18.06.2020, 9:35
Оқылды: 166

БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры қызметінен кетті

БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова қызметінен кетті.

Kaiypov

Ол өз еркімен жұмыстан кету жөнінде екі мәрте өтініш түсірген. Н.Ахметованың сөзіне қарағанда, аталған мекемеде өңірде коронавирустың кеңінен таралуына байланысты бірқатар күрделі мәселе туындаған. Емдеу мекемелерінде оңтайландыру жүруіне байланысты ауруханада төсек-орындардың тең жартысы қысқартылғандықтан, індет басталғаннан-ақ орын жетіспеушілігі байқалған. Бұған медицина қызметкерлерінің тапшылығы қосылған. Олардың бірқатары наурыздан бері үйіне бармай, қызмет атқарса, бірқатары өздері індет жұқтырып, емделуде. Қазіргі таңда дәрігер болып жұмыс істейтін қызы коронавируспен ауырып қалғандықтан, Н.Ахметованың өзі де үйде оқшаулануда. Бұдан бұрын жазғанымыздай, өңірде коронавируспен ауырғандардың көптігіне байланысты аталған мекеме науқасқа толып қалып, қалалық көпбейінді ауруханада қосымша орындар ашылуда. Бұл жөнінде мәлім еткен БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов Надия Ахметованың қызметтен неге кеткендігін айтты.

Қазақпарат тілшісі Б.Қаюповтың «Ол бұдан бір ай бұрын қызметтен кету жөнінде арыз жазған болатын. Ол кезде мен сабыр етуін өтініп, өтінішін қанағаттандырмаған едім. Бірнеше күн бұрын екінші мәрте өтініш түсірді, бұл жолы қол қойдым. Біздің арамызда талас-тартыс болған жоқ. Бәрі де жұмыс бабында, өз орнымен шешілді. Осындай қиын жағдайда жұмыс істеудің оңай еместігін түсінемін. Қазіргі кезде директордың міндетін уақытша басқа адам атқаруда», – деген сөзін келтіреді.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале