15.08.2022, 9:30
Оқылды: 784

Еңбек озаттарының жүзі жарқын!

Тамыз айының екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні. Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімі Ғали Есқалиев Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында құрылыс саласының мамандары мен ардагерлерін  құттықтап, еңбек озаттарына алғысхат табыстады.

 2

– Құрылыс саласының мамандары мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Құрылыс индустриясы – экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Елімізде, облысымызда салынған әрбір ғимаратта сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Құрылысшылар күнінің тойланып келе жатырғанына  биыл – 25  жыл. Осы жылдар аралығында аталмыш сала өкілдері Орал шаһарымыз бен аудан-ауылдарымызды көркейтуге зор үлес қосты. Көшелер абаттандырылып, тасжолдар төселіп, инженерлік желілер тартылуда. Әлеуметтік нысандар салынуда. Аудан орталықтарында спорт кешендер бой көтеруде. Былтыр 591 мың шаршы метрді құрайтын 4200-ден астам пәтер, «Атамекен» өнер ордасы, сондай-ақ мәдениет саласы бойынша үш нысан,  бес  спорт кешені пайдалануға берілді. Заманауи әуежайымыз да салынды.  Ал биыл 600 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді облыс тұрғындарының игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын баспанаға мұқтаж көп балалы жанұялар мен табыс-кірісі аз отбасылар жаңа баспанаға қол жеткізуде.  Сонымен қоса 19 әлеуметтік  нысанның құрылысы жүріп жатыр. Осы ауқымды жұмыстар құрылыс саласының білікті де білімді, іскер мамандарының арқасында жүзеге асуда. Кәсіби мереке қарсаңында сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

Салтанатты  жиында еңбек озаттары марапаттарға ие болды. Айта кетсек, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі «Болашақ – Т» ЖШС-ның бас директоры Асқар Кущанов пен «Орал су жобалау» ЖШС-ның жобалау бойынша бас инженері Юлия Коноваловаға табысталды. Сондай-ақ аталмыш марапат «СПС» ЖШС бас директорының орынбасары Болат Жұманов, «KazConstructionGroup» ЖШС директорының орынбасары Манарбек Құсайыновқа да берілді. Ал «Орал жолдары» АҚ-ның техник-зертханашысы Ирина Верзунова мен «Uniserv» ЖШС бас директорының жол құрылысы жөніндегі орынбасары  Жасқайрат Ғаббасов «Қазақстанның құрметті жолшысы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бір топ құрылысшыға  облыс әкімінің алғысхаты мен «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале