Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп белгілеген болатын. Осыған орай «Орал» спорт клубында өңірдегі кәсіпорындардың жұмысшы мамандары арасында «Еңбек кубогы – 2025» атты шағын футбол кубогы өтті.
Ала доп бәсекесінің ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Ғиниятов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Жыл басынан бері Жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Еліміздің, өңіріміздің экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан мамандар болса, ол – еңбек адамдары. Жұмысшы мамандықтарын қолдауға арналған бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, - деді Аслан Тапишев.
Аталған жарысқа қаламыздағы зауыт пен өнеркәсіп, тұрғын үй кешенінің жұмысшыларынан құралған 11 команда қатысты.
«ОралАгроРемМаш» ЖШС-ның қызметкерлері 2015 жылдан бері түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Команда жетекшісі Айдын Камилов жарысқа жақсы дайындықпен келгендерін жеткізді.
– «ОралАгроРемМаш» компаниясының «Uarn» деп аталатын шағын футбол командасы бар. Команда қазіргі таңда БҚО футзал қауымдастығы ұйымдастыратын лигага дайындалуда. 2017 жылы қалалық лиганың шемпионы атанған еді. Одан кейін де жарқын жетістіктерімен танылып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Ұжым қызметкерлері бұған дейін қаламызда өткен жеңіл атлетика, ұзақ қашықтыққа жүгіру секілді спорттық жарыстарға белсенді қатысты. Биыл «ОралАгроРемМаш» ЖШС-ның құрылғанына 70 жыл толды. Біз үшін бұл да бір айтулы мереке, – дейді Айдын Камилов.
Жарыс қорытындысы бойынша «Жайық Агро ЛТД» ЖШС командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ команда қақпашысы Жомарт Болатов «Үздік қақпашы» аталымына лайық деп танылды. Екінші орынды «Sun Sity» тұрғын үй кешені командасы иеленсе, машина жасау және технологиялық жабдықтар өндірісімен айналысатын «БҚМК» АҚ командасы үшінші орынды місе тұтты. «Sun Sity» тұрғын үй кешені командасының ойыншысы Тимур Мұхамадияров жарыстың «Үздік ойыншысы» болса, «БҚМК» АҚ командасының ойыншысы Нұрперзент Қайыржанов «Үздік шабуылшы» атанды. Жүлдегерлерге кубоктар мен алғысхаттар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»