9.11.2022, 9:30
Оқылды: 35

БҚО-ның Бөрлі ауданында 10 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында 10 603 адам жер кезегінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

03b3f6e5b0f25edd49642b6422b10499

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 8 898-і аудан орталығы Ақсай қаласының үлесіне тиеді, қалғаны – ауылдарда.

Оның сөзіне қарағанда, кезекте тұрғандарға Ақсайға қарасты Аралтал шағынауданынан 1 200 жер телімі беріліп жатыр. Күні бүгін 800-ден астам жер телімі ресімделіп, тұрғындарға үлестірілді. 400-дей жер телімі ресімделу үстінде.

Бұдан басқа Бөрлі ауылында жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында сумен жабдықтаудың инженерлік желілері тартылуда. Сонымен қатар газ және электр желілерімен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 680 азаматқа жер телімі беріледі.

Сол секілді Ақсай қаласындағы тағы бір шағынауданда 820 жер теліміне электр және газ желілерін тарту жұмысы биыл бітіп, сосын сумен қамту басталады.

Аудан әкімінің айтуынша, 2 701 адам жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегіне тіркелсе, соның 218-і – көпбалалы отбасылар.

«Бөрлі ауданында көпбалалы отбасылар саны артып келеді. Мемлекет тарапынан мұндай санаттағы тұрғындарға ұдайы көңіл бөлінуде. Биыл 10-шағынаудандағы жаңадан салынған үйден көпбалалы отбасыларға 51, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға 40 жалдамалы пәтердің кілті тапсырылды», деді Е.Ихсанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жеке тұрғын үй құрылысы үшін 764 жер телімі берілгенін жазған едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале