17.04.2020, 11:02
Оқылды: 96

Блокбекетте бақылау жіті

Күшейтілген карантин режімі енгізілген күннен бері облыс аумағына 90-ға жуық блокбекет қойылды. Олардың тоғызы Орал қаласының аумағында орналасқан. Жақында осы блокбекеттердің жұмысымен танысу мақсатында «Бортау» маңындағы №2 бақылау бекетінде болдық.

smart

Күрежолдың бойында орналасқан бұл бекеттен негізінен транзиттік бағыттағы жүк көліктері өтеді. Аталған бекетке жауапты  БҚО полиция департаментінің тылды қамтамасыз ету басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ержан Ерғариннің айтуынша, күніне аталған бекеттен орта есеппен 400-ге жуық көлік өтеді екен. Бұл бекет арқылы қалаға кірушілер көп те, шығып кетуші аз. Ел-жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші қызметкерлердің жұмысы қызу қазір. Әр көлікті жіті тексеріп, жүргізушілердің денсаулығы қадағалануда. Аталған орында күндіз бес полицей, екі әскери қызметші, бір кезекші, бір мейірбике барлығы 9 адам жұмыс атқарса, түнде 10 қызметкер күзетке түседі. Әр кезекші топ тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді.

smart

smart

Бүгінде блокбекетке арнайы лашықтар орнатылып, демалуға және тексеру жүргізуге арналған шағын үйшіктер қойылған. Қызметкерлер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқандықтан, демалуға уақыт жоқ. Байқағанымыздай, өткен әр көліктің мемлекеттік нөмірі жазылып, жүргізушінің де аты-жөні арнайы дәптерге тіркеледі. Рұқсат  қағаздары бар, жергілікті әкімдіктің арнайы базасында тіркелген және саяжайға бара жатқандар барынша тез жіберіледі. Ал індет дерегі көбейіп тұрған Атырау, Ақтөбе облыстарынан келе жатқан және шетелдік көліктер мұқият тексеріледі. Қаланың ішімен өтетін немесе облыс орталығына жүк алып келген аутокөліктер патрульдік экипаждың бақылауымен ғана діттеген орындарына бара алады.

– Өңіріміздің бас санитарлық дәрігерінің енгізген қаулысында көрсетілген арнайы көліктер мен мекеме қызметкерлерінен бөлек түрлі қайғылы жағдайға тап болған немесе емделуге бара жатқан азаматтарымыздың өтуіне еш кедергі туғызбауға тырысамыз, – дейді Е.Ерғарин.

Жоғарыда айтқанымыздай, блокбекетте полицейлерден бөлек мейірбикелер де қызмет атқаруда. Ақ халаттылар әр жолаушының қызуын тексеріп, оларға арнайы сауалнама толтыртады.

– Негізінен Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалалары мен шетелден келе жатқан көліктердегі жүргізушілер мен жолаушыларды тексереміз. Осы күнге дейін ауру белгілері бар адам кездеспеді, – дейді №6 емхананың мейірбикесі Индира Жалғасбаева.

Медқызметкерлер де барлық қажетті құралдармен қамтылған. Ауру белгілері бар азаматтар ұшырасқан жағдайда бірден «жедел жәрдем» шақырып, науқасты қосымша тексеруге жолдайды.

Бұл жерде негізінен Зашаған кенті әкімдігінің қызметкерлері кезекшілік атқарады. Кент әкімі аппаратының ұйымдастыру қызметінің басшысы Рүстем Мүтиевтің сөзінше, әкімшілік мамандары саяжайға қарай баратын тұрғындардың тізімін жасақтап, олардың кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз етумен айналысады.

– Кент әкімшілігі жергілікті кәсіпкерлермен келісіп, блокбекеттегі қызметкерлерді күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Қызметкерлердің жатын орны, жұмыс орындарының жайлылығы мен жылы болуын да қадағалап тұрамыз, – дейді Рүстем Ситонұлы.

Бүгінгі таңда бақылау бекетінің жұмысы жүйеленген. Кезекшілік қызметте жүрген әскерилердің айтуынша, алғашқы күндері халық арасында түсініспеушілік көптеп орын алыпты. Карантиндік аймақ режімін сақтамай, қарсылық танытқандар да болған.

– Қалыптасқан жағдай ешкімге оңай соғып тұрған жоқ. Бұрын «Радуга 555» саяжай аумағына оңай жетуші едік. Қазір аздаған қиындықтар туындап жатыр. Десе де, полицейлер де, әкімдік қызметкерлері де түсіністікпен қарайды. Құжаттарымыз дұрыс болса, еш қиындықсыз өтеміз. Оның үстіне сенбі күні саяжайға барып, жексенбі қайтуға болады. Бұған дейін сәрсенбі және сенбі күні болған. Барлық қиыншылықты түсіністікпен, татулықпен жеңейік, – дейді Лариса Чеганова есімді қала тұрғыны.

 Түгелбай Бисен

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале