2.07.2021, 17:20
Оқылды: 833

Ең қомақты бюджет – 327,6 млрд теңге

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы онлайн режімде өтті. Сессияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.

 с2

Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 15 желтоқсандағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың баяндауынша, облыстық бюджет көлемі 41,1 млрд теңгеге ұлғайтылды. Оның ішінде 30,1 млрд теңге республикалық бюджет пен ҚР Ұлттық қоры есебінен нысаналы трансферттер мен несиелер есебінен болды. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыруға бағытталатын шығыстар 21,2 млрд теңгені құрайды.

с1

- Енгізілген өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет 327,6 млрд теңгені құрады. Бюджеттің негізгі бағыттары – облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру, әлеуметтік қаматамасыз ету деңгейін қолдау, инфрақұрылымды дамыту. Бюджет нақтылануының ең үлкен бөлігі 12,2 млрд теңге ( 30,1%) көлік инфрақұырылымының басым жобаларын қаржыландыруға бағытталды. Атап айтқанда, облыстың аудандары мен Орал қаласынның аутокөлік жолдарының күрделі және орташа жөндеу, құрылыс және қайта құруға жұмсалады, - деді Т.Каюпов.

Инвестициялық жобаларды ескерумен әлеуметтік салаға 4,6 млрд теңге жолданды. Олардың ішінде Ақжайық, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында модульдік амбулатория және медициналық пункт ғимараттарын сатып алуға, медициналық құрал-жабдықтар мен санитарлық аутокөлік сатып алуға бағытталды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы»  аясында Теректі ауданының Федоровка ауылында емхана құрылысын бастауға қаражат бөлінді. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Теректі, Казталов аудандарында 2 мектептің, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Бәйтерек аудандарында 6 мәдениет нысанын күрделі жөндеу қарастырылды. Одан басқа Казталов, Бөкей ордасы аудандарында 2 мектеп, Бөрлі ауданының Ақсай техникалық колледж ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы бөлінді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауға 3,3 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде тыңайтқыш құнын және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, Ақжайық және Бөрлі аудандарында жағалауды бекітудің екі нысанының құрылысын жүргізуге бөлінді. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиелердің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға 3,3 млрд теңге бағытталды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін несие беруге 2,2 млрд теңге қарастырылды.

с3

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салуға – 1,7 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға – 900 млн теңге, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 1,5 млрд теңге бөлінді.  Казталов, Жаңақала, Теректі, Бәйтерек аудандарын газбен жабдықтау  желілерінің құрылысы мен әлеуметтік нысандарыды газбен жабдықтауға шамамен 1 млрд теңге қарастырылды.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев облыс қазынасының 41,1 млрд теңгеге ұлғайғанын, соның 50 пайызы – 21,2 млрд теңгенің сайлауалды бағдарламаларды, халықтың аманаттарын орындауға бағытталуын қуантарлық жағдай дей келе, партияның бірқатар жобасы нақтылауға ілікпегенін жеткізді. Алдағы уақытты сайлауалды бағдарламаларда көрсетілген көрсеткіштер, әр елді мекеннен алынған аманаттар ескерілсе деген ұсынысын айтты.

Депутаттар «Орал қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және дегельминтизация жасау, бірдейлендіру, биозарарсыздандыру, екпе жасау, қызметі» мемлекеттік – жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәселені қарап, мақұлдады.

Сессияны Мұхтар Манкеев қорытындылап, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген халықтың аманаттарын орындаудың маңыздылығын, оның атқарушы құрылымның назарында екенін жеткізді. «Бұрын болмаған ең көлемді бюджет қабылданып отыр. Сондықтан оны игеру – атқарушы құрылымның, барлық басқарманың жауапкершілігінде. Бюджетті жөнімен игеруде тек басқармалардың емес, депутаттардың да күші керек болады. Қазіргі кездегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәрігерлердің жұмыстарын қолдауымыз керек. Сол мақсатта жалақыларын көтеріп, осы бағыттағы шығындарды көбейтіп отырмыз. Жыл соңына дейін біраз шаруа атқарылады», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале