14.09.2026, 9:00
Оқылды: 8

БҚО-да мемлекеттік қызметшілердің тәртібі мен әдеп талаптары талқыланды

ҚР Мемлекеттік қызмет  істері  агенттігіне  қарасты  облыстық  департамент  жанындағы  Әдеп  жөніндегі  кеңестің  кезекті  жиыны  өтті.  Кеңес  отырысында  мемлекеттік  қызметшілерге  қатысты  тәртіптік  істермен  қатар  мемлекеттік  қызмет  көрсету  сапасы,  қызметтік  әдеп  талаптарының  сақталуы,  қызметтік  аутокөліктердің  пайдаланылуы  және  мемлекеттік  қызметшілердің материалдық жауаптылығы  туралы  мәселелер  қаралды. 

25889cfe-6f63-4944-94f4-59cc36eba024

Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетоваға қатысты А. Нигметованың арыз-шағымы негізінде мемқызмет жөніндегі департаменттің жауапты қызметкерлері тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында биылғы 30 маусымда аталмыш бөлім басшысы мен азаматша арасында түсініспеушілік болғаны анықталған.

– Бөлім басшысы А. Мұханбетова қызметтік міндеттерін орындау барысында ағымдағы жылдың 30 маусымында арызданушы Нигметоваға «Сіз өз қателігіңізді түзетудің орнына маған дауыс көтеріп, мынандай сөзді қалай айтып тұрсыз? Жынды екенсіз ғой!», – деп айтқан. Департаментке өз түсініктемесін ұсынған А. Мұханбетова өзі жоғарыда көрсетілген сөздерді айтқанын мойындады, – деді мемқызмет істері департаментінің бас маманы Мөлдір Серікова.

Өз кезегінде Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Мұханбетова «Жынды екенсіз ғой!» деген сөзді қарауындағы қызметкердің намысына тиейін деп емес, таңданыстан айтқанын тілге тиек етті. Нәтижесінде кеңес мүшелері әлгіндей орынсыз сөзі үшін мемлекеттік қызметкер А.  Мұханбетоваға  ескерту түріндегі тәртіптік жаза беру жөнінде аудан әкіміне ұсыныс жолдайтын болды.

Кеңесте мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын сақтау және қызметтік аутокөліктерді мақсатына сай пайдалануына бақылауды күшейту бағытында жүйелі жұмыстарға да ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділі-гін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Осы бағытта департамент тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде 524 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілсе, қашықтықтан бақылау барысында тағы 209 қызмет алушының құқығы бұзылуына жол берілмеген. Бақылау кезінде мемқызметті көрсету тәртібі мен мерзімдерінің сақталуы, қызмет көрсетуден бас тарту негіздерінің заңдылығы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарының толық қамтамасыз етілуі зерделенді. Департамент азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарауға да айрықша назар аударып, әрбір өтініштің мән-жайы мұқият сараланып, заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, семинарлар мен кездесулер өткізіліп, осы салаға жауапты мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға  деген сенімін арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі заң талаптарына сәйкес көрсетілуін  қамтамасыз  ету.

Қызметтік көлікке бақылауды күшейту қажет

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – орталық мемлекеттік құрылымдардың аумақтық бөлімшелерінде, жергілікті атқарушы құрылымдарда және мәслихат аппараттарында қызметтік аутокөліктерді мақсатты пайдалану болды. Департамент 2026 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында қызметтік аутокөліктердің пайдаланылуына талдау жүргізген.  Талдау барысында көліктердің жол жүру ережелерін сақтауына, жұмыс уақытында және қызметтен тыс уақытта пайдаланылуына, сондай-ақ олардың нақты қызметтік мақсатқа сәйкестігіне жіті назар аударылған. Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиевтың мәліметіне қарағанда, белгіленген жүру жылдамдығын асыруға байланысты 119 құқықбұзушылық анықталған. Соның 97 фактісі, яғни 81,5%-ы жұмыс уақытында орын алған. Ал 22 дерек, яғни 18,5 %-ы қызметтен тыс уақытта, демалыс және мереке күндері тіркелген. Бұл құқықбұзушылықтар 42 мемлекеттік құрылымға қатысты келеңсіздіктер. Оның тоғызы орталық мемлекеттік құрылымдардың аумақтық бөлімшелеріне, 28-і жергілікті атқарушы құрылымдарға, бесеуі мәслихат аппараттарына тиесілі.

Жұмыс уақытында жылдамдықты асыру деректерінің басым бөлігі Бәйтерек ауданының жергілікті атқарушы құрылымдарына (13) қатысты болса, Теректі ауданында әлгіндей сегіз жағдай тіркелген. Осындай сипаттағы Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасында – 5, Орал қаласы мен Ақжайық ауданында – 4, Бөкей ордасы ауданында 3 құқықбұзушылық анықталған.

Қызметтік аутокөліктерді қызметтен тыс уақытта, демалыс және мереке күндері пайдалану бойынша да бірқатар дерек анықталды. Мәселен, Ақжайық ауданында төрт, Бөкей ордасы ауданында үш, Жәнібек ауданында екі әлгіндей жағдай тіркелген. Қызметтік көліктің түнгі уақытта немесе демалыс күндері қозғалыста болуының өзі бірден заңбұзушылық болып саналмайды. Себебі кейбір жағдайда көлік қызметтік қажеттілікке байланысты пайдаланылуы әбден мүмкін. Сондықтан департамент мамандары мұндай деректер бойынша іссапарға жіберу туралы құжаттарды, демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту туралы актілерді, жол парақтарын және басқа да растайтын құжаттарды зерделеген. Мәселен, Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің қызметтік аутокөлігіне қатысты бірнеше жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Аутокөлік түнгі уақытта Орал қаласы мен Орал – Саратов бағытында қозғалыста болған. Тиісті құжаттарды тексеру нәтижесінде аталған кезеңде көлік әкімдіктің лауазымды тұлғасының іссапарына байланысты пайдаланылғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушіден түсініктеме алынып, тәртіптік шара қолданылған. Алайда алдыңғы жылдардағы талдау барысында осы қызметтік көлікке қатысты түнгі уақытта және басқа да кезеңдерде жол қозғалысы ережесін бұзу деректері тіркелген. Бұл қызметтік аутокөліктің қозғалысына бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді. Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласы әкімдігінің қызметтік аутокөлігіне қатысты да түнгі уақытта жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Тексеру барысында көліктің сол уақытта қала көшелеріндегі сыртқы жарықтандыру жүйесінің жұмысын тексеру мақсатында пайдаланылғаны анықталды. Аталған жұмыстар тұрғындардың шағымдары мен әлеуметтік желілердегі өтініштерге байланысты жүргізілген және тиісті актімен рәсімделген. Яғни бақылау барысында әрбір дерекке  мұқият баға беріліп, көліктің нақты қандай мақсатта пайдаланылғаны және оны растайтын құжаттардың бар-жоғы анықталады.

Жүргізілген талдау мемлекеттік құрылымдарда қызметтік аутокөліктердің пайдаланылуына жауапты лауазымды тұлғалардың бақылауын одан әрі күшейту қажеттігін көрсетті. Қызметтік аутокөліктерді мақсатсыз пайдалану және жол жүру қағидаларын жүйелі түрде бұзу негізгі мәселе болып отыр. Әсіресе қызметтік аутокөліктердің түнгі уақытта пайдаланылуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғаларының орын алу тәуекелін арттырып қана қоймай, мемлекеттік құрылымның беделіне кері әсер етуі, қоғам тарапынан наразылық туғызуы және бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына  алып  келуі  мүмкін.

Жауапкершілік – мемқызметтің басты  талабы

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралған мәселелердің барлығы бір ортақ ұстанымға келіп тоғысады. Ол – мемлекеттік қызметшінің заң талаптарын сақтауы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы. Мемлекеттік қызмет қоғам алдындағы сенімге негізделеді. Азаматтың құқығын қорғау, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғындармен әдеп қағидаларына сәйкес қарым-қатынас жасау, қызметтік мүлік пен аутокөлікті мақсатты пайдалану – мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысындағы басты талаптар. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы да осы мақсатқа – мемлекеттік қызметтің сапасы мен беделін арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға  бағытталған.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале