9.06.2022, 10:31
Оқылды: 574

Егіс көлемі неге азайды?

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте елді мекендерді газдандыру, жаңа суару алаңдарын іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және егіс науқаны төңірегіндегі мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Орал қаласы және аудан әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты. 

af5863ea-38fe-40d4-8bad-0b3f7ad1cc9d (2)

Әуелі өңір басшысы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Мәди Отарбаевті таныстырды. Мәди Жан­келдіұлы 1968 жылы Алматы қаласында өмірге келген. Білімі жоғары, Қазақ ұлттық сәулет-құрылыс академиясын инженер-құрылысшы және Қазақ Ұлттық құқық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған, техника ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары құрылыс мекемелерінде инженер, директор, Орал қаласы сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы, ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаменті, Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті, Алматы қаласы құрылыс басқармасы мен ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында басшылық қызметтер атқарған. Күні бүгінге дейін Талғар ауданы құрылыс бө­лімін  басқарған.

Ауыл-аймақтарға газ тартыла ма?

Күн тәртібіндегі 1-ші мәселе – елді мекендерді газдандыру туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев сөз  қозғады.

– Қазіргі уақытта Орал және Ақсай қаласы толығымен табиғи газға көшірілді. 2022 жылы 3,3 мың тұрғыны бар 27 АЕМ-ді (ауылдық елді мекен) табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Оның ішінде 2 АЕМ Бәйтерек ауданының бюджеті есебінен газбен қамтылады. Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 518 953,0 мың теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен 496 608,0 мың теңге мөлшерінде қаржы күтілуде. Жоспарға сәйкес елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бойынша бірқатар шаруа атқарылуда. 2021-2022 жылдары бірнеше ауылға газ тартылды. Тұрғындарда қаражаттың болмауы, кейбір үйлерде адамдардың тұрмауы, шағын ауылдарға ауылішілік газ құбырын жүргізетін мердігердің табылмауы – газға қосылмаудың негізгі себебі. Облыс бойынша газдандырылмаған 48 АЕМ бар. Жобамыз әзір, енді соны жүзеге асыру қажет, – деді Миржан Жанғазыұлы.

Кейбір ауылдарда ауылішілік газ құбыры тартылмағандықтан, газ жүргізу 400 000 теңгеге дейін қымбаттауда. Әрине, бұл тұрғындардың қалтасына салмақ салады. Жиынға қатысушылардың айтуынша, алдағы уақытта жоба-жоспарға ауыл ішіндегі газ құбырын тарту да енгізіледі.

– Аудан бойынша елді мекендердің газдандырылуы 89,6 пайызды құрайды, 48 елді мекеннің 43-і газдандырылған. 2021 жылы басталған Қарабас, Дуана, Бозай және Сатымшеген ауылдарын газдандыру жұмыстары биыл шілде айында аяқталуы тиіс. Көгілдір отынды  қажет ететін 2 елді мекен (Бекей, Қабылтөбе) бар. Қабылтөбе ауылына жасақталған ЖСҚ мерзімі өтіп кеткендіктен жарамсыз. Одан бөлек 4 елді мекендегі (Долин, Төңкеріс, Шөптікөл, Приречное) 13 нысанды газбен қамтуға жоба дайын, биылға қаражат қарастырылмаған (250,0 миллион теңге). Газ өткізуді 250 мың теңгеге дейін төмендеткен мердігерлеріміз бар, – деді Теректі ауданының әкімі Тілекқабыл  Ғабдушев.

Ал Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың айтуынша, аталмыш ауданда 68 елді мекеннің 59-ы (86 пайыз) газбен қамтамасыз етілген. Газбен қамтылмаған ауылдар да бар. 2021 жылы 1065 адам тұратын 6 елді мекен газбен қамтылған. Биыл Кіші Шаған ауылына газ жеткен.

– Қазіргі уақытта бұрынғыдай дайын пешке газ қостырмайды. Міндетті түрде бөлек қазандық орнатылуы тиіс. Бүгінгі таңда Алмалы ауылын газбен жабдықтау құрылысы басталды. Газ құбырының ұзындығы – 14,9 шақырым. Шартқа сәйкес жобаның жалпы құны – 63,0 миллион теңге, – деді Марат Лұқпанұлы.

Жаңақала ауданының әкімі Дархан Закариннің мәлімдеуінше, Жаңақала ауданындағы 22 (тұрғын саны – 24006) елді мекеннің 16-сы (тұрғын саны – 23172) толықтай табиғи газбен қамтылған. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының 96 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 2021 жылы «Салтанат, Саралжын, Борық және Плантация елді мекенде­рін газбен жабдықтау» жобасы бойынша 112,1 миллион теңге қаражат игеріліп, елді мекендердің шекараларына дейін газ құбырлары тартылған. Жалпы жоба құны – 160,3 миллион теңге.

Жобаны 2021-2022 жылдары аралығында жүзеге асыру көзделген.

– Елді мекендерге дейінгі газ құбырын тарту жұмыстарын толықтай аяқтауға  48,1 миллион теңге қажет. Қазіргі уақытта Аққұс және Үшкемпір елді мекендерін газдандыру бойынша тиісті құжаттар жинақталып, жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Осы екі елді мекенге табиғи газ жетсе, аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды, – деді Дархан Әмірханұлы.

Суармалы жерлер қалай пайдаланылуда?

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы­ның басшысы Алдияр Халелов жаңа суару алаңдарын іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның сөзінше, мемлекет басшысы 2030 жылға қарай суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 миллион гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берген. Соған сәйкес облысымызда 5 жылда суармалы жер алаңын 44 мың гектарға дейін арттыру жөнінде жол картасы бекітілген. 2021 жылы облысымызда 6 623 гектар суармалы жер пайдаланылған. 2022 жылы 5 061, 2023 жылы 5 111, 2024 жылы 9 924, 2025 жылы 17 485 гектар жаңа суармалы жерді қолданысқа енгізу мақсатында жұмыс  жүргізілмек.

– Аудандарда нақты жоспар бар. Суару алаңдарын сумен қамтамасыз етуге келетін болсақ, вегетациялық кезеңге Жайық, Деркөл, Шаған өзендері мен Көшім каналынан су алынады. Жайық-Көшім жүйесінің 4 ірі су қоймасына 80,1 пайыз су жиналды. Ақжайық ауданын­дағы суару учаскелерінде су бар. Осы бағыттаға жұмыстар жалғасын табады, – деді Алдияр Сансызбайұлы.

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, соның ішінде суармалы жерлерді ұлғайту, заманауи тәсілдермен суарылатын алқаптарды кеңейту бойынша өңірімізде жұмыстар жүргізілуде. Суармалы алқаптар негізінен жеміс-көкөніс өндіру және мал азығын өсіру үшін пайдаланылуда. Соңғы жылдары мал өсіретін шаруашылықтар сапалы мал азығын дайындау мақсатында мал азықтық дақылдарды өсіру үшін заманауи жаңбырлатқыш машиналарды сатып алып, жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге талпынуда.

– 2017 жылдан бүгінге дейін облыс шаруалары құны 3,8 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 6323 гектар жерге арналған жаңа үлгідегі 85 жаңбырлатқыш машинаны (5 343 гектар) және 41 тамшылатып суару жабдығын (980 гектар) сатып алды. Биыл 1030 гектарға 13 бірлік заманауи жаңбырлатқыш машинасын (1 014 гектар), 2 тамшылатып суару жабдығын орнатты (16 гектар). Оларды негізінен мал азықтық дақылдар мен картоп, көкөніс дақылдарын өсіруде қолдануда. Облыс халқының картоп, көкөніс өнімдеріне қажеттілігін толық қамтамасыз ету және мал азықтық дақылдардың тапшылығын азайту мақсатында бекітілген жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін суармалы жерлер алқабын 44 мың гектарға жеткізу көзделуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин. Осы бағытта жұмыс Ақжайық (1837 гектар), Бәйтерек (2154 гектар) аудандарында жүргізілуде. Аудан әкімдерінің айтуынша, суару әдістерінің жаңа технологияларын пайдалану қолға алынып келеді.

– Суармалы жер санатындағы мақсатсыз немесе мүлде пайдаланылмай жатқан жер учаскелеріне талдау жасап, оны қолданысқа енгізу бағытында жұмыстану керек. Қолданысқа енгізілген жаңа жер учаскелері туралы ақпарат ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсынылуы шарт, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Жоба-жоспар толық орындалуы тиіс

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 521 мың гектарды құрайды. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат дақылдарының алқаптарын ұлғайту арқылы облыс тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы қолға алынған.

– Облыс шаруаларына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1 725 миллион теңге несие берілді.  Жалпы өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2022 жылға бюджеттен 2 миллиард 248 миллион теңге бөлінді. Тыңайтқыштар құнын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 153 миллион теңге берілді, – деген Жасұлан Жолдыбайұлы жауын-шашынға және күннің салқындығына байланысты картоп, көкөніс егу жұмыстары әлі аяқталмағанын тілге тиек етті.

– Әрбір тоғанды, әрбір көлді қалай дұрыс пайдалана аламыз? Соны реттеу керек. Зерттеу жасап, егіс алқабының көлемін ұлғайтуға болады. 1992 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша жыртуға жарамды жер көлемі 2 миллион гектар болған. Қазіргі таңда – 1 580 000 гектар. Біз оның тек қана 30 пайызын пайдаланып отырмыз. Яғни 30 жыл ішінде жыртуға жарамды жер 420 мың гектарға азайды. Мал шаруашылығына баса назар аударып жатырмыз. Алайда мал азығын дайындамайтын болсақ, болашақта мал санын сақтап қалу қиынға соғады. Жылына кем дегенде 50 мың гектарға егіс алқабын көбейтуіміз керек. Неге біз егіс алқаптарын жайылымдық жерлерге айналдырып жібердік? Оның қайсысын кері егіс алқабына айналдыруға болады? Осы бағыт бойынша жұмыс істейік. Жер мамандарымен кеңесіп, нақты нәтижеге жете білейік. Соңғы 5 жылдағы есепті қарасақ, егіс алқаптарының азайып бара жатқанын байқаймыз. Бұлай жалғаспауы керек. Құнарлы жерлерді пайдаға асыруға міндеттіміз. Бүгінгі жиында үш бағыт бойынша мәселелерді талқыладық. Облысымыз осы жылдың соңына дейін көгілдір отынмен толық қамтылуы тиіс, – деп өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы жиынды қорытындылады.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале