2.06.2022, 9:15
Оқылды: 111

Электр қуатының импорты азаймақ

Шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында жаңартылған энергия көздерін орнату жоспарлануда. Жаңартылған энергия ошақтары өңірдегі электр қуатының импортын азайтуға мүмкіндік береді. 

5eca8c74e9f905a851cd3df1b95d90d6_original.75921Фото дереккөзі: gov.kz

Аталмыш  аудандар электр қуатын әлі күнге дейін Ресей Федерациясынан алып келеді. Ал дәл қазір қос ауданға қолданыстағы желілер арқылы өзіміздің электр энергиясын жеткізуге жағдай жоқ. Бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты. Оның сөзінше, бүгінде 14 млн/кВт сағат электр қуаты Ресейден жеткізіледі. Бұл барлық тұтынылатын электр қуаты көлемінің 1,7 пайызы. Спикер  баламалы қуат көздерін іске қосу, энергияны үнемдеу және оның тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыс жалғасатынын жеткізді. Мәселен, «Green Service Company» ЖШС жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша жұмыстанып жатыр. Аталмыш мекеме қуаты 2,5 МВт электр қуатын өндіретін қатты тұрмыстық қалдықтарды  энергетикалық кәдеге жарататын нысан салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба арқылы өндіріс және тұтыну қалдықтарын полигондарға тасымай-ақ қала аумағын санитарлық тазартуға болады.

Миржан Жанғазыұлының айтуынша, жаңартылатын энергия көздеріне, яғни күн және жел қондырғыларына мониторинг жүргізіледі. Жеңілдетілген субсидиялау бағдарламасы аясында 1102 шаруашылық 1122 қондырғы сатып алып, 1224 күн панелі мен жел генераторын орнатқан. Спикер өз сөзінде өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй секторлары, көше жарығын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл  көппәтерлі тұрғын үйлерді  9 жоба бойынша жаңғырту жоспарланып отыр.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале