9.01.2024, 12:15
Оқылды: 46

Болашаққа бағытталған білім

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 2023 жылды тамаша іс-шарамен тәмамдады. Аталған жоғары оқу орнының 25 жылдық мерейтойына арналған «Болашаққа бағытталған білім» атты салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы БҚО филиалының ғимаратында өтті. Қонақтар ең әуелі арнайы жасақталған көрмемен танысты. Бұл көрмеде университеттің есімі елге белгілі түлектері, үздік студенттердің жетістіктері, тәжірибелі оқытушы-профессорлардың ғылыми еңбектері және осы оқу орнында ұзақ уақыт бойы қызмет еткен білім саласының ардагерлері туралы мәлімет жинақталған.

0H1A2804 (2)

Бұдан соң мерейтойлық жиын басталып, бір­лігі жа­расқан ұжым жайлы егжей-тег­жей­лі мағлұмат қамтылған бейнебаян көрсетілді. Содан кейін облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы, университеттің 2014 жылғы түлегі Мирфат Бисекенов пен «Amanat» партиясы БҚО филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы, университеттің 2009 жылғы түлегі Гаухар Шайхиниязова «БҚИТУ – тарих және болашаққа бағдар» атты кітаптың тұсауын кесті. Бұл жинақта университеттің ширек ғасырлық тарихынан сыр шертіліп, оның осы жылдар аралығында бағындырған белестері жайында айтылады.

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауы оқылды. Құттықтауда: «БҚИТУ – өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп келе жатқан іргелі оқу орны. Бұл ұжым ғылым мен білімді өркендету мақсатында тынымсыз еңбек етіп, жетістіктерге жетті. Бәсекеге қабілетті маман дайындау, осы бағытта жүйелі жұмыс істеу – басты міндетіміз. Мақсат-мұраттарыңыз орындалып, жоба-жоспарларыңыз жүзеге аса берсін!» делінген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та университет ұжымының әлі талай биікке шығатынына зор сенім білдірген.

– Мемлекетіміздің дамуы жолында жоғары оқу орындары үлкен рөл атқарады. Себебі, ауқымды жұмыстарды жүргізу үшін білімді де білікті мамандар ауадай қажет. БҚИТУ-ды тәмамдаған түлектер бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Сол түлектерді оқытқан, тәрбиелеген оқытушы-профессорларға табыс тілеймін! Үлгілі, үздік шәкірттеріңіз көп болсын! Біз өздеріңізді қолдауға қашанда дайынбыз, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов тәжірибелі оқытушы-ғалымдар – Баян Жұмақаева мен Ұлдай Дауқариеваны «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Оған қоса бірқатар сала маманына «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасын табыстады.

ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың ақ тілегі бейнебаян арқылы БҚИТУ ұжымына жеткізілді. Содан соң Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Бекболат Шакешев сөз алып, алдағы уақытта атқарылатын игі жобалар жөнінде аз-кем мағлұмат берді. Оған қоса саланың бірқатар білікті маманына білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орденді, алтын, күміс және қола медальды табыстады. Марапатталғандар қатарында Мұрат Сабыр, Светлана Бахи­­шева, Аққайың Балықова, Азамат Мамыров және Марат Ажғалиев сынды оқытушы ғалымдар бар.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Қазыбай Бозымов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма төрағасы – ректор Асқар Наметов, Қазақ­стан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Әліби Баяхов, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жө­ніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов БҚИТУ ұжымын мерейтоймен құттықтап, сый-сияпат ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар алыс-жақын шетелдегі оқытушы-ғалымдардың құттықтауын бейнебаян арқылы тыңдады.

5f7d64b9-8c52-4607-96b5-b5c4a579934a

Бұл салтанатты іс-шара концертік бағдарламаға ұласып, өңірімізге белгілі өнер иелері, оқытушылар, студенттер өлең оқып, күй тартып, ән шырқап, би билеп, көрерменді тәнті ет­ті. Концерт соңында Бекболат Теміржанұлы 25 жылдық мерейтойға орай шығарылған «Батыстың білім мекені» атты университет әнұранының сөзін қағазға түсірген ақын Ғайса-Ғали Сейтаққа, әнін жазған сазгер Ербол Ақбасовқа алғысхат ұсынды.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале