27.01.2023, 11:15
Оқылды: 251

«Дала дидары» – ақын атындағы мектепте

Кеше Орал қаласында орналасқан Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектепте «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының әдеби-сазды концерті өтті.

327578728_894940201708699_4134475623921846518_n

Аталмыш мектеп ұстаздары, оқушылары өнерпаздарды құшақ жая қарсы алып, іс-шара барысында қолдап-қошеметтеп отырды.

327566890_584992283014523_6656898253390014683_n

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Талғат Мықи Қадыр қазынасын насихаттау, ақын өлеңдерін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет екенін тілге тиек етті.

327752403_700302221826996_2977271261852930794_n

– Қадыр ақынның есімі осы мектепке берілгенде шын қуандық. Ол – қайталанбас талант. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жеріндегілер ақынның өлеңдерін жатқа соғады. Қадыр ақынның шығармашылығы да соншалықты деңгейде насихатталуы тиіс. Осы бағытта Қадыр орталығы хәл-қадерінше жұмыстанып келеді. «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының құрылғанына 5 жыл уақыт болды. Сол уақыт ішінде Қазақстанның бірнеше қаласында концерт өткізді. Тіпті, шекара асып, Қырғызстанға да барып қайтты. Ұсынысымызды қабыл алған мектеп директоры Нұрлан Саттықовқа мың алғыс, – деді Талғат Жұмабекұлы.

327782953_916693152688659_4399586403002359352_n

Ең әуелі Қадыр ақынның афоризмдері, қанатты сөздері және «Дастарқанның туы – татулық, түйіні – бата», «Қонақ кетеді, қимастық қалады», «Қазақтың жері – жомарт, дастарқаны одан да дарқан» деген секілді қазақтың қонақжайлығы, ақ адал ниеті туралы орамды ойлары оқылды. Қаламгердің сөзіне жазылған әндер мен қағытпа қалжыңдар көрермен көңілін жайнатты.

327556252_733145708487406_5809497526737534887_n

Көшпелі өнер ұжымының мүшелері, өңірімізге белгілі өнерпаздар Альберт Ғазизжанов, Расим Жұмағалиев, Мәди Сабыров және «Інжу», «BatysStar» топтары Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Тамаша», «Өмірің өз қолыңда», «Жол жыры», «Әже туралы ән», «Орал – әнім сенсің шалқыған», «Өз елім», «Атамекен» секілді әндерді орындады. Ал Асылан Ислямов, Әділ Ахметов, Ақмоншақ Есетова, Нұршат Тұрсынхан болса, ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Мектеп мұғалімдері де, оқытушылар да өнерпаздарға дән риза.

327598421_600477965423452_6573682297974838838_n

– Қазақстанда Қадыр ақын атында бір үлкен орталық және 5 мектеп бар. Ақынның шығармашылығын насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Шырқалған әндер ұстаздарды, оқушыларды ерекше әсерге бөледі, – деген Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Нұрлан Нариманұлы өнер ұжымына алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар Қазақстандағы ең үздік, ең белсенді оқушыларға берілетін «Елбасы медалін» иеленген мектеп оқушысы Айшагүл Құсайынованы марапаттады.

Марлен Ғилымхан,

Қадыр Мырза Әлі атындағы

мәдениет және өнер орталығы

ақпарат бөлімінің басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале