12.08.2022, 21:09
Оқылды: 165

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы: «Ақжайық» хоккей клубы қаржыландырылмайды. Бұл Президент тапсырмасы".

Облыстағы «Ақжайық» допты хоккей клубы 46 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осынша тарихы бар хоккей клубын тарату кімге тиімді? Клуб басқармаға сілтейді. Басқарма Президентке сілтейді. Таратып айтсақ...

IMG-20220812-WA0141

«Қаржыны үнемдеу деген сылтауды айтады. Сонда істі бізден бастамақшы. Бірақ, басқа клубтармен салыстырғанда ең төмен қаражат бізде. Әрі тәрбиеленушілердің саны да өте аз. Біздің бай тарихымыз бар. Менің жеке пікірім: спорт дамуы керек, керсінше қолдау күшейтілу қажет. Ақшаны үнемдеу дегенге басқа жағынан да келуге, басқа шығындарды қысқартуға да болады ғой», - деп әңгімесін бастады клубтың бас жаттықтырушысы Николай Шавалдин.

Ол бірнеше жыл «Ақжайық» хоккей клубында ойнаған, кәсіби хоккейші. Қазіргі уақытта клубтың бас жаттықтырушысы. Ол республикалық құраманың қатарындағы команданың тарап кететініне қынжылады.

Клубта 13 адам ойнайтын болса, оның үшеуі Ресейден келген легионер.

IMG-20220812-WA0139

«Құрамадағы легионерлер тұрақты түрде ойнайды. Біз оларды жылда алдырамыз. Бізде бір жылы басқа, екінші жылы басқа адам ойнайды деген түсінік жоқ. Легионер клубқа жаны ашып ойнауы қажет. Ол үшін ол бауыр басып, дос болып кетуі керек. Біз сол үшін легионерлерді ауыстырмаймыз», - деген бас жаттықтырушы. Николай Шавалдин командада 11 адам ойнайтынын, олардың бәрі Оралдың жігіттері екенін айтты.

"Команда тек Оралдың ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап жүрген жалғыз клуб. Егер Ақжайық допты хоккей клубы жабылса бүкіл Қазақстан құрамасы тарап кетеді", - дейді спортшылар.

«Ақжайық» допты хоккей клубы облыс әкіміне ұжымдық хат та жолдаған. Олар облыс әкімінен осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрайды.

«Біз арқылы Қазақстанды біледі, біз арқылы Оралды таниды. «Ақжайық» хоккей клубы дегенде олардың есіне бірден Орал, Қазақстан түседі. Бірақ бізді таратқылары келетіні логикаға сыймайды», - деп қорытты сөзін бас жаттықтырушы.

Допты хоккейден республикалық құрама команданы тарату облыстық спорт басқармасы үшін несімен тиімді? Облыста 5 спорт клубы бар. Бәрі де жеке. Олардың бәрін мемлекет қаржыландырады. Бірақ таңдау дәл «Ақжайық» допты хоккейіне түскен. Оған себеп не?

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан келген хабарламада төмендегідей жауап көрсетілген.

"...Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылдан бастап басқармамен «Ақжайық» допты хоккей кәсіби клубын мемлекеттік қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылданды.

Бүгінгі күні Қазақстанда допты хоккейден кәсіби лига жоқ. Сондықтан «Ақжайық» допты хоккей командасы бүкілресейлік лигаға қатысуға мәжбүр.
Және бұл бүкілресейлік лигаға Қазақстаннан қатысатын жалғыз команда. Бұл жағдайда бюджет құралдары Ресейде кері қайтарымсыз қалады. Сондай-ақ команданың соңғы жылдардағы нәтижелері де аса көңіл қуантпайды.

Осыған орай, кәсіби клубты қаржыландыруды тоқтату және үнемделген қаражатты балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға бағыттау туралы шешім қабылданды.
Көпшілік ойлағандай, допты хоккей жабылмайды. Допты хоккейдің дамуы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жалғастырылады. Бапкерлер осы спорт мектептерге орналастырылады" делінген хабарламада.

Қалай болғанда да құрама команданы тарату ақылға қонбайды. Бізде қит етсе Президент айтты деген желеу бар. Президент допты хоккейден Қазақстан құрамасы тарасын демеген шығар. Кім білсін, бірақ.

Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале