31.01.2023, 9:31
Оқылды: 467

Болмысы оның бірегей

Ақ Жайықтың бүгінгі сөз ұстар абыз ақсақалдарының бірі, өңірде әлденеше жауапты қызметтер атқарған қоғам қайраткері, көрнекті публицист, Қазақстанның құрметті журналисі Тихон Әліпқалиұлының ғұмыр кешкен ғибратты жасы осы күндері сексеннің сеңгір биігіне шығады. Журналистік жолымызды бірге бастап, қанатымызды қатар қаққан әріптесіміз, ниеттес, рухтас досымыздың  өмір жолы, тындырған танымды істері Жайық жұртына жақсы мәлім екенін есепке ала отырып, осы бір шағын естелік жазбаларымда оның тұғырлы тұлғалық портретін қатарластары мен қаламдастарына ғана мәлім кейбір штрихтармен толықтыра түсуді жөн көрдім.

IMG-20230131-WA0002

Байқауымша, біздің Тәкеңнің мұхит суындай мол сөздік қорында «біртуар», «бірегей» деген салмақты сөздердің алар орны ерекше секілді. «Феномен», «уникум» дегендей, сөзбен ұғысатын барлық халықтарға ортақ ұғымдардың қазақша баламасына ол әманда іш тартып тұратындай. Және де сөз қадірін өз қадірім деп білетін қаламгер оларды жеңіл-желпі мәтіндерге орынды-орынсыз тықпалай бермей, екшеп қолданады. Ал маған салса, қалам иесінің өзі ұнататын осы бірегей терминдерді оның өз басының тұлғалық қасиеттеріне қатысты қолданса, әбден лайықты болып көрінетіні бар.

Алдымен, оның өзгелерден жаратылысы бөлек. Әдетте, елден ерекшеленгісі келіп қанша тыраштанса да, бәрібір көптің ішінде көміліп кете беретін елеусіз адамдар болады емес пе, ал бұл кісі ондайлардың қатарынан емес. Келе қалған ортасының назарын өзіне бірден аудартады. Жаратылысы солай. Бұл қасиетін баяғыда, алпысыншы «жылымық» жылдары Тәкең облыстық газет редакциясында қызмет атқарып жүрген біздің – бір топ оралдық жас журналистің ортасына келгенде-ақ байқағанбыз. Қалың өскен ұзын шашын, аракідік басын шұлғи, желкелігіне қарай серпіп тастап, санап басып, самарқау адымдап келе жататын осынау сырықтай ұзын бойлы сыптығыр жігіт әп дегенде төңірегіне мойнын бұрып, назар аудара қоймайтындай, әлдебір паң кейіпті болып көрінген. Өзінің бағасын білетін ересек адамдай, айналасына жоғарыдан қарай ма дерсің. Төңірегін елей бермейтіндей дараланып, оқшау жүргенді ұнататын секілді. Тура бекзат бітім. Сосын біздің көбіміз «түскі шайдың» уақыты келгенде, өзіміз үшін үйреншікті болып алған «Сәлем» дәмханасына қарай құласақ, ол Оралдың орталық көшесінде орналасқан жалғыз «Березка» мейрамханасынан түстенеді... Сөйтсек, алғашында бізге тосын көрінген бұл әдет-дағдылары оның қолдан жасап алған әлдебір өңмендігі не менмендігі емес, Жасаған иенің пешенесіне еншілеп берген жарасты жаратылысы екен.

Қызметке тұрғаны да өзгеше болды. Ол жұмысқа келген облыстық газеттің редакциясы бүкіл өңірдің тізгінін ұстап отырған облыстық партия комитетінің бірден-бір және тікелей органы еді. Мұндай салмақты мекемеге көлденең көк атты қызметке қабылдана бермейтіні тағы түсінікті. Ал мына сұрша жігіт болса, өзі оқып жүрген оқу орнын әлі аяқтай қоймаған студент бола тұра, редакция аппаратына басқа емес, сол облыстық партия комитетінің өзінің, дәлдеп айтқанда, оның білдей бір идеологиялық бөлімінің тікелей нұсқауымен жолданған (айтпақшы, келістірейін десе, Құдайдан өткен шебер жоқ қой, көп кейін, арада әлденеше жылдар өткенде Тәкең өзін болашақ кәсібін айқындап берген қызметке жұмсаған обкомның нақ сол идеологиялық бөлімінің басшылығына бекіп еді-ау).

Кейін білдік қой. Жастайынан санасы ашық, оқыған-тоқығаны мол, ал адами амбициясы одан да зор, шәкірт шағынан шындық үшін шырқырап дағдыланған студент Тихон Әліпқалиұлы өзі оқып жүрген педагогикалық институтта бірқатар жөнсіздіктің бетін ашып, факультеттің деканатымен, қала берді, тіпті институттың ректоратымен «майдандасқан» екен. Қолында билігі бар жақ қойсын ба, институт басшылығы, ақыры, өздері айтатындай «партизан» студентті оқу орнынан шығарып, одан біржола құтылмақ болған. Бірақ оған көніп, құйрығын бір сипап алып, жөніне кете беретін Тәкең бе. Институт басшылығының қыспағынан қаймықпақ түгіл, қайта бұрынғыдан бетер ширыға түскен шыншыл шәкірт енді тура облыстық партия комитетінің өзіне шағым түсіріп, араша сұраған. Бұл текетіресте шәкірт жағын қолдап шыққан партиялық мекеме (әй, қайтсе де ол заманда әділдік бар еді-ау) оқудан шығарылғалы жатқан студентті оқуына қайта қабылдатып жатпай-ақ, оны бірден қызметке, қызмет болғанда да, шындық іздегеннің қолына шырақ ұстатқандай етіп, партиялық газеттің редакциясына қызметке жолдаған ғой.

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №9 (211194, 31 қаңтар 2023 ж) нөмірінен оқи аласыздар!

 

Ғарифолла Көшенов,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

Алматы  қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале