17.03.2021, 22:05
Оқылды: 599

БҚО-да мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

210317191315656e
БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Арыстановтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан және көршілес Атырау облысы аудандарында мал ұрлығымен айналысқан топ ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 13 наурыз күні қолға түсті.

БҚО-ның үш тұрғыны қамауға алынып, басқа да ашылмаған мал ұрлығына қатыстылығы тексерілуде.

Е.Арыстановтың сөзіне қарағанда, белгісіз адамдардың малды, негізінен жылқыны атып алумен айналысатыны жөнінде хабар өткен жылы түскен. Олар малдың етін ғана алып, басы мен ішек-қарнын оқиға орнында қалдырып кетіп отырған. Тайпақ полиция бөлімінің қызметкерлері малдың терісі, басы мен ішек-қарнын тапқан.

Екі облыс тұрғындарынан түскен арыз нәтижесінде мал иелері табылды. Олар Атырау облысы Индер ауданының тұрғындары болып шықты.

20210317_220152

«Қазіргі кезде Атырау облысының үш, сондай-ақ Батыс Қазақстанның бірнеше тұрғыны жәбірленуші ретінде тіркелді. Барлық арыздар бойынша мал еркін жайылып жүрген жерінен ұрланған. Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, жұмыс істеуде. Толық ақпарат тергеу аяқталғаннан кейін берілетін болады», деді Е.Арыстанов.

Айта кетейік, өткен жылы қабылданған іс-шаралар нәтижесінде мал ұрлығы алдыңғы жылғыдан 16 пайызға азайды (2019 жылы – 411, 2020 жылы – 344). Осының 271-і немесе 78,8 пайызы малдың еркін жайылып жүрген жерінен ұрланған.

73 жағдайда ғана (21,2 пайыз) мал қорадан қолды болған. Ұрланған малдың 69,4 пайызы иелеріне қайтарылған. Биылғы екі айда облыс аумағында 38 (2020 жылы осы мерзімде – 70, 45,7 пайызға аз) мал ұрлығы тіркеліп, соның 21-і ашылды.

Дереккөз: inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале