ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы оқыту мен білімін тексерудің жаңа қағидаларын қолдануға қатысты азаматтар мен ұйымдардан өтініштер келіп түсуде.

Сурет: gov.kz
Еске салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 мамырдағы №223 бұйрығымен осы рәсімге жаңа тәсілдер енгізілген. Атап айтқанда, құжат оқу орталықтарына қойылатын нақты талаптарды, олардың тізбесін қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ мамандардың жекелеген санаттарын даярлаудың арнайы тәртібін белгілейді.
Жұмыс берушілердің, оқыту ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып, Министрлік аталған қағидаларды қолданысқа енгізу мерзімін 2026 жылғы 12 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы бастама көтерді.
Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін ведомство оларды әлеуметтік әріптестермен, кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен және өзге де мүдделі тараптармен жан-жақты талқылауды жалғастырады. Талқылау қорытындысы бойынша теңгерімді шешімдер қабылданып, қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілетін болады.