26.05.2017, 18:37
Оқылды: 63

Депутаттар апатты үйлерді жоюға қатысты жергілікті жобаға оң бағасын берді

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Орал қаласындағы құрылыс нысандарын аралады. Алдымен, Зашаған кентіндегі «Сарытау» шағын ауданында былтыр басталған 900 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Жаңа білім ошағын салуға 1888,1 млн. теңге бөлінген.

– Жұмыс учаскесінде 130 адам қызмет етуде. Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасын тұрғыздық. Мектепте  мультимедиялық кабинеттер, зертхана, шеберхана бөлмелері және 294 орындық акт залы болады. Футбол және волейбол ойнауға бөлек спорт алаңы салынады, – деді «СВ плюс» ЖШС-ның директоры Сәбит Өтебалиев. Парламент Мәжілісі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Майра Айсина құрылыс материалдарының неге қымбатқа бағаланғаны жөнінде серіктестік басшысына сауал қойды. «2014 жылы теңге бағамының құнсыздануына байланысты кейінгі жылдары материал құны да қымбатқа шығуда», – деп жауап берді директор. 

Депутаттар кейін Зашаған кентіндегі «Керуен жолы» ЖШС қолға алған көп қабатты үйдің құрылысын көрді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында аудандарда 168 үй салу жоспарланған. Мәжіліс комитетінің өкілдері қаладағы апатты үйлердің мәселесі шешімін табу қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

– Қалада 200-ден астам ескі үй болса, соның 43-і апатты деп танылған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында апатты үйлердің орнына жаңа 7 үй салу жоспарланған. 2017-2020 жылдары 36 үй, яғни 2340 пәтер пайдалануға берілмек. Бұл жоба жалпы құны – 40 млрд. теңге, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Оның айтуынша, апатты үй тұрғындарына берілетін жаңа қонысты салу құрылыс компанияларының есебінен жүргізілуде. Тұрғындар тарапынан жоба аясында үй алуға сұраныс көбеюде.

– Жергілікті жоба ауқымында тұрғындар ескі қоныстарынан  әлдеқайда ауқымды баспанаға көшеді. Қоныс аударушылар жаңа үй салынғанша уақытша пәтерлермен тегін қамтамасыз етілуде. Тұрғындар үшін таңдау жасау өте қолайлы, – деді бұл бағыттағы жұмысқа оң бағасын берген Парламент Мәжілісі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбильянов.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале