6.04.2021, 12:21
Оқылды: 198

БҚО-да медиациялық жұмыстар белсенді жүргізілуде

Еске салар болсақ, 2018 жылы ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының облыстарда медиация кабинеттерін, Татуласу орталықтарын ашу тапсырмасына сәйкес, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы «Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалы директорымен өзара әріптестік меморандумына қол қойған болатын.

B32A5B7B-E953-4C75-8304-AEF0760B7DEC

Меморандум бойынша Халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіби медиаторларына «Одақтар үйі» ғимаратынан арнайы медиация кабинеті берілген еді. Сонымен қатар, құқықтық кеңес жұмыстарын кәсіподақтар ғимаратындағы салалық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері де жүргізіп келеді. Бұл уақыт аралығында өңірде медиаторлар мен кәсіподақ заңгерлері тарапынан 1500-ға жуық құқықтық консультациялар берілген. Соңғы жылдары аймақта 7 еңбек дауы тіркеліп, оның 7-еуі де медиаторлық келісімге жүгініп, нәтижесінде оң шешімге қол жеткізілді. Еңбек қатынастарында орын алған даулардың кейбіреуіне қысқаша тоқталар болсақ:

- Облысымыздағы белгілі бір шаруа қожалығында шөп түсіру науқанында жұмысшы дене жарақатын алған.

- Жеке кәсіпкер КамАЗ жүк көлігіне көлік жүргізушілерін жұмысқа алады, бірақ 6 ай жалақылары төленбеген.

- Азық-түлік дүкеніндегі сатушыға ұрлық жасады деген айып тағылады. Дүкен қожайыны мұны дүкенге қондырылған камералар арқылы растайды. Алайда сатушының балалары бар екені және әлеуметтік жағдайы ескеріліп, медиаторға жүгінуді жөн санады.

БҚО Кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының директоры, кәсіби медиатор – Зәуреш Шатикова, аталған дауларды медиациялық келісім аясында шешіп, тараптардың мәселесін сотқа дейін жеткізбеді.

Бұл орайда, салалық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері де еңбек адамының мүддесін қорғау жолында жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Соның ішінде, БҚО Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының заңгерлері жүргізген құқықтық жұмыстардың нәтижесінде кәсіподақ мүшелері үшін 23 млн. теңгеден астам өтемақы өндірілді. Ал БҚО мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қатысуымен жасалған құқықтық процестер оң шешімін тауып, 81 жұмысшыға еңбек ақылары төленді.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Орал қаласы бойынша сыйымдылығы үлкен №22 қоғамдық көліктерінің сыртқы және ішкі жақтарында кәсіподақтар орталығы мен татуласу орталықтарының және медиация кабинеттерінің жарнама парақшалары ілініп, ақпараттық жұмыстар белсенді жүргізілуде.

«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале