен қоса, ауыл-аудандарды аралап, жеке-дара сөйлесіп, әлеуметтік бағдарламалар аясында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек,  – деді отырысты түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Азаматтарға тегін құқықтық кеңестер ҚР Әділет министрлігі құқықтық ақпарат қызметінің 119 нөмірі және әділет департаментінің  әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы көрсетіледі.

 

Гүлжамал  Жолдығали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале