23.08.2022, 9:16
Оқылды: 127

Буллингті қалай бұғалықтадым?

«Орал өңірі» газетінің №42 санынан журналист Гүлжамал Жолдығалидың «Мектепте әлімжеттік әлі бар ма?» атты мақаласын оқып, өз тәжірибеммен бөліскенді жөн көрдім.  

Children bullying little boy with backpack indoors

Фото: www.art-lyceum.ru

2022 жылы 3 мамыр күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. «Бала құқықтары туралы» және «Білім туралы» заңдарда баланы қудалауды анықтайтын буллинг ұғымы енгізілген. Заңға сәйкес баланың қудалаудан  қорғану құқығы бекітілген. Баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті құрылымның буллингтің алдын алу қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреті енгізілген. Мемлекетіміз балаларды буллингтен, кибербуллингтен қорғауға арналған тиісті заңдар шығарды. Кәсіби қызмет саласына байланысты бұл заңдардың іс жүзінде жұмыс жасауын қамтамасыз етуге жауапты адамдардың қатарына өзім сияқты интернат тәрбиешілерін де жатқызуға болады.

e7c43f7a5d32e91a019b11f4b0a1bd04

Фото: dszn.ru

Менің мұғалім ретінде 10 жыл, тәрбиеші қызметінде 9 жыл еңбек тәжірибем бар. Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған  Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында интернат тәрбиешісі  болып жұмыс істегеніме 7 жыл болды. Оқушы кезімде өзім де қазіргі еңбек етіп жүрген интернатта екі жыл оқыған болатынмын. Сол себепті интернаттағы ер балалардың мінез-құлқының өзіндік ерекшеліктері, интернат өмірінде кездесуі мүмкін қиындықтар маған жіті таныс. Интернаттағы ер балалар арасында болуы мүмкін әлімжеттіктің алдын алуға қажетті іс-шаралар жөнінде интернат тәрбиеленушісі тұрғысынан да, тәрбиеші ретінде де жеке тәжірибеме негізделген өзіндік ой-тұжырымым бар. Мен қазіргі таңда тәрбиеші болып қызмет істейтін  мектептің жанындағы интернатта ер балалардың арасында буллинг жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Себебі интернатта тек облыс аудандарынан келіп, тестілеу жұмыстарын тапсырып, емтиханнан өту арқылы іріктелген, тәртібі жақсы, танымдық қабілеттері жоғары, дарынды ер балалар тұрып жатыр. Интернат тәрбиеленушілерінің  тәртібі күндіз-түні тәрбиешілердің  бақылауында болады. Мектеп-интернат және ата-аналар арасында жасалған келісімшартқа сәйкес интернаттың тәрбиеленушілері ішкі тәртіп ережелерін бұзбауы тиіс. Тәрбиешілер ішкі ережелердің сақталуын үнемі қадағалайтын болса ғана,  интернаттағы ер балалардың  ұжымында, бейнелеп айтқанда, осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағыдай  жағымды психологиялық ахуал тұрақты түрде болатынына  кепілдік беруге болады. Қазақ халқының «Бала, баланың ісі шала», «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер» деген даналық қағидалары ер балалармен жұмыс істейтін мен сияқты тәрбиешілерге жасөспірімдердің  психологиялық тұрғыдағы өзіндік ерекшеліктерін үнемі ескеріп жүрудің қажет екенін ескерткендей. Интернаттағы жасы үлкен ер балалардың кішілерге інісі ретінде қарап, жасы кіші ер балалар өзінен ересек жастағы балаларға құрмет көрсетуі үшін педагог мамандар бар ынта-жігерін салып еңбектенулері қажет.

Интернатқа ер балалар  10-12 жасында облысымыздың аудан орталықтары мен ауылдарынан келіп орналасады. Алғаш рет интернатқа келген балалар бір-бірімен таныса бастайды. «Баланы жастан» демекші, міне, осы интернатқа  алғашқы келген күндерден бастап  ер балалардың арасынан көшбасшылық қабілеттері мен  коммуникативтілік қасиеттері  жоғары жас жеткіншектерді анықтаймын. Көшбасшы ұлдарды іріктеп, өзім төраға ретінде қызмет атқаратын «Интернаттың ұлдар кеңесі» ұйымының әр сынып бойынша белсенділерін тағайындаймын.

Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев өз заманында «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлең шумақтарын жазып қалдырғанын бәріміз де білеміз. Осы өлең жолдарының мәні мен маңыздылығы, өзектілігі мәңгілік деп есептеймін. Тәрбиеші балалардың қызығушылықтары, армандары, өмір-лік жоспарлары туралы жақсы білуі үшін үнемі балалармен педагогикалық, психологиялық  талаптарға сай әңгімелесіп, пікір алмасқаны дұрыс. Интернаттағы ер балалар үнемі түрлі сипаттағы қоғамға пайдалы іспен шұғылданулары қажет. Оқушылардың тіпті бос уақыттарының өзі  қалай өтетіндігі туралы ақпаратпен тәрбиешісі хабардар болып жүруі тиіс. Алғашқы күннен бастап көшбасшы ұлдар маған интернатішілік тәрбиелік іс-шараларды, би кештерін, спорттық іс-шараларды жоспарлауға, ер балалардың арасындағы түсінбеушіліктерді болдырмау мақсатында іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесе бастайды. Оқу жылының аяғына дейін бекітілген кестелерге сәйкес интернаттағы ер балалар түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатысады. Интернат тәрбиеленушілері оқу жылы бойына көптеген түрлі облыстық білім сайыстарына, спорттық жарыстарға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, ер балалардың іші пысатын, зерігетін уақыттары болмайды. Интернат тәрбиешілері буллингтің алдын алу мақсатында оқу жылы бойына түрлі тәрбиелік іс-шаралар өткізеді. Мұндай тәрбиелік іс-шаралардың нәтижесінде интернаттағы ер балалардың санасында интернаттағы ортада балалар ұжымының ешбір мүшесіне агрессивті мінез-құлық танытуға жол берілмейтіндігі туралы пікір қалыптасады. Интернаттағы ер балалар күндіз кез келген уақытта маған өз бетімен келіп немесе ұялы телефон арқылы хабарласып, өздерінің ұжымында болып жатқан жағдайды хабарлай алады. Менің ер балалардың қорғаушысы екендігіме әр тәрбиеленуші сенімді. Себебі маған ішкі сырын айту мақсатында сұхбаттасуға келген бірде-бір баланың тауын қайтармаймын. Ер балалардың жасөспірімдік әлеміндегі өздеріне шешілместей болып көрінген қарама-қайшылыққа толы сұрақтарына бірлесе отырып шешетін жол табуға үнемі ұмтыламын.

Ербол Кұлбаев,

дарынды балаларға арналған

Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиешісі,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале