28.04.2020, 19:05
Оқылды: 145

БҚО-да Жеңіс күніне бірқатар шаралар жоспарлануда

Мамыр айындағы мерекелерді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері әзірленді. Ағымдағы жағдайда онлайн форматқа, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізуге, виртуалды флеш-мобтар, акциялар, конкурстар және т.б. ұйымдастыруға, өңірлік БАҚ-та ақпараттық контентті ұлғайтуға айрықша мән беріліп отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық жоспар жасақталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев айтты.

ECDD03D9-D99D-4B39-B7DD-B3A860123D9B
- Батыс Қазақстан облысында 62 Ұлы Отан соғысының (Орал қаласы бойынша 48, аудандарда 14) қатысушылары мен мүгедектері және 5 831 тыл ардагерлері бар.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бұл жандарға Үкімет шешімімен бюджеттен біржолғы материалдық көмек беріледі. Атап өтсек, ҰОС қатысушылар мен мүгедектеріне - 1 млн. теңге, қайтыс болған ҰОС қатысушылар мен мүгедектерінің жұбайларына - 30 мың теңге, концлагер тұтқындарына  - 100 мың теңге, Ленинград қоршауында болғандарға - 100 мың теңге, тыл ардагерлеріне - 30  мың теңге, ерікті жалдама құрамаларының адамдарына - 120 мың теңге көмек берілмек.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай облыстық телеарналарда арнайы тележобалар көрсетілімі мен тақырыптық бағдарламалар дайындалып, көркем және деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде бүгінгі күннің батырлары мен әскери қызметкерлерге құрмет көрсету акциялары мен флэшмобтарын, сондай-ақ облыстағы қашықтан оқитындарға ерлік тақырыбында сабақтар өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар 8 мамыр күні «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова оқыған кешкі ауысымдағы жалпы білім беру мектебінде мемориалды тақтаның ашылуы жоспарлануда.
9 мамыр - Жеңіс күніне арналған және ардагерлерді құрметтеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарлануда.
Мейрам күні Орал қаласында орналасқан 5 ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі жоспарлануда. Олар «Үш батыр қыз» ескерткіші, «Мәңгілік алау», Бауырластар зираты, Т.Масин, Г.К.Жуков ескерткіштері.
Содан кейін «Жеңіс» алаңында 3 акцияға старт беріледі.
Бірінші акция - 50 спортшының қатысуымен велошеру.
Екінші акция - Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерін құттықтауға баратын 9 топқа старт.
Үшінші акция - Орал өзені арқылы катерлердің жүзуі.
Акцияларға старт бергеннен кейін «Мәңгілік алау» жанында үрмелі оркестр орналастырылып, әскери әндерден номерлер орындайды. Концерт «AQJAIYQ» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі
Сонымен қатар барлық аудан орталықтары мен ауылдық округтерде ҰОС ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі. Мейрам күні соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне барып, ҚР Президентінің және облыс әкімінің арнайы құттықтаухатын және естелік сыйлықтарын табыстайтын болады.
Ағымдағы жылдың 15 сәуірден бастап әлеуметтік желілерде «Мен батырдың ұрпағымын» челленджі және «Мы – наследники Победы»  байқауы жарияланды. Қатысушылар соғысқа қатысқан өз ата-бабалары және жерлестері туралы посттар және бейнероликтер жариялайды, - деді Серік Рахметоллаұлы.
Сондай-ақ «AQJAIYQ» телеарнасы облыстың аудандарында Ұлы Жеңіске қосқан үлестері туралы арнайы репортаж дайындайды. Арнайы репортажды ағымдағы жылдың 9 мамыр күні көрсету жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың 7-9 мамыр күндері облыстық телеарналар арқылы Ұлы Отан соғысына арналған арнайы репортаждар, деректі және көркем фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылады.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында облысымызда жыл басынан «Ардагерлерді ардақтайық» атты жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында облыстық жастар қоғамдық бірлестіктері ҰОС ардагерлерінің және жалғысбасты тыл еңбек ардагерлерінің үйлеріне барып, көмек көрсетуде.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале