28.07.2026, 15:45
Оқылды: 7

Декретте отырып жұмысқа шықсаңыз, бала күтіміне берілетін төлем сақтала ма?

Бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін әлеуметтік төлемді алып жүрген ана толық жұмыс күніне қайта орналасса, бұл төлем тоқтатылады. Кейін оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Балғын Сатбекқызы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақша JP 111Сурет: сайт архивінен

Оның сөзінше, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем табыстан уақытша айырылған азаматтарды қолдауға арналған. Сондықтан бұл төлемді алу үшін адамның жұмыс істемей, бала күтімімен айналысуы негізгі шарттардың бірі саналады.

Егер ана бала бір жарым жасқа толмай тұрып толық жұмыс күніне шықса, бұл туралы міндетті түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарлауы қажет. Осыдан кейін оның өтініші негізінде әлеуметтік төлем тоқтатылады, – деді Балғын Сатбекқызы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Ол төлем тоқтатылғаннан кейін оны қайта рәсімдеу заңда көзделмегенін айтты.

Яғни жұмысқа орналасқаннан кейін әлеуметтік төлем тоқтатылса, кейін қайтадан бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан жағдайда бұрынғы төлем қайта төленбейді, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Балғын Сатбекқызы 2026 жылғы декреттік төлемнің ең жоғары мөлшеріне де тоқталды.

Оның айтуынша, егер әйелдің орташа айлық табысы белгіленген шекті мөлшерден жоғары болса, төлем нақты жалақысы бойынша емес, ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшері негізінде есептеледі. 2026 жылы бұл көрсеткіш 595 мың теңге.

Сондықтан жүктілік пен босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 миллион 499 мың теңгеден аспайды, – деді Балғын Сатбекқызы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале