4.03.2021, 20:16
Оқылды: 262

Экспортерлерді қолдау тетіктері тиімді

Әлемдік экономикалық дағдарыс және пандемия індеті жағдайында экспортты дамыту, сыртқа өнім шығарушыларды қолдау мәселесі өзекті.  Соңғы 5 жылдағы облыс экспортының дамуына жүргізілген сараптама өңдеу өнеркәсібінің экспорт көлемі 2016-2018 жылдары 156,2-ден 227,4 млн АҚШ долларына жеткенін көрсетті. Өткен жылдың қорытындысында экспорт көлемі 2019 жылғы көрсеткіштен 19,2%-ға төмен болды. Оған карантиндік шектеу шараларына байланысты Ресейден сұраныстың төмендеуі себеп болды. Жағдай тұрақталар болса, биылғы жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібінің өнімді сыртқа шығару көлемі 24,3 %-ға артады.

 ман4

- Өткен жылы экспортерлерді қолдау тетіктеріне өзгерістер енгізілді. Соның ішінде тауарды сыртқа шығаруға жұмсалған шығындарды өтеу шамасы 30-дан 80%-ға дейін өсті. Осының өзі – қосымша құны жоғары тауарларды экспорттаушы өндірісшілерге үлкен қолдау. 2020 жылы облыста 9 компанияның жалпы құны 182,3 млн теңгені құрайтын 48 өтініші  мақұлданды.

сл2

Өткен жыл қорытындысында БҚО республика бойынша ұсынылған және мақұлданған өтініштер саны бойынша 3-орыннан көрінді. Биыл да кәсіпкерлер бағдарламаға белсене қатысып, экспорт көлемін өсіруге атсалысады деген сенімдеміз. Еліміздегі індет жағдайына байланысты Мемлекет басшысының экспортты дамыту жөніндегі міндеттерді шешу жолында бірлескен жұмысты күшейтеміз, - деді облыс әкімдігінде экспортты дамыту және экспортерлерді қолдау шаралары мәселелерін талқылаған кеңесте Мұхтар Манкеев.

Онлайн тәртібімен өткен жиынға «QAZTRADE» және «ЭСК «Kazakh Export» АҚ-лардың өкілдері, аудандардың әкімдері, кәсіпорын басшылары қатысты.

Халықаралық сауда алаңдарына шығарады

Онлайн кеңесте сөз алған «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның бас директоры Азамат Асқарұлы БҚО-да тауарларын сыртқа шығаратын 45 компания барын айтып, өңірдегі экспорттық әлеуетті әлі де тиімді пайдалануға шықырды. Олардың негізгі бағыттары – мұнайхимиясы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары салалары. Өңірдегі 11 компанияның өнімді сыртқа шығару, жол шығындары шығындарын өтеуге 205 млн теңге шамасында өтемақы төленген. Аталмыш компанияның жобаларды дамыту департаментінің Айбек Сағынаевтың айтуынша, былтырдан бастап «QazTrade» еліміздегі тауар экспорттаушыларды  қолдау қызметтерін көрсететін «бірыңғай терезеге» айналды. Одан басқа компания сауда-экономикалық қатынастар саласын зерттеу институты болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, бұл компания ДСҰ, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды, шетелдік сауда нарықтарындағы кедергілерді анықтап, мониторинг жүргізеді, түйткілді мәселелерді шешуге атсалысады.   Сондықтан компания экспортер-кәсіпкерлердің бір нарыққа қалай кіре алатындығы, қандай кедергілер болатындығы жөніндегі сұрақтарына толықтай (@exportgov телеграмм-чаты арқылы) жауап беруге әзір. Тауарларды экспортқа шығару шығындарын өтеу бағдарламасынан басқа «Экспорттық акселерация» бағдарламасы іске қосылған. Былтыр бұл бағдарлама қанатқақты жоба ретінде бастау алды. Оған Қытайға өнім шығаратын тамақ өнеркәсібі саласынан 30 компания ғана тартылды. Биыл бағдарламаға басқа да салаларды қатыстыру көзделген. Оның ішінде мұнайхимиясы және машина жасау салалары бар. Ақ Жайық өңірінде осы салалардағы әлеуетті кәсіпорындардың бағдарламаға қатысқаны тиімді. Өйткені аталмыш бағдарламада мәселелердің барлығы кешенді түрде шешіледі. Сонымен қатар халықаралық сауда алаңдарына шыққысы келетін кәсіпкерлерді қолдау және олардың өнімін Alibaba, Ebay, Amazon халықаралық электрондық алаңдары арқылы ілгерілету жұмысы жалғастырылады.

ман7

- «Экспорттық акселерация» бағдарламасына компаниялар іріктеліп алынады. Әр компанияға өзіндік ерекшелігіне қарай қолдау көрсетіледі. Өндірісті дамытудан бастап, сайт, маркетингтік жұмыстары жайынан  сыртқы нарықтағы тауар алушы компаниялармен келісімшарт жасауға көмектеседі. Орладық «Кублей», «Нұржанар» компаниялары осы бағдарламалар арқылы тауарларын шығарып, жұмыстарын жалғастыруда. «Кублей» ЖШС-ның қытайлық компаниялармен бірнеше сауда байланысы бар. Енді 170 млн АҚШ доллары шамасында келісімшарт жасамақ. Карантиндік шараларға байланысты тауар шығару баяулады, бірақ «Кублей» жұмысын ширатып, Қытай жағынан экспорттық өнім жеткізуге кедендік рұқсат қағаздарын күтуде, - деді А.Сағынаев.

Экспортерлер сақтандырылады

ман6

Жиында биыл 10 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылып, 2 халықаралық көрмеге (Шанхай (Қытай), (Expo Dubai (Біріккен Араб Әмірліктері)) қатысу көзделгені мәлім болды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 100 мың АҚШ долларды құрайтын 80 экспорттық келісімшартқа қол қойылмақ. 2021 жылы экспортты ілгерілету мақсатында 130 жаңа экспорттаушы сыртқы нарыққа шығады деп жоспарланған. «KazakhExport құралдары шеңберінде экспорттаушыларға 200 млрд теңгеге дейін сақтандыру бойынша қолдау көрсетіледі. Шетелдік резиденттің келісімшарт бойынша өз міндеттемесін дұрыс орындамаған, төлемақысын төлемеген жағдайлардың алдын алатын компания – «KazakhExport» АҚ. Осы компанияның сақтандыру департаменті директорының орынбасары Алмаз Нұрғалиев экспортерлерді сақтандыру мәселелерін жан-жақты тарқатты.

сл3

Компания шетелдік сатып алушының сенімділігін тексереді, экспорт алдындағы қаржыландыруды және шетелдік сатып алушыдан аванс алуға көмектеседі, шетелдік сатып алушы тарапынан төлемей қою тәуекелін мойнына алады. Бұдан да басқа экспортерлерді қолдау шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ басқосуда жергілікті өндірісшілер өздерін толғандыратын мәселелерді ортаға салды. Мысалға, «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС Ресей нарығына газ тасымалдауға арналған полиэтилен тұрбаларын жеткізуде қиындықтарға тап болды. Компания бұрын Ресейге  қазақстандық сертификаттары бар өнімдерді шығарып келсе, енді ол сертификаттардың кейбірі көрші мемлекетте жойылған, ал оның орнына енгізілген сертификаттар Қазақстан аумағында әлі қабылданбаған.  Сондықтан ҚР Сауда және интеграция министрлігіне пластикалық құбырларға қатысты мемлекетаралық стандарт жасақтау туралы ұсыныс жолданатын болды. Бұл мәселенің шешілуі сала өнімдерін тек Ресейге емес, өзге де елдерге шығаруға мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ қосымша құн салығын қайтару мерзімін қысқарту және қажетті құжаттар ұсыну тетіктерін жеңілдету ұсынылды.

Көлік-логистикалық әлеуетіміз қандай?

«AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәди Жақыпов облыстың көлік-логистикалық әлеуетімен таныстырды. БҚО аумағында стартегиялық маңызды мұнай және газ өңдейтін нысандар бар. Іргеде Ресейдің бес облысының болуы жүктерді тасымалдау және сақтау мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ көршілес Атырау және Ақтөбе облыстары еліміздің  мұнайгаз орталықтары болып табылады. Облыс әкімдігі көлік-логистикалық хабтарды 3 бағытта дамытуды көздейді. Олар – «Сырым», «Тасқала» көлік-логистикалық хабтары мен аэро-карго терминалы. «Сырым» шекаралық өткізу пункті облыстың бас қақпасы іспеттес, Самара – Шымкент халықаралық күре жолының негізгі транзиттік көлік ағыны осы жерден өтеді.

ман1

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлемнің барлық елдерімен және Кедендік одақ (Еуразиялық экономикалық одақ) елдерімен арадағы сыртқы сауда айналымы 4601,1 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі уақытта облыс нарығында жоғары сапалы кешенді қызмет көрсететін көлік-логистикалық орталықтар мүлдем жоқ. Сол себепті «Сырым» және «Тасқала» шекаралық өткізу пункттерінде көлік-логистикалық хабтар құрылысын салуға, дамытуға инвесторлар керек. Облыс әкімдігі және «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ құрылысқа қатысушы инвесторларға 10-12 га бос жер телімдерін ұсынады, инфрақұрылымдық коммуникацияларды тартып береді (газ, электр және су құбыры желісі), жылдамдығы жоғары интернет және мобильді байланыспен қамтиды.

ман10

Күн сайын Тасқала, Сырым шекара пунктттері арқылы 3000-нан 7000-ға дейін көлік өтеді. 2017-2019 жылдар аралығында өңірдегі автокөлік тасымалдарының қарқыны 76,4%-ға, яғни тәулігіне 36782-көліктен тәулігіне 64752 көлікке дейін өсті. Ал автокөліктердің өту қарқыны 44%-ға, яғни  тәулігіне 10894 бірліктен 15715 бірлікке дейін артты.

сл1

Бүгінде «Сырым» шекара өткізу пунктінде «Сырым» көлік-логистикалық оратлығының жобасы іске асырылуда. Жеке инвестор бұл жобаға 800 млн теңгеге дейін инвестиция салуды жоспарлады. Карго терминалы құрылысына және оны басқаруға  әлеуетті инвестор «Universal import & export» компаниясы деп анықталды. Оралдағы әуежайда карго терминал салынады. Компания әуе жіне көлік жүктерін әлем елдеріне, Орта Азияға, еуразиялық одақ елдеріне, Ресейге және кері бағытта тасымалдауды жоспарлап отыр. Көлік-логистикалық хабтардың сәтті жүзеге асырылуы өңірге макроэкономикалық әсерін тигізеді. Жүктер мен тауарларды жылжытуға жұмсалатын шығындар үлесі ЖІӨ құрылымында 5-10%-ға, логистикалық шығындардың төмендеуіне байланысты инфляция деңгейі төмендейді. Сондай-ақ өндірістерді орналастыру бойынша жобалардың инвестициялық тартымдылығы артады.  Қазіргі заманғы тиімді логистикалық механизм құру арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Хабтар құру өндіріс орталықтарын тауарлар жеткізуге арналған интеграцияланған логистикамен қамтып қана қоймай, қойма қорларын оңтайландырып, «қатып қалған» қаржылық ресурстарды айналымға шығаруға жол ашады. Ал жанама әсерлердің ең маңыздылары: тұтыну нарықтарының қызмет ету тиімділігі өседі, тұтыну бағаларын төмендету арқылы тауарлардың қолжетімділігі артады, соның нәтижесінде  халықтың өмір сүру сапасы жоғарылайды және делдалдарды төмендету (біртіндеп «құрту) іске асады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале