Кешегі күні Шолпан Батырқызының мерейтойына орай әлеуметтік желідегі әлеумет сөздің жақсы мағынасында шулап кетті. Ақжайықтық ағайын жапа-тармағай ізгі ниеттері мен құттықтау-тілектерін жарыса жазды. Атам қазақ «Халық айтса, қалып немесе қалт айтпайды» дейді.
Біз де сол – өзімізге қадірі өткен аяулы апамызға ішіміздегі ізгі тілегімізді арнаудың орайлы сәтін күтіп жүр едік. Сөйте тұра, алдыңғы күндер өте қауырт болып, «Ештен кеш жақсы» деп қаламымызды қолымызға бүгін алып отырған жайымыз бар. Ойымды аша түсетін болсам, 2020 жылы ҚР Парламентінің Мәжілісіне үміткер ретінде тіркелгенімде қаратөбелік һәм батысқазақстандық ағайын атынан Шолпан Қыдырниязова ең алғаш болып әлеуметтік желіде аналық ақ батасын беріп, ақ тілегін жеткізген-ді. Сол сәтте көңілімнің марқайып, шаттанғаны сондай, кім көрінгенге мейірім шуағын шаша бермейтін көрнекті қоғам қайраткеріне іштей өзімді «қарыздар» санағанмын.
Сонымен, негізгі мәселеге ойысайық. Апамыз Шолпан Қыдырниязованың атақ-даңқы өрлеп тұрған жылдарда біздер жасаңдау едік. Ол кезде біз үшін жасы анамыздан да үлкен, ел-жұртқа кеңінен танымал тұлғаның жанына жақындаудың өзі оңай нәрсе емес-ті. Оның үстіне Шолпан Батырқызының отты мінезі мен ұстараның жүзіндей өткірлігі, бетің бар, жүзің бар демей ащы шындықты шыжғырып бетке айтатын шынайылығы, өзгелерді мысы басып, иі жұмсақ жандардың ол кісіден ығып тұратынын жас болсақ та іштей сезетінбіз. Бірақ бұл жерде біз аялдайтын бір ерекше бекет бар. Апамыздың бір ерекшелігі – мінезді болу мен ақиқатты айтудың жөні осы екен деп беталды құла желпініп сөйлей бермейтіндігі. Ормандай сөзді оймақтай ойға сыйғызып, түйіп тастайтыны. Мұны бұл кісінің ФБ жүргізетін тәрбие сағатында – оқырмандарының қарасы орасан көп екенінен-ақ анық байқауға болады. Бұл – бір. Екінші, сөз сөйлеу стратегиясы мен тактикасын шебер меңгергендігі.
Ілгеріректе өткен әртүрлі мәдени шараларда Шолпан Батырқызының бауырын жазған бәйге атындай көсіле сөйлегенін көріп, іркес-тіркес, кесек-кесек, кестелі ойларына тәнті болып, сүйсінетінбіз. Өзіне ғана жарасатын көсемдігі һәм шешендігімен өз аудиториясын баурап алатыны аздай, зал сілтідей тынып, шыбынның ұшқан ызыңы естілетін.
«Сөзім – өзім» деп есептейтін жанның сөз өнерінің сиқырын терең меңгергендігі сол: қара сөзден қаймақ айыратын сөз сүлейі шаршы топ алдында есіле сөйлегенде ділмарлығына тыңдарманның есі кететін. Апамыздың тағы бір тамаша қасиеті – аузынан кие қонып, құт дарыған Қаратөбесін тастамайтыны. Тиісінше, туған топырағының өз қыздарын қалай сыйлап, оны төбесіне қалай көтеретініне – осыдан бес жыл бұрын Қаратөбе елінде дүркіреп өткен Шолпан Қыдырниязованың 70 жылдық мерейтойында куә болғанымыз бар.
Менің байқауымша, апамыз бақ, дәреже, мақтан қуып һәм мал-мүліктің соңына шам алып түскен пенделердің сойынан емес. Өлең жазудың жөні осы: «шөп те өлең, шөңге де өлең», деп сан қуалап, кітаптарын үсті-үстіне бұрқыратып шығарудан өзін аулақ ұстады. Жазба ақын емес, өз заманындағы талантты суырыпсалма (импровизатор) айтыс ақыны ретінде өз биігінде қалды. Мұның сыртында ел билігіне араласып, тізгін ұстаған лауазым иесі мемлекеттік қызметтің «кухнясын» бір адамдай жетік білетін. Біздіңше, оның Табиғат-анадан дарыған ақындығы – шенеуніктігінен гөрі халықшылдығына басымдық бергендей болады да тұрады.
Бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның басым һәм осал тұстарын өмір жолында жүрегінен өткізген жан әр ісі мен әр сөзіне өте мұқият қарап, не нәрсені де өзіне тән бекзадалықпен таным таразысына салатын. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Шолпан Батырқызы кез келген дау-дамайға басын сұға бермейді. Не нәрсеге де сабырмен, ақылмен, парасатпен қарайды. Өзінің «менін» асығып-аптығуға жеңдірмейді, күйгелектікке салынбайды. Кез келген мәселеге салқынқандылықпен қарайды, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Соған қарамастан ақиқатты айтатын жерге келгенде кім-кімнің де шаңын қағып-қағып алатын, қадалған жерден қан алатын қайсар мінезді. Қысқасы, Шолпан апай не нәрсенің де жөн-жосығын біліп, алтын аралықты ұстайтын асыл қасиетімен ерекше. Елі сол үшін де қадірлейді, жақсы көреді. Әлі күнге дейін туған топырағында болып жататын жаңалықтардың ешқайсысына бей-жай қарамайды. Соңынан көрінген жылт еткен жақсыларға қазақы дәстүрмен ақ батасын беруді әсте ұмытпайды. Иә, тіршілікте адамға керегі бірауыз жылы сөз емес пе?! Біздің мақсат – «көңіл-көңілден су ішеді» деген ақ ниет қана.
Р.S. Ғаламтордағы уикипедия мәліметінде былай жазылыпты: «Шолпан жұлдызы – ол Күн батқаннан кейін (кешкі жұлдыз) немесе Күн шығардың алдында (таңертеңгі жұлдыз) ғана аз уақыт көрініп тұрады. Шолпан – аспандағы ең жарық шырақ».
Жаңабек Жақсығалиев,
Орал қаласы