12.04.2022, 12:00
Оқылды: 110

Елімізде тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6 пайызға өсті

Жыл басынан бері елдегі ауыл шаруашылығы, өсімдік және тамақ өнімдерінің көлемі артты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

57

«Биылғы 3 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайып, 700,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 2% ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 1,2%-ға, сүт өндіру көлемі 1,3%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6%-ға өсті», - деді Ербол Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл ретте 42,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100% құраған.

Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта, яғни жылыжайда өсіру есебінен мүмкін болды.

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсім қарқыны 6 облыста байқалды.

Олар – Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Ақмола облыстары.

«Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,8%-ға өсіп, 607,8 млрд теңгені құрады. Бұл ретте өңделген және консервіленген көкөніс өндіру көлемінің 1,8 есе, ұнның 23%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 21,5%-ға, жарманың 8,3%-ға, шұжық өнімдерінің 7,8%-ға, макаронның 5,3%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 2,6%-ға артқаны байқалды. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 35,8%-ға ұлғайып, 34,1 млрд теңгені құрады. Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдауда», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале