7.12.2023, 18:00
Оқылды: 50

Дағдарыс орталығын  80  әйел  паналаған

«Отбасы» әлеуметтік орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясына орай семинар-тренинг өтті. Іс-шараға қала мектептерінің психолог, әлеуметтік педагог мамандары қатысты. Жыл  басталғалы қалада тұрмыстық  зорлық-зомбылыққа қатысты 9  қылмыс  тіркелген.

IMG_9631

– Бізге әйелдерден жолдасына қатысты денсаулығына зиян келтіру, айқай-шу шығару, боқтау-балағаттау, тыныштығын бұзу секілді шағымдар айтылған қоңырау жиі түседі. Бұл жағдайда  учаскелік полиция  инспекторлары  шалынған қоңырау бойынша барып қызмет көрсетеді, – деді қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, полиция аға лейтенанты Гүлназ Ибрагим.

Биыл Дағдарыс орталығын отбасынан әлімжеттік көрген 80 әйел паналаған. Олармен психолог, әлеуметтік маман, медициналық қызметкер жұмыс істейді. Қыз-келіншектердің шарасыз жағдайға тап болуының да себебі көп. Бұрын ішімдік ішетін, жағдайы төмен әйелдер Дағдарыс орталығын паналаса, соңғы жылдары тұрмыстық жағдайы жақсы отбасындағы әйелдер де  орталықтан  көмек сұрап, жүгінетін болған.

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелге барлық жағынан көмек көрсетіледі. Ал агрессор сол күйі қалып қояды. Құрбан болған әйел ажырасып, өзімен-өзі кетеді. Екі-үш жылдан кейін ол агрессор басқа әйелге үйленеді. Сөйтіп қоғамда тағы бір әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Сондықтан агрессорға да психологиялық тұрғыда көмек  көрсетілуі  тиіс.

– Бірнеше жылдан бері Дағдарыс орталығында жұмыс істеймін. Осы уақыт аралығында әйелдердің көбінің құқықтық сауатсыздығына куә болдым. Орталыққа көпшілігі құжатсыз келеді. Біразының балаларының туу туралы куәлігі, өзінің жеке төлқұжаты болмай жатады. Біз олармен бірге жүріп, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжатын тіркейміз, бүлдіршіндерін балабақшаға кезекке қоямыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде анасымен бірге балалары да азап шегеді.  Кішкентай кезінен әкесінің анасын ұрып-соққанын көріп өскен ұл бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, әйеліне де соны қайталайтын болады. Ал кішкентайынан анасына әлімжеттікті көрген қыз бала да күйеуге шыққан соң, оны заңдылық деп қабылдап, көніп жүре беруі мүмкін. Соңғы кездері күйеуінің қолынан қайтыс болып жатқан әйелдердің қатары көбейді. Зерттеуде белгілі болғанындай, ол әйелдер өздері сүйіп қосылған жұбайларынан тек сол күні таяқ жемеген. Олар бұл қорлыққа жылдар бойы шыдаған.  Олар  көбіне «Бала үшін шыдадым» дейді де, соңында мүгедек болып немесе өмірмен қоштасып жатады. Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жас жұбайларға  үйленер алдында отбасылық өмір туралы кеңес берілуі керек, – дейді тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Дағдарыс орталығы директорының міндетін атқарушы Мариэтта Даулетиярова.

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кездері ер адам құрбан, әйел агрессор болатын жағдайлар да кездеседі екен. Отбасылық жанжалдарды зерттеген кезде кей жағдайда әйелдің өзі ерін қасақана арандатып, дауды өршіктіріп, мәселені қиындата түскені анықталған. «Сондықтан бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды», – дейді мамандар.

Отбасылық өмірде қиындыққа тап болған әйелдерге қызмет көрсететін Дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орталыққа қажет жағдайда тегін қоңырау шалып, психологиялық, заңгерлік бағытта кеңес алуға  болады.

Гүлжан Ғалым

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале