23.05.2022, 10:16
Оқылды: 107

Еңбегін елге арнаған

Орал қаласында парасаты биік, ниеті түзу бір азамат тұрады. Қазақ халқын да, тілі мен салт-дәстүрін де қадір тұтады. Ол – Виктор Киянский.

3

Өмір жолына зер салсақ, В.В.Киянский 1947 жылы 20 мамырда Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының Нефорощанка ауылында дүниеге келген. Әкесі Владимир Федорович Ұлы Отан соғысының ардагері болған, Курск майданына қатысқан. Сол жерде ауыр жарақат алған. Елге оралған соң, туып-өскен өңірін өркендетуге бар ғұмырын арнады. Бөрлі ауданындағы «Заветы Ильича» ұжымшарының төрағасы болған, кейін Бөрлі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ақсай қаласының басшысы қызметтерін атқарып, зейнет демалысына шыққан. Анасы Анна Егоровна пошта қызметкері болған. «Қазақ КСР Байланыс саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағының иегері. Міне, осындай отбасында тағылым алған Виктор Владимирович білімді, қатарының алды болып өседі. 1965 жылы Ақсай қаласындағы №1 орта мектепті күміс медальмен тәмамдаған.

Бүгінде етжеңді, денесі толық адамға қарап, бір кезде жеңіл атлетикамен айналысқан деп айта алмайсың. Иә, біздің кейіпкер жас кезінде спорттың жүгіру, секіру сияқты түрлерімен айналысып, жақсы табыстарға қол жеткізген. Айталық, 100 метрге жүгірудегі көрсеткіші – 11,6 секунд. Ұзындыққа секіруде 6,65 метрді, ал үш қарғып секіруде 12,5 метрді бағындырған. Кейін уақыт өте келе өзі бітірген Ақсай қаласындағы №1 мектепке Мәжіліс депутаты ретінде кездесуге барғанда ерекше құрметпен қарсы алды. Ал мектептің спорттық жетістіктерін көрсететін тақтада 1965 жылғы өзі орнатқан рекорды әлі жаңармаған екен. «Оқушы В.Киянскийдің ұзындыққа секірудегі нәтижесі – 6,65 метр» деп әлі жазулы тұр.

1970 жылы Ташкент мемлекеттік университетін үздік бітіріп, біліктілігі жоғары физик-химик мамандығына ие болған. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық университетінің аспирантурасына түсіп, ғылымға ден қояды. Үздіксіз ізденістердің нәтижесінде ғылыми диссертацияларын сәтті қорғап, 1980 жылы химия ғылымдарының кандидаты, ал 1990 жылы техника ғылымдарының докторы, профессор атанды. Ол – Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылымдары академиясының академигі.

Орал қаласындағы «Омега» зауытында (1972-1983), Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында (1983-1994) еңбек етіп, ғылыми жұмысын жалғастырды. 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің XIII шақырылымына депутат болып сайланды және сол жылы ТМД Парламентаралық ассамблеясының қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы болды. 1996-1997 жылдары - «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ өңірлік филиалы директорының орынбасары, ҚР Мемлекеттік стандартының сарапшы-аудиторларының Батыс Қазақстан Оқу орталығының басшысы.

1996-2000 жылдары БҚО әкімінің ғылым және экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды. 2007 жылға дейін Қазақстан халқы ассамблеясының Жайық өңіріндегі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2007 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

В.Киянскийдің ғылым жолында жеткен жетістіктері де айтарлықтай. Ол – жеті өнертапқыш жаңалықтың авторы. Микропроцессорлық нанометрді өңдегені үшін 1990 жылы ВДНХ күміс медаліне ие болды. Ғылыми басылымдарда 300-ден астам мақаласы жарияланған. Он екі кітаптың авторы. Соның ішінде: «Сапа менеджменті – бәсекеге қабілеттілік философиясы», «Сапа менеджменті және экологиялық менеджмент жүйелері аудитіндегі этика және психология», «ИСО 14001:2004 бойынша қоршаған ортаны қорғауды басқару және менеджмент жүйелерін ықпалдастыру», «Еуразия. Америка. Сапа», «Экология немесе Орал өңірінің тағдыры» ғылыми еңбектері ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Мемлекеттік марапаттарға ие болды. ІІ дәрежелі Достық және Парасат ордендерінің иегері.

В.В.Киянский батыс өңі-рінің экологиясын зерттеуге көп еңбек сіңірді. Айталық, 1990 жылдардың басында Капустин Яр сынақ аймағының зардабын зерттеу мақсатында құрылған экспедиция мүшелері Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарын аралады. Хан ордасы ауылында үлкен жиын өтті. Оған сол кездегі облыс басшысы
Қабиболла Жақыпов, «Нарын» қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсінов, жазушы Энгельс Ғаббасов және басқа да беделді азаматтар қатысты. Сол оқиғаны еске алған Виктор Киянский: «Атырау облысындағы Азғыр жеріне дейін барып қайттық. Хаки соры біздің зерттеу нысанымызға айналды. Өйткені онда құлаған ракета сынықтары өте көп. Үлкен сордың әр жерінен суын, топырағын зерттеуге алдық. Экспедицияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі қаржыландырды. Зерттеу нәтижесінде есеп беру баяндамасы жазылды», - деді.

Депутат кезінде сынақ аймағының зардабы туралы бірнеше мәрте мәселе көтеріп, жан-жануарларға тигізіп отырған залалы туралы Үкіметке сауал жолдады. Сол кезеңде киіктердің жаппай қырылуы орын алғаны белгілі. Жайық өзенінің экологиялық жағдайы, тартылып бара жатқаны туралы мәселе көтерді. Бұл тұрғыда ол: «Алдағы кезеңде көктемгі қар суын жинайтын жасанды көл жасауды қолға алу керек. Ертеде ата-бабаларымыз қолмен арналар қазып, құдықтар дайындап, қардың суын жинаған. Орал қаласына жақын жерде және басқа аудандарда су қоймасын жасайтын алаңдар бар. «Көктемгі су ауылды басып кетті!» деп жатамыз. Ал дұрысында оны тиімді пайдалана білсек, ол да байлықтың бір көзі. Тоғандар салу керек. ХХІ ғасыр – таза ауыз су ғасыры! Бұл – ешқашан өзектілігін жоймайтын мәңгілік мәселе. Әлемде көптеген елдер су жетіспеушілігінен зардап шегуде. Біз көктемде суды жинап алсақ, жазда нәтижесін көреміз. Жасанды көлдердің айналасында өмір қайнап жататын болады. Жабайы құстардың өсіп-өнуіне жағдай туады. Сондай алқаптардан мал азығын дайындауға болады. 1999 жылы шыққан Жайық өзенін қорғау туралы кітабымда нақты жобалар көрсетілген. Сол сияқты Шалқар көлін зерттедік», – деп өз ұсыныстарын алға тартты.

Оны Жайық бойының жай-күйі алаңдатады. Әсіресе батыс аймақта жол проблемасы өткір тұр. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов өңірге арнайы сапармен барып келді. Сонда жол мәселесі басты тақырып болды. Облыс үлкен жолдың бойында орналасқан. Айталық, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі Ақтөбе облысы арқылы Ресей аумағына шығып кетеді. Дегенмен Ресейдің Волгоград, Астрахан облыстарына, одан әрі Кавказ республикаларына баратын қарым-қатынас Орал қаласы арқылы тиімді болатыны анық. «Орал қаласы – Азияның Еуропаға ашылған терезесі» деп бекер айтпайды.

Осы ойларды өрбіткен В.Киянский: «Облыс арқылы қаншама жүк көліктері, жеңіл автокөліктер өтеді?! Егер жол жақсы болса, ол да елдің қазынасын толықтыруға ықпал етер еді. Ал қазір соның бәрі артық жол жүріп, біздің өңірді айналып өтуде. Дұрыс қолға алынса, сапалы жол салу, оның инфрақұрылымын дамыту мемлекет үшін қиынға соқпайды», – деді.

Иә, бүгінгі таңда республикалық маңызға ие жол салынуда. Ол Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын қамтиды. Бисен ауылы арқылы Сайқын стансасына дейін жол салу жоспарланған. Әрине, бұл өте ұтымды жоба. Дегенмен Сайқынға, одан әрі Ресейге шығып кететін тура жол ескерусіз қалып қоюда. Қазір Жаңақала ауданына дейін тас жол барып тұр. Енді Жаңақала мен Бисен ауылының аралығын қосуды келешекте міндетті түрде қолға алған жөн. Екі араның қашықтығы 180 шақырым ғана. Осы екі арада көптеген елді мекендер бар. Жаңақаланың Жаңақазан, Жуалыой ауылдары бар. Бөкей ордасының Саралжын, Ұялы, Бөрлі және басқа ауылдары орналасқан. Ал тұрғындар жылдар бойы жолдың азабын шегіп келеді. Ол жолмен тек Қазақстанның автокөліктері ғана жүрмейді. Ресейдің және басқа елдердің көліктері де қатынайды. Олар жаңбыр жауса, батпаққа айналған, ал ашық күнде шаңы шығып жатқан грейдерді көріп: «Бұл қандай ел? Неге осыншама артта қалған?» деп сұрақ қойғанын талай рет естідік. Осы жолдың үзігін келешекте салу туралы пікірін сұрағанымызда, ол: «Дұрыс айтасыз. Бұл – маңызды бағыт. Өкінішке орай, елдің экономикалық жағдайы халықтың мұндай мұқтаждығын өтей алмай тұр. Жалпы, беделді ел боламыз десек, елді мекендерді қосатын сапалы жол салынуы тиіс. Заманауи жол салу мемлекеттің абыройын арттырады. Экономистер «Ол жолмен қанша машина жүріп өтеді?» деген сұраққа көп мән бере келіп: «Жол салу экономикалық жағынан тиімді емес», – деген қорытындыны алға тосады» деп жауап берді.

Бұл жерде ескеретін бір жайт, көлік өткізу мөлшері аз деген – желеу сөз. Ол жолмен күндіз-түні мыңдаған көлік өтіп жатады. Ал жақсы асфальт жол болса, тоқтау болмас еді.

«Егер сапалы жол болса, ол аудандарда экономикалық даму қарқын алады. Мал және ауыл шаруашылығы өркендейді. Елдің стратегиялық жоспарына сәйкес жолдарды кең салу қажет. Осы мәселені бәріміз көтеріп, қолға алғанымыз жөн. Бұл және Бисен, Орда, Сайқын ауылдарына жақын жол әрі Казталов арқылы жүргеннен гөрі экономикалық тұрғыдан өте тиімді», – дейді біздің кейіпкеріміз.

Одан әрі ол өңірді дамыту жайын қозғады. «Біздің облыста ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту мен жетілдірудің маңызы зор. Бидай, астық өндірумен шектеліп қалмай, қайта өңдеу ісін дұрыс жолға қою қажет. Өз астығымыздан экспортқа шығатын көптеген дайын өнімдерді жасауға болады. Мысалы, жылдам дайындалатын сорпа, кеспе өнімдері бізге басқа жақтан келеді. Осы істі жолға қоюға әбден болады. Халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің барлық түрін өзімізде шығаруымыз керек. Ірі және шағын кәсіпкерлік саласы өз қаржысын осы салаға салғаны жөн. Сондықтан қайта өңдеуді жетілдіру – өзекті мәселе», – деді. Ғалымның бұл ұсыныстары жерде қалмайды деген ойдамыз.

Келесі кезекте оның азаматтық ой-пікірін білу мақсатында «Депутаттық қызметтен кейін көп адам сайланған өңіріне кері оралмай, астанада қалады. Ал сіз неге бірден Орал қаласына тарттыңыз?» деген сұрақ қойдым. Ол бұған іркілместен:

– Астанада қалуға мүмкіндігім болды. Елордадағы екі-үш жоғары оқу орны профессорлық-оқытушылық қызметке шақырды, оларға рақметімді айттым. Батыс Қазақстан – менің туған жерім. Ұшақпен Орал әуежайына келіп қонғанда немесе пойызбен вокзалдан түскенде, жұпар ауасының өзі неге тұрады?! Әсіресе көктемде тал-терек, өсімдіктер гүлдеп, бүр жарып, қош иісін бөлген кездегі даланың тұнық ауасын ештеңемен теңестіруге болмайды. Ақ Жайықтың жағасы қандай?! Көктемде тасып-толқып ағып жатады. Қайталанбас сәулетті ғимараттары бар Орал қаласының өзі мен үшін ыстық! Бұл қаланың тарихи маңызы зор. Жайық қалашығы аталған кезден бері небір оқиғаларды бастан кешкен. Танымал тұлғалар келген қала. Талай адамдардың тағдырына ықпал еткен. Көне үйлердің әр тасына терең үңілсең, ғасырлар үнін бізге жеткізіп тұрғандай. Ақын-жазушыларға орнатылған ескерткіштер көп. Мұндай көрініс басқа қалада кездеспейді.

Мен үшін Орал қаласынан артық жер жоқ. Биыл көктемде қаланың тазалығына мән берілгеніне риза болдым. Барлық жерде сенбіліктер өтіп, талшыбықтар отырғызылып, гүлдер егіліпті. Соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүруде. Қала жаңғыру үстінде.

Бұл – өнердің өлкесі, әнші-күйші, ақындардың мекені. Құрманғазы мен Динаның отаны. Сондықтан өзіне тартып тұрады. Алғаш рет келген адам таңғалғанын жасырмайды. Ал осы жерде кіндігі кесілген адам болса, ол бұл өңірді сағынбай тұра алмайды. Орал қаласы мені де құшақ жайып қарсы алады. Балалық шағым Бөрлі ауданында өтсе, қызмет істеген жылдарым қалада өтті. Философиялық тұрғыда алғанда, күн шығыстан шығып, батысқа барып батады. Яғни «батыс» сөзі «бата» сөзіне ұқсас келеді. Баталы өңірде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын.

Ел тағдыры әр азаматты ойландырады. Осы ретте Мемлекет басшысының жаңа реформалары және Қазақ елінің келешегі туралы пайымды пікірін сұрадым. Бұл сауалға Виктор Киянский:

– Соңғы 20 жыл ішінде еліміздің саяси-қоғамдық істеріне белсенді араластым. Түрлі деңгейдегі саяси қайраткерлердің, жергілікті азаматтардың өсіп-жетілгені менің көз алдымда өтуде. Қазақстан дұрыс даму жолында келе жатыр. Оң өзгерістер көп. Мемлекеттік құрылымдардың жұмысын тиімді жүргізу жолға қойылуда. Бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде мемлекеттік тәртіпті орнату, халықты әлеуметтік қолдау жағынан жаңғыртуда жаңа қадамдар жасап жатқаны – заңды құбылыс. Ол реформатор, бастамашыл адамдар қатарына жатады. Қазір мемлекетті жан-жақты жетілдіру бағытындағы істері дұрыс екені сөзсіз. Өйткені қашанда жүйе бір орнында тұрып қалса, ол ескіреді.

Қазақстан бүгінде өзінің сындарлы ұстанымын сақтай отырып, саяси күштердің ортасында өз орнын тауып отыр. Бейбітсүйгіш мақсатты көздейміз. Ешбір елге қарсы қоятын талабымыз жоқ. Біз ештеңені де қайта қарастыру әрекетінен аулақпыз. Ешкімді кемсітпейміз. Қазір күрделі кезең. Кәсіби дипломат және сол сала бойынша бірнеше кітап жазған қайраткер ретінде Қ. Тоқаев көрші елдермен де, алыс шетелдермен де дипломатиялық қарым-қатынасты жақсарта түсті. Заң шығарушы құрылымда да, атқарушы билікте де жұмыс істеді. Сыртқы саясатпен айналысты. Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет жасады. Халықаралық деңгейде тәжірибесі мол адам. Білім мен тәжірибе – үлкен күш. Соны ел игілігіне арнау – азаматтық парызы. Әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның мәртебесін көтеру жолында қажырлы қызмет етуде. Сондықтан мен Қазақ елінің келешегіне зор сеніммен қараймын, – деп әңгімесін түйіндеді.

В.Киянский өмірлік зайыбы Ольга Михайловна екеуі берекелі ғұмыр кешуде. Ұлы ер жетті, қызы өз орнын тапты. Бүгінде немерелері өсіп келеді.

Айбатыр Сейтақ,

журналист,

Нұр-Сұлтан қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале