Tengrinews.kz тілшісі хабарлағандай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі айларда теңгенің долларға қатысты тұрақтылығын сақтауының негізгі себептерін түсіндірді.

Фото: istockphoto.com
Бас банкирдің айтуынша, ұлттық валюта реттеушінің нарыққа белсенді араласуынсыз-ақ (интервенциясыз) өзін нық ұстап отыр. Бұл ең алдымен валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың табиғи теңгерімімен байланысты: елімізде экспорт көлемі артып келеді, ал импорт бұрынғы деңгейде қалып отыр.
Теңге тұрақтылығына әсер еткен екінші маңызды фактор — бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары. Шетелдік инвесторлар өз қаражатын теңгеге айырбастап, қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуда. Сүлейменов қазіргі уақытта шетелдік капиталдың нарықтан шұғыл шығып кету қаупі жоқтығын және инвесторлардың Қазақстан юрисдикциясында өздерін жайлы сезінетінін атап өтті. Дегенмен, нарықтағы бейрезиденттердің үлесі небәрі 8 пайызды құрайды (9 пайыздан ешқашан асқан емес), бұл даму деңгейі шамалас басқа елдермен (12-17%) салыстырғанда төмен көрсеткіш. Ұлттық банк бұл үлестің 10 пайыз шамасында болғанын теңгерімді деп санайды және оның шамадан тыс өсуіне мүдделі емес.
Доллардың алдағы бағамына қатысты болжам жасаған Тимур Сүлейменов нарықта валютаға деген үлкен қосымша сұраныс байқалмайтынын айтты. Ішкі нарықтағы маусымдық ауытқуларға қарамастан, базалық экономикалық талдаулар доллар бағамының таяу уақытта шұғыл өзгеріске ұшырамайтынын көрсетеді.