ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Президенттің тапсырмасымен іске қосылған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы аясында мобильді фронт-офистер жобасын сәтті жүзеге асыруда.

Фото: presseconomy
Бұл бастама мемлекеттік қолдау шараларын кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді етіп, шалғайдағы қалалар мен ауыл тұрғындарына облыс орталықтарына бармай-ақ, бизнеске арналған кеңестер алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда, елдің барлық 17 өңірінде жұмыс істейтін мобильді топтар 80-ге жуық аудан орталығын аралап, 2 439 кәсіпкерге 2 657 консультация өткізді. Кеңес алу жағынан Түркістан (252 өтініш), Ақтөбе (222), Солтүстік Қазақстан (220), Павлодар (217) және Атырау (215) облыстарының кәсіпкерлері жоғары белсенділік танытты.
Өңірлік бизнес өкілдері тарапынан «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі ұсынатын бағдарламаларға (721 өтініш), «Іскер Аймақ» субсидиялау тетігіне (593) және кепілдік беру құралдарына (480) үлкен сұраныс тіркелді. Сондай-ақ «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдікті кредиттеу мен ішкі сауданы қолдау шаралары да кәсіпкерлер назарынан тыс қалған жоқ.
Қазіргі таңда Қор тек кеңес беріп қана қоймай, жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін сүйемелдеу форматына өтуде, бұл бағытта алғашқы 4 өтінім қабылданды.
Алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын іске қосу жоспарланған.