15.10.2019, 16:04
Оқылды: 84

БҚО-да көлік апатынан екі аптада 14 адам көз жұмған

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен барлық облыстық басқармалар басшыларының, Орал қаласы және селекторлық режимде барлық аудан әкімдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында өңірдегі жол көлік апаттарының алдын алу мәселесі жан-жақты талқыланды.

akimat (3)

Жыл басынан бері облыстағы автомобиль жолдарында 240 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 86 адам қаза тапқан және 304 адам түрлі жарақат алған. Қазан айы басталғалы 21 жол апаты болып, 14 адам көз жұмған және 17 адам жараланған.

-Екі аптаның ішінде жол апатынан он төрт адамның қаза болуы - төтенше жағдай. Бейбіт күнде осыншама адамның ажал құшуы ақылға сыймайды. Жол-көлік оқиғаларының жиілеу себептерін анықтау және жол апаттарының алдын алу үшін бірлескен іс-шараларды пысықтау мақсатында жиналып отырмыз. Тұрғындардың жол бойындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сіз бен біздің тікелей міндетіміз, - деген облыс әкімі облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаевтан облыс жолдарындағы көлік апаттарының себеп-салдарын сұрады.

akimat (1)

- Қазір жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне қалада және ауылдық елді мекен маңында автокөлікті тоқтатуға, жылдамдық өлшегіш құралдарын, ала таяқты (жезлді) қолдануға тыйым салынған. Тек трассада ғана пайдалана аламыз. Соңғы уақытта жауапсыз жүргізушілер тарапынан жылдамдықты асыру, көлікті мас болып айдау, маневр ережелерін сақтамау сияқты құқық бұзушылықтар жиілеп кетті. Жол апаттарының алдын алу бағытында іс-шаралар қолға алынды. Бірақ көріп отырғаныңыздай, нәтиже көңіл көншітерлік емес, - деді Серік Қойсарыұлы.

akimat (5)

Орал қаласында 10-17 қазан аралығында қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Автобус» іс-шарасы өтуде. Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерге қоғамдық көліктерге қатысты 647 құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде 160 факті автокөлік басқарып келе жатып, ұялы телефонмен сөйлесу, 188 факті маневр ережелерін бұзу. Департамент қызметкерлері көлік инспекциясы және БАҚ өкілдерімен бірлесіп, шаһардағы автобус парктерін тексеру барысында бірқатар келеңсіз жайтты анықтаған.

akimat (2)

Мәселен, тексеру кезінде облыс орталығындағы №22-ші бағыт бойынша қатынайтын 33 автобустың тек 25-інің ғана жұмысқа шыққаны анықталған. Соның сегізінде ғана жолаушыларды тасымалдау талаптары сақталғаны белгілі болған.

Облыста қазан айында жол бойына шығып кеткен малмен жеңіл көліктердің қақтығысуы салдарынан үш жол апаты орын алған. Әсіресе, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар орналасқан Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандарының аумағында көліктің малмен соқтығысу оқиғасы толастамай тұр.

Жиында облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейітқұлов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Динара Жұмабекызы

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале