11.08.2023, 17:45
Оқылды: 386

БҚО-да құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Бүгін «Атамекен» өнер ордасында Құрылысшылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

IMG_20230811_174827_931

Сала мамандарының кәсіби мерекесінде жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі және жергілікті өндірушілердің құрылыс материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.

IMG_20230811_174824_822

– Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адал еңбектеріңіз және облыстың құрылыс саласын дамытып, көркейтуге қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Экономиканың күш-қуаты мен еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы осы саланың дамуына тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, сіздердің жасампаз еңбектеріңіз халықтың әл-ауқатын арттыруға зор мүмкіндік берді. Облыс аумағында көптеген инфрақұрылымдық, инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өңір тұрғындары баспанаға ие болып, әсем ғимараттар бой көтеруде, – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылысшыларға жүрекжарды лебізін білдірді.

IMG_20230811_174832_534

Сонымен қатар өңір басшысы құрылыс және жобалаушы компаниялар – «Болашақ-Т», «СКФ Отделстрой», «Альтаир», «ПМК-117», «КейСиДжи», «Uniserv», «Құрылыс комбинаты», «Жайыққұрылыс», «ОралВодПроект» және «Кульман» ЖШС басшыларының еңбегін атап өтті.

IMG_20230811_174907_606
Құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталған Нариман Төреғалиұлы қолданысқа берілетін пәтерлердің саны жыл санап артып келе жатқанын айтты.

IMG_20230811_174924_350

Мәселен, 2021 жылы 591 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, былтыр бұл көрсеткіш 622 мың шаршы метрге жеткен. 2022 жылы бюджет қаражаты есебінен бес көппәтерлі тұрғын үй, ауылдық елді мекендерде 59 тұрғын үй қолданысқа тапсырылған.

IMG_20230811_174920_276

Биыл «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде кезекте тұрғандар үшін 15 көппәтерлі тұрғын үй (1814 пәтер), ауылдық елді мекендерде 42 тұрғын үй (563 пәтер), сонымен қатар 28 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанының құрылысы қарастырылған. Сонымен қатар биыл 34 мыңнан астам халықты қамтитын 47 ауылдық елді мекенге сапалы ауыз су жеткізу үшін құны 6,3 млрд теңге 44 жоба көзделген.

IMG_20230811_174917_507

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тоғыз мектептің құрылысы жоспарлануда. Қазір өңірде 18 мектеп салынуда. Биылғы оқу жылында 2000-нан астам оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттамақ.

IMG_20230811_174841_188

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. КПО б.в. компаниясының қаражаты есебінен Ақжайық ауданының Чапаев, Тайпақ ауылдарында, Казталов, Тасқала аудан орталықтарында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені салып жатыр.

IMG_20230811_174837_315
Мерекелік іс-шарада өңір басшысы Нариман Төреғалиев құрылыс саласының майталмандарына марапаттар табыс етті. «KazConstructionGroup» ЖШС тасымалдау бойынша бас директордың кеңесшісі Құсайын Бақтиярұлы, «Уралводпроект» ЖШС жетекші инженері Зоя Прилепина, «Болашақ-Т» ЖШС ағаш ұстасы Талғат Губашев, «Инжиниринговая компания по организации строительного производства» ЖШС бас бухгалтері Татьяна Бакалдина, «Орал-Полимер» ЖШС жүктеу операторы Хамидолла Алабасов және «СКФ Отделстрой» ЖШС сылақшысы Балхия Бисенғалиева ҚР «Еңбек ардагері» медалімен марпатталды. Ал «СКФ Отделстрой» ЖШС бас инженері Дмитрий Селькин, «Алтим» құрылыс фирмасы» ЖШС басшысының орынбасары Марат Бекешов және «Альтаир» ЖШС директоры Нұрлан Қуанғалиев ҚР «Құрметті құрылысшы» төсбелгісіне ие болды. Сонымен бірге «Ақсайбизнесстрой» ЖШС директоры Анвар Агаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Әлия Кабенова және «Бақыт жолдары» ЖШС директорының орынбасары Самат Сайынов ҚР «Құрметті жолшы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше құрылысшы облыс әкімінің және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің алғысхаттарына ие болды. Өздерінің әріптестерін құрылыс саласының ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бақытжан Нұрбаев, БҚО құрметті азаматы, «Uniserv» ЖШС құрылтайшысы Нұрғазы Сәтбаев құттықтады.

Өздерінің әріптестерін құрылыс саласының ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бақытжан Нұрбаев, БҚО құрметті азаматы, «Uniserv» ЖШС құрылтайшысы Нұрғазы Сәтбаев құттықтады. Мерекелік іс-шарада облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев пен БҚО іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Жансұлу Төремұратова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жансұлу Менешқызының айтуынша, бұл келісім қоғамдық ұйым мен атқарушы биліктің бірлесіп, ашық жұмыс істеуіне мұрындық болмақ. Іс-шарада өңір құрылысшыларының жетістіктерін паш еткен бейнеролик көрсетілді.

Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале