2.06.2022, 13:00
Оқылды: 120

Бүгінгі жастар қандай болса, елдің болашағы да сондай

Орыста «Бақыт басқа қонбап еді, бақытсыздық сеп болды» деген мақал бар. 1991 жылдың соңында Кеңес одағы ыдырап, еліміз егемендікке қол жеткізгенде солай деп ойлап едік. Тәуелсіздік бізге оп-оңай келе салмағанын кейін барып түсіндік.

2

Енді, міне, қаңтар қасіретінен кейін бәрі де – билік те, халық та, азаматтар да өзгере бастады. Әдетте жылдап күтетін жаңалықтар төрт-бес айдың ішінде бірінен соң бірі жарық көріп жатыр. Уақыт талабы халықтың қалауы осыған алып келді. Алда болатын референдум да аса маңызды жаңалық болғалы тұр.

Бұрын да Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ олар жоғарыдан, халықтың тікелей қатысуынсыз Парламент, депутаттар арқылы іске қосылды. Бұл жолғы референдумның жөні басқа. Мұнда Президенттің наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ірі саяси реформалар бағдарламасы бүкіл халықтың талқысына ұсынылып отыр. Билік халықтың пікірін білгісі келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдумға байланысты бейнеүндеуінде оның мақсаты, қабылданатын Конституциялық реформалардың мән-жайы нақты көрсетілді.

Бәріміз бірігіп құратын Жаңа Қазақстанның екінші анықтамасы – Екінші республика. «Res publica» деген латын сөзі қоғамдық іс, яғни көптің ісі дегенді білдіреді. Елді жаңарту мен жаңғырту ісіне бүкіл халық атсалысады деген сөз. Азаматтардың абыройы да, жауапкершілігі де артады. Енді «Саясаттың маған қатысы жоқ» деп ешкім қарап отыра алмайды.

Жаңа Қазақстанның тағы бір нақты анықтамасы әділетті Қазақстан болуы керек. Халқымыз жылдар бойы әділдікті аңсап, соған қол жеткізе алмай келіп еді. Енді әділеттілік қағидаты салтанат құратын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгеннен бері әділеттілік ұстанымын алға тартып келеді.

Референдум арқылы Конституцияға көптеген өзгерістер енгізілетін болып тұр. Соның нәтижесінде елімізде демократиялық үрдіс нығая түседі, нақты демократия іске қосылады. Бұрын халық пен биліктің арасында немқұрайлылық, сенімсіздік белең алды. Билік қарапайым халыққа назар аудармады. Тек соңғы кезде Президенттің бастамасымен Парламент те, үкімет те халыққа бет бұра бастады, халықтың пікірімен, мүддесімен санасатын болды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деп айтуға мүмкіндік туды. Президент қоғам мен биліктің тиімді диалогін орнатуға күш салып келеді.

«Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев, саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды». Сондықтан да Конституцияға өзгертулер енгізу қажет болды.

Енді Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейеді. Бұрын Мәжіліс заң жобаларын қарастырып мақұлдаумен шектелетін еді. Енді оған сол заңдарды қабылдау құзыреті беріледі. Сенат енді заңдарды қабылдаумен емес, мақұлдау немесе мақұлдамау ісімен айналысады. Бұл – ықпалды Парламент құруға бағытталған нақты қадам.

Тағы бір жаңалық – бұрынғы Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылады. Конституциялық кеңеске кез келген адам жүгіне алмайтын еді. Өйткені ол – сот емес, саяси құрылым (орган). Енді Конституциялық сотқа конституциялық құқығы бұзылған адамдардың бәрі жүгіне алады.

Өз басым, референдумның ойдағыдай өтетініне, Конституциядағы өзгерістерді халық-
тың қолдайтынына күмәнданбаймын. Менің күтетінім – ұсынылған тарихи мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қоғам болып, жеке адам болып, демократиялық жаңғыру жолымен алға жылжу.

Аға ұрпақтың өкілі ретінде, ұстаз ретінде жастарға айтар тілегім: референдум да, онда қабылданатын Конституциялық реформалар да түбінде сіздер үшін жасалып жатыр. Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құратындар, ең алдымен, сіздерсіздер. Сіздер қандай болсаңдар. Жаңа Қазақстан да сондай. Осыны есте ұстап, ынталы, жігерлі, белсенді, елін, халқын сүйетін отаншыл болуға талпыныңдар, айналайындар!

Бізде мүмкіндік жетеді. Елдің ертеңі үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан референдумға үлкен-кішіміз түгел қатысайық!

Тілекжан Рысқалиев,

философия ғылымдарының докторы,

профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале