15.04.2020, 19:08
Оқылды: 114

Блокбекеттерде жағдай тұрақты

Еліміздегі төтенше жағдайға орай Батыс Қазақстан облысы орталығына кіреберіс жолдар бойынан тоғыз блокбекет қойылған болатын. Бүгінде бұл блокбекеттердегі жұмыс бірқалыпты жүргізілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында айтылды.

C28D9124-BB2B-4E6B-A22B-61218DA1BF7D

Қалаға келетін көліктер мен жолаушыларды тексеруге арналған орындарда облыстық полиция департаменті мен прокуратура қызметкерлері, медицина мамандары, қала әкімдігінің өкілдері мен арнайы Алматы облысынан жұмылдырылған әскерилер тәулік бойы тексеріс жүргізуде.

- Бұл Самара тасжолы бойына қойылған №4-ші блокбекеттен орташа есеппен әр күн сайын 200-дей көлік өтеді. Арнайы анықтамамен Тасқала, Бәйтерек ауданынан облыс орталығына келіп жұмыс жасайтындар да жетерлік. Адам көп шоғырланатын орын болғандықтан блокбекеттер тәулігіне бірнеше мәрте зарарсыздандырылады. Өткізу орнында қызмет атқарып жатқан адамдар мен облыс тұрғындарын короновирус инфекциясынан қорғау мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Блокбекеттерде кезекшілікке тұратындар толықтай қорғаныс құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ індеттің таралуын болдырмау мақсатында қызмет етіп жатқан сала мамандары ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілуде. Айта кетейін, осы блокбекеттер жаңадан жасақталған сәтте еріктілер өз батамаларымен қолдау білдіріп, қызметте тұрғандарды ыссы тамақпен қамтыды. Қиын уақытта қамқорлық танытқан жанашыр жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-деді шаһар басшысының кеңесшісі Жандос Дүйсенғалиев.

Қала әкімшілігі маманының айтуынша, жоғарыда аталған аудандардан келетін шаруа қожалық және азық-түлік дүкендерінің иелеріне арнайы жасақталған тізім бойынша қалаға кірулеріне рұқсат беріледі. Соңғы шыққан ережеге сәйкес олар «www.stopcovid.kz» сайтына тіркелуі керек.

-Елдегі орын алып жатқан жағдайға байланысты тәртіпке бағынып, бір ай бойына үйден шықпауға тырыстық. Шаруамен айналысатын болғандықтан көктемгі егіс жұмыстарына да қамдануымыз керек. Бүгін арнайы техникаларыма қосымша құрал-жабдықтар қажет болғандықтан облыс орталығына келдім. Блокбекеттердегі жұмыс талапқа сай атқарылуда. Арнайы сайтта аты-жөнім болғандықтан еш қиындықсыз өттім. Өткізу орындарының мамандары тарапынан еш дөрекілік немесе артық талап қоюды байқаған жоқпын. Келген жұмыстарым біткесін кері ауылыма қайтып барамын,- деді тасқалалық «Аманбаев» шаруа қожалығының жетекшісі Сарытау Аманбаев.

Нұрбек Оразаев

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале