Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде жедел-криминалистикалық бөліністердің заманауи мүмкіндіктеріне арналған таныстырылым өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
Іс-шараның мақсаты – қылмыстарды ашу мен тергеп-тексеру тиімділігін арттыруға ықпал ететін ғылыми-техникалық жетістіктер мен заманауи криминалистикалық құралдардың мүмкіндіктерін көрсету. Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев ашып, криминалистиканың қылмыстарды ашудағы және дәлелдеу базасын қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталды. Ол қазіргі таңда құқық қорғау органдары қызметінде инновациялық технологияларды тиімді пайдалану қылмыстарды жедел ашудың негізгі тетіктерінің біріне айналғанын атап өтті.
Таныстырылымға Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат депутаты Борис Лаврентьев, облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Тугузбаева, облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Әсел Мырзахметова, сондай-ақ "Bass Technology" ЖШС өкілі Дмитрий Никуленко мен "Seven Hills Intelligence" ЖШС өкілдері Бибісара Қакимова және Ержан Айтимов қатысты.
Көрсетілім барысында жедел-криминалистикалық басқарманың мамандары мобильді криминалистикалық кешендердің, дәлелдемелерді цифрлық тіркеу жүйелерінің және оқиға орнындағы іздерді анықтауға арналған арнайы техникалардың мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушыларға заманауи құралдардың қылмыс орнын сапалы қарауға, дәлелдемелерді анықтап, бекітуге және қылмыстарды жедел әрі тиімді ашуға қосатын үлесі іс жүзінде көрсетілді. Жыл басынан бері өңірде криминалистикалық технологияларды қолданудың нәтижесінде 150-ден астам қылмыстың беті ашылып, олардың тиімділігі нақты істер барысында өз дәлелін тапты.
Іс-шараның практикалық бөлімінде "Bass Technology" ЖШС мамандары жасырын іздерді анықтауға арналған арнайы криминалистикалық жарық көзінің жұмыс істеу қағидатын көрсетті. Ал "Seven Hills Intelligence" ЖШС өкілдері жойылған ақпаратты қалпына келтіруге, цифрлық құрылғылардан деректерді алуға және электрондық ақпарат тасымалдағыштарды зерттеуге арналған заманауи цифрлық криминалистика зертханасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Шара соңында қатысушылар криминалистикалық қызметте қолданылып жатқан жаңа технологиялардың құқық қорғау органдары жұмысының сапасын арттыруға, қылмыстарды жедел ашуға және дәлелдеу процесінің тиімділігін күшейтуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.