7.12.2021, 10:10
Оқылды: 106

 Елдікке үндеген ерлік сабағы

Таяуда Орал қаласында ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептегі облыстық әскери-патриоттық тәрбие орталығында ерлік пен елдікті дәріптейтін сабақ өтті. Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. 

11

Аталмыш іс-шараға қала мектептеріндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар алдымен осы орталықтағы әскери-тарихи музейде болып, жәдігерлермен танысты. Сонымен бірге Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы мен Сағадат Нұрмағамбетов жөнінде тү-сірілген фильм көрді.

Ерлік сабағына 1941 жылдың қарашасында Мәскеу түбінде болған қиян-кескі шайқастағы қазақстандықтардың ерен ерлігі арқау болды. Іс-шараға қатысқан Ресей Федерациясының Орал қаласындағы Бас консулдығының вице-консулы Хаджимурат Атмурзаев Ұлы Отан соғысындағы ең сұрапыл шайқастардың бірі ретінде тарихта қалған ұрыстағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін баяндады. Фашист әскері алғаш рет осы шайқаста ауыр жеңіліске ұшыраған еді.  Ал ҚР ҚМ «Қорғаныс күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, Ауған соғысының ардагері Анатолий Боровский генерал-майор И. Панфилов басқарған Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы жөнінде сөз алды. 28 панфиловшының күші басым жаумен қаймықпай соғысып, ерен ерлікпен төтеп берген ерік-жігерін шынайы әңгімеледі. «Өткенді білу – өскеннің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеннің белгісі» деген бар. Ерлік сабағы ел басына күн туған шақта жұдырықтай жұмылған қазақстандық жауынгерлердің ерлігін  дәріптеуді, келер ұрпаққа насихаттауды көздейді», – дейді Анатолий Боровский. «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК директоры Марат Тукпаев жастарды елдікке тәрбиелеудегі ерлік сабағының маңызын атап өтті.  Аталмыш іс-шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, орталықта өткен екі  сабаққа 226 оқушы мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері қатысқан.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале