23.07.2020, 13:16
Оқылды: 284

Диплом бар, түлек жоқ

Қазіргі уақытта індетке қарсы күресетін сала мамандары жетіспей жатыр. Бейнебайланыс арқылы өткен жедел штаб отырысында облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиевтің баяндауынша, реанимотолог, акушер-гинеколог, анестезиолог мамандар қажет. Енді диплом алған жас мамандар жоқтың орнын басатынына үміт зор.

B658EEA4-98FC-4831-8FC5-3F3BAB4F48F1

С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дан облыс бюджеті есебінен оқыған батысқазақстандық тоғыз студент тамыз айында оралуы тиіс. М.Оспанов атындағы БҚММУ-дан 66 маман келуі керек. Жоғары оқу орнынан әзірше 21 ғана түлек өңірге келген. Олардың қатарында дәрігер-онколог, бес хирург, бес акушер-гинеколог, эпидемиолог, нейрохирург, педиатр, терапевт мамандар бар. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжін 307 маман тәмамдаған. Колледждің 104 түлегі облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарына жұмысқа орналасты. «Мақсат» медициналық колледжінен білім алған 33 маман «Жедел жәрдем» бригадаларына қосылды. Облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев «Колледж түлектері арқасында орта медицина мамандарына сұраныс қанағаттандырылды» деп мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінен алынған тізім бойынша түлектерді жұмысқа шақыру үшін жұмыстанатындарын айтты.

0F4EA2C3-5446-4A61-9B27-78B071EA9FE6

Облыс әкімі Ғали Есқалиев: «Жас мамандар тамызға дейін неге кешігіп келуі тиіс? Қазіргі ахуалды түсінемін. Бірақ денсаулық сақтау басқармасының кадрмен жұмыс істейтін бөлімінің қызмет сапасы сын көтермейді!» деді. Аталған басқарманың басшысы Болатбек  Каюповтың түсіндіруінше, ЖОО түлектері дипломдарын алуға асығар емес. Университеттер ректораты да осылай деп мәлімдеп отыр. Басқарма мамандары телефон шалған түлектер сөйлеспестен, байланысты үзіп тастайды екен. Кейбір түлектер қашықтан оқығанын алға тартып, диплом алуға енді баратынын айтқан.

E7C1895A-4856-4C0B-A872-A78F0824F38A

– Дайын тұрған мамандарды тезірек облысқа тарту керек. Олардың қолынан сенімхат алып, дипломдарын әкелу қиын емес. Түлектер дәрігер ретінде жауапкершілікті мойнына алу керек екенін әлі күнге сезінбеген секілді. Осы аптада ЖОО-лар басшылығымен сөйлесіп, дипломын жеделдетіп алдыртыңдар. Әсіресе бюджет есебінен оқығандарды тез шақырту керек. Айдар Аллабергенұлы, орта медицина мамандары жеткілікті дейсіздер. Мен бүгін провизорлық стационарда болдым. Емделушілер «Біздің шақыртуымызға медбике келмейді» деп шағымданды. Сағаттап науқастарды күттіріп қою дұрыс емес. Мұндай әрекет қызмет талабына да сәйкес келмейді. Мамандарға сұраныс көп, бірақ мекемелер еңбекақысын уақтылы төлей алмай отыр. Бас дәрігерлердің осы мәселеге бас қатырғысы жоқ. Болатбек Амангелдіұлы, еңбекақы төлеу мәселесін жеделдетіп шешіңіздер. Аурухананың әр қабатында тәулік бойы кезекшілік атқаратын бір медбикеден болуы тиіс. Керісінше, үш қабат бойынша бір қызметкер жұмыс істемеуі керек. Колледж түлектері дипломдарын алып жатыр. Еңбекақысын төлей алмайтын болғасын, сұраныс бермей отырсыздар. Аурухананың мәселесіне ауру адамдар бас қатырмауы керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Басқарма басшысы Амангелді Каюпов бұл мәселе бас дәрігерлердің мекеме ішіндегі еңбек қатынасын дұрыс ұйымдастырмағанынан туындап отырғанын айтып ақталды. «Онда ойланып-толғанып отырудың қандай қажеттілігі бар? Сала ұйымдары басшыларын тәртіпке шақырыңыз. Емделушілер ПТР-тест қорытындысын амалсыздан бірнеше күн күтеді. Талап бойынша тәулік ішінде дайын болуы тиіс. Дәрігерлер тест нәтижесін жедел көрсетуі керек. Сауыққан адамдар бос жатпауы қажет. Колл-орталық та қызметін дұрыс атқарып отырған жоқ. Жаңа стационар ашып, науқастарға қосымша орын дайындадық. Дәрі-дәрмек бар. Енді еңбек үдерісін ұйымдастыру сын көтермейді. Жұмысына құлықсыздарды қызметінен босатыңыздар», – деді Ғали Есқалиев.

Өңірлік жедел штаб отырысында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қосымша провизорлық стационар ашу үшін жаңа ғимарат табылғанын хабарлады. Оралдағы «Сервис және жаңа технология» колледжі корпусынан 80 орын дайындалады. Сала мамандары ғимараттың санитарлық талапқа сәйкес келетінін айтқан. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты өзекті мәселелерді талқылаған өңірлік жедел штаб отырысын облыс әкімі Ғали Есқалиев қорытындылады.

– Карантин шектеулеріне байланысты қазіргі ахуал бойынша оң нәтиже бар. Бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақталды деп босаңсымау қажет. Егер маусымның үш аптасында стационардан 543 адам емделіп шықса, шілдедегі үш аптада 970 науқас дертінен айықты. Салыстыра айтқанда, есепті мерзімде сауыққандар саны 57 пайызға артқан. Бұл бағытта дәрігерлердің жұмысын ширатқанын да атап өткен жөн, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықпен қамту да қарқын ала бастады. Бұрын «Жедел жәрдем» қызметіне тәулігіне мыңнан астам шақырту түссе, қазіргі кезде қоңырау саны 850-ге дейін азайды. Карантин режимінен оң нәтижемен шығу үшін жедел штаб отырысында аталған мәселелер шұғыл шешімін табуы тиіс. Қатерлі дерттің қауіпті екенін көпшіліктің көзі жетті. Сонда да мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ өкілдері жүйелі түсіндіру жұмысын бәсеңдетпегені абзал, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале