22.02.2024, 10:30
Оқылды: 40

Былтыр БҚО-да 3460,6 миллиард теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген

2023 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында 3460,6 млрд теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Соның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларына сәйкесінше 3067,7 және 308,6 млрд теңге тиесілі.

онеркасип

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық  даму басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, өнеркәсіп өндірісінің физикалық көлем индексі (ФКИ) 106,6%-ды құрады. ФКИ дегеніміз салыстырмалы кезеңдердегі тауарлардың, жұмыстың және қызметтердің барлық түрінің өндірісіндегі жиынтық өзгерістерді талдауға, өндіріс үрдісінде өнім шығарудың, жұмыстарды орындаудың және қызмет көрсетудің нақты (физикалық) өсуінің (азаюының) нәтижесінде қалыптасқан құнның өзгеруін көрсететін салыстырмалы көрсеткіш.

Өңдеу өнеркәсібі саласында өткен жылдың қорытындысында 308,6 млрд теңге көлемінде өнім өнді-рілді. Бұл саладағы физикалық көлем индексі 107,4% болды. Мұндай өсімге өңірдегі машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы және жиһаз өндірісі салаларындағы бірқатар зауыт-фабрикадағы өндіріс көлемінің өсуі ықпал етті. Нақтылар болсақ, машина жасау саласында өндіріс көлемі – 1,2 есеге («Орал «Зенит» зауыты» ЖШС,  «Гидроприбор» ҒЗИ», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «ОралАгрореммаш» АҚ-лар), металлургияда – 1,4 есеге («QazExpoCentre-Pipe» ЖШС), құрылыс индустриясында – 3%-ға (ТОО «Гидромаш-Орион-МЖБК», «Стекло-Сервис» ЖШС), жиһаз өндірісі саласында өндіріс көлемі 1,3 есеге («Квант»ЖШС, «Apriori» ЖШС және т. б.) артты.

Өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту бағыты бойынша бірқатар өндіріс орны ашылды немесе кәсіпорындардың өндіріс қуаты ұлғайтылды. Олардың бірі – «Green Spark Limited» ЖШС-ның «Алғашқы молекула» жасыл сутегі өндірісі жобасы. Бөрлі ауданында «ҚПО б. в.» компаниясының қажеттілігі үшін іске қосылған цехта күніне  3 келі жасыл сутегі өндіріледі деп жоспарланған. Елімізде сутегі энергетикасын дамыту маңызды стратегиялық жаңа бағыт саналады. 2023 жылы «Батыс Қазақстан құрылыс материалдар корпорациясы» АҚ-ның силикатты кірпіш өндіретін екінші престеу желісі іске қосылды. Бұрын зауыт жылына 60 млн дана кірпіш өндіретін болса, енді өндірілетін өнім көлемі 70 млн данаға жетті. Сонымен қатар «Пойма май комбинаты» ЖШС майды өңдеп, тазартатын және бөтелкеге құйып шығаратын еуропалық жабдық сатып алып, орнатуда. Жаңа цех күніне 100 тонна май өндіреді.

9b2d9d3f-83ed-4b19-86e3-44317aae7ff0

Фото: tengemonitor.kazgazeta.kz

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале