10.02.2021, 21:37
Оқылды: 147

БҚО-да ер адамды жүк көлігімен қағып, қашып кеткен шетелдік жүргізуші ұсталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 9 ақпан күні шамамен сағат 20.45-те Самара-Шымкент күре жолы бойында Бәйтерек ауданы Мичурин ауылы тұсында болды.

2102101841509051g
Қырғызстандық Д. деген азамат DAF жүк көлігімен белгіленбеген жерден жолдан өтіп бара жатқан 33 жасар ер адамды қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Алған жарақаттары салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты. Мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Оқиғаны көрген әйел адам дереу полицияға хабарлаған. Соның және полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекеті нәтижесінде жүргізуші ізі суымай ұсталды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу) және 347-бабына (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сол күні тағы бір оқиға Орал қаласында орын алды. Көлік құралын жүргізуге құқығы болмаса да, рульге отырған 28 жастағы жүргізуші шамамен сағат 18.50-де Т.Масин мен С.Даумов көшелерінің қиылысында реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан 30 жастағы әйелді қағып кетті.

Түрлі жарақат алған әйел ауруханаға жатқызылды.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес (абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу) тергеу амалдары жүргізілуде.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале