29.01.2024, 17:00
Оқылды: 49

Елімізде 11 күнде тұрмыстық жанжал туралы 4 мыңнан астам хабарлама тіркелді

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты.

телефон

Фото: zhaikpess.kz

«Осы жылдың 15-26 қаңтары аралығында ел аумағында «Тұрмыс» алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның қорытындысына сай полицияда отбасылық, тұрмыстық жанжал туралы 4 мыңнан астам хабарлама тіркелді. Соның 1,5 мыңын полиция қызметкерлері өздері үйлерді аралау барысында анықтады. Іс жүзінде «агрессорлардың» барлығы немесе 95 пайызы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

ІІМ өкілі отбасылық жанжалдың негізгі себебі маскүнемдік, лудомания, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және соның салдарынан отбасы институтының жоғалуы екенін айтады.

«Осындай зорлық-зомбылықтың себептерін уақтылы анықтау және жою үшін алдын алу іс-шаралары қолға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бұрын полицияның назарына түскен 39 мыңға жуық адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қауіптілік деңгейін анықтау үшін 3 669 отбасыдан сауалнама алынды. Сауалнама нәтижесінде 559 отбасында қайта құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары екені анықталды. Сондай-ақ құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін психокоррекциялық курстардан өз еркімен өту ұсынылды. Өмірлік қиын жағдайдағы 675 отбасы, оның ішінде қолайсыз әлеуметтік ортадағы зорлық-зомбылық белгілері бар балалары анықталды. Олар туралы көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілді», — деді Ақмарал Серікбаева.

kaz.inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале