27.09.2022, 9:45
Оқылды: 105

Екі мектеп құрылысы кідіруде

«Аманат» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде өңірімізде 1 облыстық, 13 аудандық һәм қалалық жол картасы дайындалған. Соған сай белгіленген 1352 іс-шараның өткен сегіз айда 352-сі (26%) орындалса, 837-сі (61,9%) бойынша жұмыстар аяқтала келді. Осы аралықта жалпы құны 217 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылып, 1376 жаңа жұмыс орны пайда болды. 

4

Мұны «Аманат» партиясының облыстық филиалында өткен фракция отырысында аталған филиалдың атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев мәлім етті. Айта кетелік, жиынға облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, жекелеген басқарма басшылары мен депутаттар қатысты.

Фракция отырысында Мұрат Рахметұлы партия бағдарламасы негізінде жобалық кеңсе аймағымызда жүзеге асырылатын 261 жобаны (31,1 млрд теңге) толық мақұлдағанын айтты. Сол арқылы 27 адам жаңа бизнес идеяны жүзеге асыруға грант алған. Осылайша кәсіпкерлік саладағы субъектілер саны 47,5 мың бірлікті құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 108,9%-ға артыпты. Нәтижесінде өңірімізде 3539 тұрақты жұмыс орны ашылып, 11738 адам еңбекке тартылған. Бұдан басқа жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бағытындағы 62 жобаға сай 27,1 млрд теңге қарастырылып (оның 3,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен),  қыркүйек айына дейін 140 шақырым жол жөнделді. Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында облысқа жаңадан 15 автобус алынды.  Филиалдың атқарушы хатшысы Казталовка, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында жаңадан сегіз мектеп құрылысы басталғанын, оның екеуі жеке инвесторлар қаражаты есебінен салынып жатқанын да сөз етті. Сонымен бірге қыркүйектің басында Орал политехникалық колледжіне қарасты 150 орындық жатақхана пайдалануға берілсе, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысын келер жылы аяқтау міндеті тұр екен. Әрі биылғы маусымда 1595 қыз-жігіт «Жасыл ел» жобасымен жұмысқа тартылып, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 307 жас маманға 1,4 млрд теңге көлемінде несие рәсімделген.

Ал іске аспай қалуы мүмкін жобалар қатарында Теректі ауданы ауылдарына қатынайтын жол бойындағы кемпингтер, Орал қаласындағы сауда-көлік логистикалық орталығы және екі мектеп (әрқайсысы 900 оқушыға арналған) құрылысы бар. Мұның сыртында толық қаржыландырылмауы себепті 37 жобаның келешегі бұлыңғыр болса, жобалық-сметалық құжаттары түзетуге жіберілген және үш жоба тоқтап  тұр.

Бұдан кейін күн тәртібіне сай, А.Салиева, Т.Тілемісов және Ж.Жақсығалиевтер есептік мерзімдегі депутаттық жұмысы туралы баяндап, біраз түйткілді жайларды ортаға тастады. Тек сол сынды дұрыс қабылдап, міндетті қызметін мінсіз атқаруға бағыт түзейтін басшылар қатары көп болса игі. Одан әрі партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан жобаларға қатысты облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазив және облыстық энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтардың хабарламалары тыңдалды. Осы ретте депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сыни ескертпелер де аз болған жоқ. Сол баяғы білім саласы бойынша қаржы жетіспеушілігі, соның салдарынан туындап жатқан қиындық тілге тиек етілді. Орал шаһарындағы тұрғын үй мен жол құрылысы, жекелерге жер телімін беру, көшелерді жарықтандыру төңірегіндегі сауалдарға қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай жауап берді.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале