14.10.2022, 17:54
Оқылды: 196

Дәрісіз емдейтін медициналық орталық 

Омыртқа, буыныңыз, яғни тірек-қимыл жүйеңіз зақымдалса, жүріп-тұрудан қаласыз. Тұрғындар  соңғы жылдары артрит, артроз, остеохондроз, омыртқааралық жарық (грыжа), сколиоз секілді дерттерге жиі шалдыға бастаған. Аталмыш сырқаттарды  дәрісіз, отасыз емдеуге болатынын білесіз бе? Мұндай ем-дом Орал қаласындағы дәрігер Бубновский орталығында жүргізіледі. Тірек-қимыл ауруларын қалай емдейтінін білу үшін аталмыш орталықтың директоры Тимур Ашимовпен (төмендегі суретте) тілдескен едік. 

IMG-20221014-WA0129

Дәрігер Бубновский орталығы шаһарда 2017 жылы желтоқсан айында ашылған. Содан бері мұндағы дәрігерлер науқастарды дәрісіз, отасыз, яғни емдік дене шынықтыру жаттығулары арқылы емдеп,  аяқтан тұрғызып келеді. Егер науқас омыртқа мен буынға ота жасатқан болса, бұл орталықта оңалтудан өте алады.

IMG-20221014-WA0131

– Дәрігер Бубновский орталығында тірек-қимыл жүйесі сырқаттарын төрт әдіспен емдейді. Біріншісі, емдік жаттығулар. Науқастар Бубновскийдің көп функциялы тренажерінде жаттығу жасайды. Құрылғыда  100-ден астам жаттығу түрі қамтылған. Екіншісі, физио ем. Үшіншісі, сауна терапиясы. Ыстық және салқын сумен ем-дом жүргіземіз. Төртіншісі, сылап-сипау (массаж) арқылы емдейміз. Науқасқа диагнозына байланысты сеанс саны тағайындалады. Мысалы, сколиозды 16 жасқа дейін емдеуге мүмкіндік бар. Жасөспірімдер орталыққа алты ай, кейде бір жыл келіп, емделіп шығып жатыр. Балдаққа сүйеніп келіп, өз аяғымен жүріп кеткен  тұрғындар көп. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласында бойжеткен көп қабатты үйдің алтыншы қабатынан секірген. Көрер жарығы бар екен, дәрігерлер аман алып қалыпты. Содан оңалтудан өту үшін Бубновский орталығына келді. Келгенде жағдайы өте нашар болды. Омыртқасы, жамбас сүйегі, иығы  сынған. Кереуетте сұлқ жататын. Оған жоғарыда айтылғандай, ем-дом курсы толық жүргізілді, бүгінде өзі жүреді. Өкінішке орай, бір аяғы бүгілмейді, – дейді Тимур Қыдырбайұлы.

Орталықта дәрігер Бубновскийдің «КИНЕЗИС» әді-сі бойынша функционалды ем-дом тағайындалады. Осы орайда дәрігер Сергей Михайлович Бубновский туралы аз-кем тоқталып өтсек. Ол – медицина ғылымдарының докторы, профессор, тірек-қимыл аппараты дисфункциясымен байланысты күрделі жүйелі ауруларды емдеудің инновациялық тәсілін жасаушы, заманауи кинезитерапияның (кинезис – қозғалыс, терапия – емдеу) негізін қалаушы.

Шаһардағы Бубнов-ский орталығы оңалту және жаттығу құралдарымен толық жабдықталған. «КИНЕЗИС» функционалды оңалту әдіс-тәсілі арқылы остеохондрозды, бас ауруын, омыртқааралық жарықты, гумеральды-скапулярлы периартрозды, радикулит, сколиозды, артрозды, цереброваскулярлық ауруларды, вегето-тамырлық дистонияны, гипертонияны емдейді.

IMG-20221014-WA0133

– Өкінішке орай, қазір жаһандану дәуірінде адамдар күн ұзаққа компьютердің алдында отырады. Қимыл-қозғалыс аз. Тіпті мүлдем жоқ деуге болады. Таңертең  аутокөлікпен келіп, жұмыстан соң көлікке кері мініп кетеді. Өздеріңіз білесіздер, ежелгі дәуірде адамдар тамақ табуы үшін орташа есеппен күніне 30 шақырым жол жүретін болған. Бұл ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Күнделікті серуендеу, жаяу жүру, жаттығу жасау денсаулыққа өте пайдалы.  Өйткені адам ағзасындағы бұлшық еттің қызметі жақсарады. Жалпы бұлшық еттің негізгі қызметіне тоқталсақ. Біріншіден, бұлшық ет қимыл-қозғалыс үшін қажет. Екіншіден, ол ағза мүшелеріне қан тасымалдайды. Себебі адам ағзасындағы қантамырлар бұлшық еттің құрамында орналасқан. Қимыл-қозғалыс болмаса, бұлшық ет жиырылып, босаңсымайды. Нәтижесінде қан айналмай, бір орында тұрып қалады. Адам ағзасында 4-5 литр қан болады. Жүрек қақпақшасы (клапаны) қанды төмен қарай айдағанымен, адам бір жерде екі сағат отырып жұмыс істесе, ол қан кіндіктен төмен қарай айналмай  тұрып қалады. Бір-екі жыл осындай режімде қызмет еттіңіз делік. Бес жылдан соң буындарыңыз сырқырап, артрит, артрозға шалдыққаныңызды байқамай қаласыз. Өйткені буынға қан арқылы баратын қоректік заттар, оттегі уақтылы жеткізілген жоқ. Қартаю – физиологиялық құбылыс. Бірақ қартаю үрдісін бәсеңдетуге болады. Бұл кез келген адамның қолынан келеді. Біздің дәрігер Бубнов-ский клиникасының басты мақсаты да сол – науқастарға диагнозы бойынша жасайтын жаттығуларды көрсетіп, үйрету. Өйткені сырқаттың түріне байланысты жасайтын және мүлдем жасауға болмайтын жаттығулар бар.  Біз тұрғындарға диагнозы бойынша емдік дене шынықтыру жаттығуларын үйретіп, орталықтан шыққаннан кейін үй жағдайында жасап жүруін ескертеміз. Орталыққа тәулігіне 50-60 тұрғын келіп, емдік жаттығулар жасайды. Шүкір, ем-домды үзбей қабылдағандар сауығып шығуда, – дейді Тимур Қыдырбайұлы.

Дәрігер Бубновский орталығы Орал қаласында «Алтын алма» шағынауданы, Аманкелді Каримуллин көшесі, 2/4 мекенжайында орналасқан. Дүйсенбі-сенбі күндері таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Гүлсезім Бияшева, 

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале