26.12.2022, 9:45
Оқылды: 133

ЭЦҚ жемқорлыққа жол ашпасын!

Биылғы 11 айда облыста сыбайлас жемқорлық бойынша 72 қылмыстық іс тіркелген. Оның дені - пара алу деректері. Қылмыстың аталмыш түрі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артып отыр. Бұл туралы сейсенбі күні облыс әкімі  Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссия отырысында айтылды.

WhatsApp Image 2022-12-26 at 09.29.33

–  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін.  Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында «Ақжағалылар» қылмыстарымен күрес саласында сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою басты басымдық болып қала береді. Сондай-ақ қылмысты тіркеуден гөрі, тиімді түрде оның алдын алуға баса назар аудару қажет. Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті жалғастыра береміз» деп атап өтті. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды іс-шараларға байланысты. Биыл сыбайлас жемқорлыққа жол беру бойынша 72 қылмыстық іс тіркелген. Бұл сандық деректер  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықты жою – біздің ортақ міндетіміз, –  деді жиынды ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Басқосуда облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментіне қарасты превенция басқармасының  басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, өңірдегі 75 квазимемлекеттік секторға  сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс (ұжымда заңнамалардың сақталуы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі бақылау жүргізу)  қызметін құру керек. Содан соң мекемелерге біртіндеп ISO 37001 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджмент жүйесі» халықаралық стандартын енгізу көзделген. Өйткені биыл қаржылық бақылау шараларының дұрыс жүргізілмеуінің кесірінен 17 лауазымды тұлғаға (3 033 370 теңге), сыбайлас жемқорлық шектеулерін сақтамағаны үшін 5 лауазым иесіне (2 144 100 теңге) және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлеріне заңсыз сыйлық бергені үшін 3 жеке тұлғаға (918 900 теңге) әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ департаментте  Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы жасақталған. Картаға жемқорлық тәуекелдері басым экология, жер, ауыл шаруашылығы, жол, құрылысы және инфрақұрылым салалары енгізіліп, оларға мониторингтер жүргізілген. Нәтижелеріне сәйкес аталған мекемелерге тиісті ұсыныстар берілген.

– Биылғы 11 айда облыста пара алу бойынша 57 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде қылмыскерлер жазасын өтеуде. Олардың қатарында облыстық полиция департаментінің, облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің және облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкерлері бар. Осы орайда біз мекеме басшыларына жеке электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) есепшілерге бермеу қажеттігін ескертеміз. Өйткені бұл ұрлық жасау тәуекелдерінің бірі болып табылады. Мұндай келеңсіздік биыл Сырым және Жәнібек  аудандарында орын алды. Сырым аудандық білім беру бөлімі мен Жәнібек ауданындағы балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының басшылары ЭЦҚ-ны есепшілеріне берген. Ал әлгі есепшілер мекемеге  түскен қыруар бюджет қаржысын қолды қылған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Есепшілер сотталды, – деді Біржан Марданұлы.

Сондай-ақ жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу іс-шаралары,  мемлекеттік құрылымдарға сыртқы талдау жүргізу және тұрғындар арасында  жемқорлыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру бойынша ұсыныстар айтылды.

– Облысымыздың аудандары мен  Орал қаласының әкімдеріне, басқарма және бөлім басшыларына айтарым, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырыңыздар. Ол үшін ақпараттық-түсінік жұмыстары жүйелі жүргізілсін. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақ-стан Республикасының заңнамалары негізінде қызмет атқаратыны және қоғамдық орындарда әдеп
нормаларын сақтауы бақылауға алынсын. Үшіншіден, «ЖайықЖылуҚуат» АҚ-ға, «Батыс Су арнасы», «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-ға комплаенс-офицер  штатын енгізу қарастырылсын. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ISO 37001 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл менеджмент жүйесі» халықаралық стандартын енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргі-зілсін. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті
қалыптастыру бағытында қаражат бөлу және  басқа да  жұмыстар  2023 жылдың 30 наурызына дейін аяқталсын, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале