25.05.2023, 12:46
Оқылды: 94

Дыбыс жазу ісінің алғашқы таспа режиссері еді…

30 мамыр күні сағат 15:00-де Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда дыбыс режиссурасының хас шебері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Мақсат Мухитденовты еске алуға арналған іс-шара өтеді. Жиында Мақсат Зайлағиұлы туралы естеліктер айтылып, концерттік бағдарлама қойылмақ. Концертте  өңір өнерпаздарымен қоса, кеш иесінің қызы Бағым Мұхитденова және Kesh YOU тобы ән шырқайды. Еске алу кешінің ұйымдастырушысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Донеділ Қажымов.

9d1f13f1-6929-4eae-b0b0-8d0da885ae31

Айта кетсек, Мақсат Мұхитденов өңіріміздің тумасы, Алматы қаласындағы эстрада студиясында вокал мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда эстрада әншісі ретінде бастаған.

Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған заманда, 1970 жылдары Қазақстанда жалғыз «Алматы граммофонға дыбыс жазу студиясы» құрылған болатын. Оған дейін өнерпаздар тек Мәскеудегі«Мелодия» дыбыс жазу студиясынан немесе Ташкентке барып ән жаздыратын. Құлақтының құрышын қандырар ерекше әсем қоңыр даусы бола тұра, Мақсат Зайлағиұлы әншілік өнерді тастап, Алматыдағы сол студияға 1972 жылы дыбыс режиссері болып қызметке орналады. Онда 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағанға дейін еңбек етті.Сол дәуірдегі бүкіл Қазақстан Республикасымен қоса, Алтай өңірі, Қырғыз Республикасындағы кәсіби шеберлердің орындауындағы жауһар ән-күйлердің бай алтын қорын жоғары шеберлікпен магнитті таспаға түсірді. Одан кейін де «Алматы телефильмінің» қабырғасында жүріп бірнеше творчестволық портреттер (А.Әшімовтың, Ф.Шәріпованың және т.б.) жасап, көптеген құжаттық фильмдерді дыбыспен әрледі. Қазіргі таңда ол жәдігерлер Орталық мемлекеттік киноқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында мәңгі сақтаулы тұр. Кеш иесінің тағы бір қомақты еңбегі – қырғыздың әйгілі «Манас» дастанының үзінділерін таспалауы. Оның қырғыз өнеріне сіңірген сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілген еді.

Мақсат Зайлағиұлы дыбыс жазу өнерінің қыр-сырын жоғары деңгейде меңгерген, дауысты жаңа заманғы сандық күйтабаққа жазуды алғаш енгізген, сонымен қатар өзінен кейін көптеген шәкірттәрбиелей білген қазақ өнерінің тарланы.

– Мақсат Зайлағиұлы Алматы қаласындағы эстрада және цирк колледжінің (бұрын студия болатын) алғашқы түлектерінің бірі. Жұбайы Гүлжамал жеңгеміз де эстрада әншісі еді. Ол елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған эстрада әншілерінің конкурсында лауреат атанса, Мақсат ағамыз дипломант болды. Бұрын дыбыс жазу техникалары қазіргідей дамымаған еді. Абай атындағы опера және балет театрындағы дыбыс жазу студиясында Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова  секілді еліміздіңкоррифейлерінің дауысын жазып, сақтады. Одан кейінгі өнер өкілдерінің, сондай-ақ халық арасындағы жыршы-жыраулардың  дауыстары мен күйлерін сақтады. Ғарифолла  Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтерден бастап, күй өнерінде Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровтардың өнерлерін таспаға түсірді. Ол – Қазақстандағы дыбыс жазу ісінің алғашқы кәсіби таспа режиссері. Ұлттың рухани байлықты жинауға сүбелі үлес қосқан бірден-бір жан. Бір кездері Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған халық арасында кең таралған әндердің СD дискісін де шығарып беріп еді.  

Сонау 1970 жылдары облыстық филармонияда «Ән қанатында» деген эстрадалық-вокалды ансамбль болды. Филармонияның ең мықты деген әншілері сол топтың солисі болатын. Марқұм Әмір Тілеуов, Нариман Дүйсенов ағаларымыз сол ансамбльдің мүшелері еді. Бүгінде «Ән қанатында» ансамблін филармонияның жігіттері қайта жаңартып, «дүниеге әкелді». Кеше сұрастырсақ, ансамбльдің атауын сол кезде Мақсат ағамыз қойған екен.

Мақсат Зайлағиұлының ұлттық қорға сіңірген өлшеусіз еңбегін ескеріп, есімін ұлықтау мақсатында іс-шараны өткізгелі отырмыз. Кеште Асхат Оразов, Айбар Хайырханов, Марат Сарбөпеев, Жаңылсын Хасанова  секілді өңір өнерпаздары кейіпкеріміздің жас кезінде  айтқан әндерін әрлеп шырқайды, - деді іс-шараның ұйымдастырушысы Донеділ Қажымов.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале