9.02.2023, 12:00
Оқылды: 71

Дайындық жалғасуда

Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатымен Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Аян Халауедин, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасы Ганмирлан Тұрғаналиев аудан орталығының маңындағы бөгеттерде болып, апаттың алдын алу бойынша жұмыспен танысты.

Бөгет (2)

Биыл жалпы ұзындығы 3 550 метр су өткізетін арналарды тереңдету және тазарту, «Қызыл Ай» Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесіп шаруашылық тәсілімен ІІ Шежін ауылындағы қорғаныс бөгетін (ұзындығы – 100, ені – 5, биіктігі – 3 метр) құру және нығайту, Тасқала ауылындағы Құрманғалиев көшесінде орналасқан арнаны (ұзындығы – 450, ені – 6-10 метр) қалпына келтіру жұмысы жүргізілген. Жауапты мекеме мамандарының айтуынша, су тасқыны кезеңінде ауданда орналасқан барлық мекеме қызметкерлеріне учаскелер бөлініп, бекітіледі. Белгіленген учаскелер бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады және бақылау жүргізіледі. Наурыз айында арықтар мен арналарды, су өткізетін сақиналар мен құбырларды  қардан тазарту үшін сенбіліктер және мұз кесу мен бұрғылау жұмысы ұйымдастырылады. Еріген қар суын соруға ауданда 13 мотопомпа мен 40 тонна инертті материал, 2 000 мың қап дайындалған. Тасқала ауылы бойынша қар шығару жұмысы жоспарға сәйкес атқарылады.

Бөгет (1)

– Бүгінгі таңда Тасқала ауылы аумағында орналасқан мекемелер мен дербес бөлімдерден және білім беру ұйымдарынан бес командалық жасақ құрылды. Олар ауыл ішімен ағатын Деркөл өзені арқылы еріген қар суының кедергісіз өтуі үшін алдын ала апатты аймақтарды анықтап, бекітілген бес аймақтағы қамыс және ұсақ талдарды шауып, 1 100 шаршы метр жерді тазартты. Шараға 52 мекеме, шамамен 110 адам қатысты. Бұл жұмыс наурыз айына дейін жалғасаdды, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі М. Батрашев.

Айтып кетсек, Тасқала ауданында 2023 жылғы су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың ал­дын алу жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауданда қардың қалыңдығы орта есеппен үш сантиметр болса, мұздың қалыңдығы – 42-48 см, жердің тоңы – 60 см-ден астады.

 Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале