26.04.2022, 16:15
Оқылды: 130

«Ең жақсысы әлі алда...»

Өңірдің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, ұстаздық қызметін іскерлікпен ұштастырған ардагер-ұстаз С.Бисембаеваның мерейлі жасына орай білім беру қызметкерлері мерекелік кеш ұйымдастырды. Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов және өңірдегі білім мекемелері ұжымдары құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды.

0

«Құрмет ордені», ҚР білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгілерінің иегері Светлана Иргалиқызына арналған тарту өз үйінің ауласынан бастау алып, Абай алаңы, Ж.Молдағалиев тынымбағында және Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда жалғасты. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы А.Темірханова бастаған білім беру саласы қызметкерлері мерейтой иесін қошеметпен күтіп алды. Алаңда би қойылымын, тынымбақта қосымша білім беру ұйымдарының көрмелерін тамшалады.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Ең  жақсысы әлі алда...» атты шығармашылық кешті облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов құттықтау-лебізімен ашты. Қала әкімі Абат Шыныбеков Светлана Ирғалиқызының 90 жылдардың қиын кезеңдердегі білім саласындағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.

1

Шара барысында «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик А.Әйтімов, облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық ұйымының төрағасы М.Даупаев, ардагер-ұстаз Е.Сапаров, қалалық білім беру бөлімінің басшысы А.Темірханова және облыстық білім беру ұйымдары басшылары Светлана Бисембаеваның басшылығымен іске асырылған жұмыстарға тоқталды. Өз қызметтерінде Светлана Ирғалиқызы салып кеткен даңғылды жалғастырып, маңызды шешімдер қабылдауда әрдайым дара тұлғаның ұстанымын үлгі тұтатындарын жеткізді.

29

Светлана Бисембаева ұстаздық жолын 1973  жылы Орал қаласындағы №16 орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде бастап, 1980-82 жылдары қалалық білім беру бөлімінің  инспекторы қызметін атқарды. 1989 жылдан бастап 13 жыл Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы, 2002 жылдан бастап 8 жыл БҚО білім басқармасының басшысы лауазымдарын абыройлы атқарды. Светлана Ирғалиқызының басшылық лауазымға келген кезеңі тәуелсіздік алып, еліміздің жаңа қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс болды. Жүйені қалыптастыру, бастамаларды жүзеге асыруда ұтымды ұйымдастырылған жұмыстың арқасында білім саласы жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Білім беру мазмұны жаңарып, білім беру ұйымдары мен мектептен тыс ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Жабдықтармен жарақталған жаңа оқу кешендері, мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Инновациялық оқу орындарының  желісі кеңейтілді. Білім саласындағы құрылыс және күрделі жөндеу, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Облыстық білім беру ұйымдарының желісі жаңа мектептер ашу  арқылы кеңейді. Республикалық бюджет қаражаты  есебінен сегіз мектеп құрылды. Барлық ауданда кәсіптік мектептер ашылды.

27

Ұлағатты ұстаз ұлықталған кеште Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Ф.Оразав мерейтой иесіне арнау орындап, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері, жас скрипкашылар, филармония өнерпаздары әдеби-музыкалық сәлемдемелерін жолдады. Сондай-ақ Орал қаласы мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары педагогтары хормен  ән-шашу жасады.

4

Шара соңында мерейтой иесі Светлана Бисембаева сахна төріне көтеріліп, өткен күндерді  тебіреніспен еске алды. Әсерлі кеш ұйымдастырғаны үшін әріптестеріне, құрметтеп келген сала қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Эльмира Нұғманова,

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале