8.02.2022, 16:30
Оқылды: 110

БҚО тұрғындары әдемі нөмір алуға 142 млн теңге жұмсаған

Батыс Қазақстан облысында өткен жылы автокөлік иелері (536 адам) әдемі нөмір алу үшін 142 млн теңге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, көлікті сатып алу және ресімдеу кезінде әрбір азамат мемлекеттік нөмір алуға міндетті.

Клиент мамандандырылған бөлімде ұсынылған нөмірлерден таңдау жасау кезінде «жоғары сұранысқа ие» нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптерді қолдана отырып, өз қалауындағы нөмірге әкімшілік полиция басқармасына жолығу арқылы тапсырыс бере алады.

–Керекті нөмір бос болса, бір айдың ішінде мамандандырылған бөлімнен келіп ала алады. Көлік құралын сатқан жағдайда клиенттің VIP-нөмірді өз атына қалдыру құқығы бар. Тек мамандандырылған бөлімге уақытша тапсыру керек. Қарапайым нөмірлік белгінің құны – 2,8 АЕК немесе 8 576 теңге. «Жоғары сұранысқа ие» нөмірлер құны 174 591 теңгеден 872 955 теңгеге дейін тұрады, – дейді Нәдір Шамұратұлы.

2

Оның сөзіне қарағанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге бағытталған жаңа сервистерді тұрақты түрде енгізуде. Соның бірі – QR-кодтың көмегімен екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы мемлекеттік баж салығын төлеу. Нәтижесінде фронт-офистердің клиенттеріне кассаларға кезекте тұрудың және ХҚО мамандарына қайта жүгінудің қажеті жоқ.

Өткен жылдан бері табысты іске асырылып келе жатқан жаңа сервистердің ішінен – екінші деңгейдегі банктердің, атап айтқанда kaspi және homebank мобильді қосымшалары арқылы автокөлікті қайта тіркеуді атауға болады. Бұрын автомобильді тек мамандандырылған бөлімде тіркеуге болатын. Қазір автокөлік иелері автокөлікті eGov.kz порталы және Kaspi, homebank қосымшалары арқылы қайта тіркей алады. 2021 жылы аталған электрондық құралдар арқылы 20 мыңға жуық автомобиль тіркелді, бұл көлікті қайта тіркеу бойынша көрсетілген қызметтердің жалпы санының 23,5 пайызын құрайды.

«2022 жылдың қаңтар айынан бастап Оралда ХҚО-дан клиенттің мекенжайына дейін дайын құжаттарды жеткізу қызметі енгізілді. Оған 150-ге жуық мемлекеттік қызмет енгізілген. Олардың ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер телімдеріне арналған актілер, білім туралы құжаттарға апостиль қою, мұрағаттық анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және т.б. құжаттар дайын болғаннан кейін клиентке мекенжайына құжаттарды жеткізуді ресімдеу үшін web-бетке дербес сілтемесі бар SMS-хабарлама келіп түседі. Клиент өтінімді толтырғаннан кейін құжаттарды жеткізу 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қызмет –ақылы, қала бойынша жеткізу құны – 970 теңге», деді Н.Құрымбаев.

Сондай-ақ автокөліктің техпаспорты мен мемлекеттік нөмірін үйге жеткізу сервисі де бар. Автомобильді онлайн қайта тіркегеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлік алу үшін мамандандырылған бөлімге барудың қажеті жоқ. Қызметке eGov.kz порталында тапсырыс беруге болады. Қызмет құны – 2240 теңге.

Филиал директорының айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақыны проактивті тағайындау қағидатын енгізді. Енді отбасында төртінші және одан кейінгі бала туған жағдайда аналарға туу туралы куәлікті, баланың туылуы және күтіміне тағайындалатын жәрдемақымен қоса көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақыны да проактивті тағайындауға смс-хабарлама жіберіледі.

Бұрын осы төлемді ресімдеу үшін ХҚО-ға жүгініп, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерін ұсыну қажет болатын. Жаңашылдық клиенттерге халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне аяқтай барып, уақыт пен ресурстарды шығындамауға мүмкіндік береді.

Бұл жәрдемақыны төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасылар ала алады.

Сонымен қатар баланың туылуына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны ресімдегісі келетін азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан (эксаумақтық қағидат бойынша) елдің кез келген ХҚО-на жүгіне алады. Бұрын осы жәрдемақыны алу үшін ХҚО бөлімдерінде азаматтардың тұрақты мекенжайының болуы және тіркелген жері бойынша ғана жолығуы талап етілетін.

Эксаумақтық қағидат азаматтардың баланың туылуы мен бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тіркелген мекенжайына қарамастан, елдің кез келген ХҚО-нда ресімдей алады.

Сондай-ақ баланың туылуына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны кaspi және homebank мобильді қосымшалары арқылы смартфонның көмегімен ресімдеуге болады. Банкке барудың, арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ. «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде қажетті деректерді көрсетіп, смс көмегімен өтінім жіберсе жеткілікті.

БҚО бойынша 2021 жылы баланың туылуына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты 14 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың нәтижесімен салыстырғанда, 9 пайызға өскен.

Н.Құрымбаев өз сөзінде жылжымайтын мүлікті екі сағат ішінде тіркеуге болатынын жеткізді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бастамасымен ҚР Әділет министрлігі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізді. Енді нотариуста жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жасалған мәміледен кейін клиент қалауы бойынша қосымша төлем жасап екі сағат ішінде жеделдетілген тәртіппен мемлекеттік қызметті ала алады.

Қызмет көрсету уақытын қысқарту әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді.

Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» каѕрі банкімен бірлесіп, нотариус арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін алынатын мемлекеттік баж салығын кaspi.kz мобильді қосымшасы төлеу мүмкіндігін іске асырған болатын. Ал оған дейін нотариаттық мәміле жасалғаннан кейін нотариус құжаттардың электрондық көшірмелерін бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы тіркеуге жібереді де, мәміле процесін толығымен аяқтау үшін азаматтар банктердің немесе Қазпочтаның кассаларын іздеп, төлем түбіртегін ұсыну үшін нотариусқа қайта жүгінуге мәжбүр болатын. Процесс әлдеқайда жеңілдетілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

«Жалпы, «Азаматтарға арналған үкіметтің« қызметі бірнеше бағыттан тұрады, олар: халыққа қызмет көрсету бөлімдері; әлеуметтік қызмет көрсету: зейнетақы, жәрдемақы тағайындау; жер кадастры және жылжымайтын мүлікті тіркеу саласындағы қызметтер. Филиалда 658 қызметкер болса, соның 30-ы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазіргі уақытта облыс бойынша 72 бос жұмыс орны бар. Барлық қалалық және аудандық бөлімдерге әр түрлі лауазымдарға қызметкерлер қажет. Негізінен халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне, тіркеу және жер кадастры бөлімдеріне мамандар қажет. Бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты мемлекеттік корпорацияның www.gov4c.kz сайтынан немесе www.enbek.kz сайтынан алуға болады. 694 мемлекеттік қызметтің 665-і мемлекеттік корпорация арқылы, eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы 637 қызмет көрсетіледі. 2021 жылы біздің филиал арқылы 531 275 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде аса сұранысқа ие: 126 422 электрондық сандық қолтаңба берілді, 77 751 жеке куәліктер мен паспорттар берілді, автомобильдерді тіркеу бойынша 64 282 қызмет көрсетілді, 52 285 жылжымайтын мүлік тіркелді және 47 537 жүргізуші куәлігі берілді», деді Н.Құрымбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ресей нөмірін таққан көліктерді 102 мың теңгеге тіркеп жатыр деген ақпараттың фейк екендігін жазған болатынбыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале