19.09.2024, 9:45
Оқылды: 92

БҚО-да қоқыс полигоны қашан салынады?

Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Аталған комиссияның төрағасы Ербол Салықов ең әуелі жиынның қатысушыларына күн тәртібіндегі мәселелерді жеткізді.

0694C4FC-F32E-4137-83CE-36DE8B54D9C1

Оның біріншісі – күкірт диоксиді, азот оксидтері және көміртегі оксиді шығарындыларын, ластағыш заттардың төгінділерін, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын  орналастыру көрсеткіштерін екі есеге көтеру. Екіншісі – жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу. Алғашқы мәселенің мән-жайын, жай-жапсарын облыстық экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев егжей-тегжейлі талдады.  

– Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет деп есептеймін. Облыстық бюджетке түсетін төлемақы мөлшерлемесін ұлғайту керек. ҚР Салық кодексінің 576-бабының 8-тармағына сәйкес жергілікті құзырлы құрылымдар аталған бапта белгіленген мөлшерлемелерді екі еседен арттырмай көтеруге құқығы бар. 2023 жылы облыс бюджетіне 1,91 млрд теңге көлемінде эмиссиялық төлемдер түссе, оның 1,526 млрд теңгесі, яғни, 80%-ы «ҚПО б.в.» компаниясынан. 2022 жылы облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 7 желтоқсандағы «БҚО бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде күкірт, азот және көміртегі оксидтері секілді ластаушы заттарға  төлемақы көрсеткіші 2 есеге азайды. «ҚПО б.в.» компаниясы 2023 жылы атмосфераға стационарлық көздерден 4490,2 тонна ластаушы заттар шығарса, соның 3579 тоннасы немесе 80%-ы – күкірт, азот және көміртегі оксидтері. Былтыр «ҚПО б.в.» компаниясы қауіпті өндірістік қалдықтарды көмгені үшін 287,5 млн теңге төледі. Егер жергілікті құзырлы құрылымдар Атырау облысындағыдай мөлшерлемені 2 есеге арттырған болса, онда облыстық бюджет 575 млн теңгемен толығатын еді, – деді Мұрат Шыманғалиұлы.

2022 жылдың 8 сәуірінде облыстық мәслихаттың шешімімен Батыс Қазақстан облысының 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ісшаралар жоспары бекітілген. Бұл туралы жиын барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев мәлімдеді.

– Жоспарда көрсетілгендей ауаны, су нысандарын, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, қалдықтармен жұмыс істеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, іздестіру және басқа да іс-шараларды өткізу эмиссиялық төлемдер есебінен түскен қаражат есебінен атқарылуда. 2023 жылы эмиссия арқылы 1,9 млрд теңге түскен. Ал табиғатты қорғау шараларына 4,1 млрд теңге жұмсалған. Эмиссия арқылы түскен қаржы шараларға жұмсалған қаржыдан әлдеқайда аз. Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба-жоспарды толық жүзеге асыру үшін облыстық бюджетке түсетін төлемақы мөлшерлемесін 2 есеге көбейту керек деп есептеймін, – деді Марат Төлеғалиұлы.

Жиынға қатысушылар қозғалған тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салып, баяндама оқығандарға сауал-сұрақтарын қойды. Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов осы бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Орал Таза Сервис» ЖШС директоры Рафхат Данақұлов облыс орталығы маңындағы қоқыс полигонына жету күннен күнге қиындап бара жатқанын айта келе, жаңа полигон салуды қолдайтынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, полигонға апарар жол нашар. Соның салдарынан көліктер жиі бұзылуда. Қазіргі таңда жол әбден нашарлағасын, жүк көліктері далалық жолмен қатынауда. Ал бұл амал-айла жаңбырлы маусымда жүзеге аспайды. Рафхат Мырзахметұлы осындай мәселені алға тартты.

– Облыс аумағында жалпы аумағы 35 га құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1975 жылы пайдалануға берілді. Қалдықтарды жинақтаудың есептік мерзімі – 25 жыл. 2000 жылы бұл мерзім тағы 25 жылға ұзартылды. Алайда қаланың қарқынды дамуына, қала халқының, сондай-ақ шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің күрт артуына байланысты жағдай күрделене түсуде. Себебі, бұл полигон қазіргі заманғы талаптарға сәйкес қалдықтарды қабылдауды, көмуді қамтамасыз ете алмайды. Полигон 2017 жылы 10 жыл мерзімге «ICM Recycling» ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілді. 2019 жылы ақпан айында компания өндірістік қуаты жылына 100 000 тоннаны құрайтын қоқыс сұрыптау желісін іске қосты. 50 жұмыс орны ашылды. 2020 жылы пластик қалдықтарынан төсеніштер шығаратын цех іске қосылды. Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін Бәйтерек ауданының аумағында қолданыстағы полигоннан 7 шақырым қашықтықта жаңа полигон салу үшін 70,0 га жер учаскесі белгіленді. Орал қаласының әкімдігі жаңа полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірледі. 2023 жылы қалалық әкімдік «Полиграмм» ЖШС-мен 101,8 млн теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама дайындауға келісті. Жобаны әзірлеу жұмыстары биыл қыркүйек айында аяқталады.

Жобаға 3 линиялық сұрыптау кешені, ұсатқыш құралдар, престеу аппараттары және қоқысты көму алаңдары кіреді, – деді Марат Молдашев.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале