Өткен аптаның соңын ала облыс орталығындағы Жоғары аграрлық-техникалық колледжде жұмысшы мамандарды даярлау мәселелерін қамтыған кеңейтілген кеңес өтті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысқан жиын алдында көпшілік назарына өңір колледждері студенттерінің жетістіктерін және маман даярлаудағы мүмкіндігін паш еткен көрме ұсынылды. Ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар, медицина салалары мамандарының игі істерін көрсететін көрмені аралаған Нариман Төреғалиұлы жастармен тілдесіп, оқу орындарының басшыларынан маман даярлау ісін жетілдіру бағытындағы жоспар-жобалары жайында сұрап білді.
Ел Президенті былтырғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысының бастамасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тың серпін берері сөзсіз. Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау керек. Еңбек еткендердің кәсіби тұрғыда шыңдалуына жағдай жасау – биылғы жылдың ғана емес, осыған дейін де әрі болашақта да атқарылатын басты міндеттердің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін айтты. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттай түсу керек. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Студенттермен тілдескен облыс әкімі өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра түсетінін ерекше атап өтті.
– Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, үлкенді-кішілі кен орындарын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді. Жұмысшылардың мәртебесін көтеру дегеніміз – бүкіл еліміздің ертеңгі өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына үлкен әсер ететінін естен шығармауымыз шарт. Сол себепті де өмірін еңбекке арнаған жастарды қолдаймыз, еңбек етіп жүргендерге қол ұшын созамыз. Ал үздік маман иелеріне тиісті деңгейде сый-құрмет көрсететін боламыз, – деді өңір басшысы.
Осы күні облыстағы техникалық колледждердің материалдық-техникалық әлеуеті жаңартылуда. Біраз оқу орны жаңа заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Соның арқасында маман болам деген жастар шағын ғана колледж қабырғасында жүріп-ақ, көп нәрсе үйренуге мүмкіндік алды. Тігінші мамандығын таңдаған «Орал сервис және жаңа технологиялар» колледжінің студенті Маргарита Сармина болашақта елге танымал дизайнер болуды армандайды. Студент тігіншінің айтуынша, өзі оқитын білім ошағында оған барлық жағдай жасалған.
– Қазір киім тігудің әліппесін үйрендім. Ұстаздарым берген білімнің арқасында кей киім үлгілерін өзім пішіп, өзім тіге алатын жағдайға жеттім. Мен таңдаған мамандық қашанда сұранысқа ие. Сондықтан алдағы уақытта жұмыссыз қаламын деген қорқыныш жоқ, – дейді жас тігінші.
Соңғы жылдары өңірде медицина мамандарының тапшылығы сезіледі. Облыс орталығында кіші медицина мамандарын даярлайтын екі колледж бар. Халық денсаулығы қашанда ұдайы назарда екендігін айтқан облыс әкімі басы ауырып, балтыры сыздағандарға қол ұшын созатын маман даярлайтын оқу орнына ерекше көңіл аударылатынын да тілге тиек етті. «Мақсат» медициналық колледжінің директоры Мақсот Бергеннің айтуынша, медицина колледждерінің түлектеріне деген сұраныс жоғары көрінеді. Өңір аудандары мен облыс орталығында және көрші облыстарда да Орал қаласындағы медициналық колледжінің түлектері еңбек етеді.
– Біздің колледжді бітірген мамандардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Соның өзінде фармацевт, стоматолог сынды мамандар жетпейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңір студенттерін тәжірибе алуына және жұмыспен қамтуына барынша жағдай жасап отыр. Соның арқасында біздің мамандар үнемі сұранысқа ие, – деді Мақсот Берген.
Өңірдегі техникалық және жұмысшы мамандықтарды даярайтын колледждердің біразында студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыруына жағдай жасалған. Көшпелі көрме мен отырыстың жоғары агротехникалық колледжде өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені аталған оқу орны – еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі. Бұл колледж қазіргі заманғы талапқа сай оқу құралдарымен толық қамтылған. Кәсіби бағдар беруді жүйелі жүзеге асырып келеді. Агротехникалық колледж 15 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Оқу орнының директоры Әли Масалимовтың айтуынша, бұл жерде 1000-нан астам студент білім алуда.
– Біздің колледждің басты жетістігінің бірі электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша «NCCER» халықаралық стандартына сай аккредиттеуден өткені. Биыл колледж базасында халықаралық салалық стандарттарға сәйкес келетін құзыреттілік орталығын құратын боламыз, – деді Әли Масалимов.
Кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерін ірі бизнес қауымдастықтарының қамқорлығына беру үшін 22 колледж бен 26 кәсіпорын арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Соның арқасында корпоративтік басқару жолға қойылды. Өңір колледждеріне қамқорлық танытып отырған кәсіпорындардың бірі – «ҚПО б.в.» компаниясы.
– Алдағы уақытта «10 жаңа бастама» атты жобаны қолға алмақпыз. Соның арқасында тек студенттердің ғана емес, мұғалімдердің де біліктілігін арттыратын боламыз. Біздің елге шетелден келуші маман көп. Сол мамандардың білімі мен тәжірибесін пайдаланып, колледж мұғалімдерін кен орындарына апарып нақты жұмысты көрсетіп, тиімді семинарлар өткізуді көздеп отырмыз. Өз мамандығының жай-жапсарын, ерекшелігін нақты жұмыс барысында көрген оқытушылар біздің өндірістік тәжірибеге сай келетін мамандарды даярлай алады. Ал даяр маманды кез келген мекеме-кәсіпорын жұмысқа алуға әрине, ынталы, – деді «ҚПО б. в. компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау – заман талабы. Облыс аумағындағы 35 колледждің материалдық қоры кезең-кезеңмен жаңғыртылатын болады. Ол туралы облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мәлімдеді.
Өңірдегі 35 колледж 70 мамандық бойынша кадр даярлайды. Бұған қоса 112 біліктілік жетілдіру курстары бар. Осы 35 колледжде 17 мыңнан астам студент білім алуда. Кеңейтілген отырыс өткізуіміздегі мақсатымыз барлық колледждердің мүмкіндігін елеп-екшеу, сараптау, – деді Елдос Сафуллин.
Әр колледждің мүмкіндігі мен тыныс-тіршілігіне хабар берер көрмені аралап шыққан өңір басшысы озық үлгідегі құрал-жабдықпен қамтылған оқу орындарының басшыларына маман даярлау ісіне қатысты нақты тапсырмалар берді. Одан соң облыс әкімі сала басшылары мен мамандарына, сондай-ақ өңірдегі жұмыс беруші бизнес өкілдеріне арнайы кеңес өткізді.
– Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Жұмысшылардың мәртебесін арттырып, олардың еңбегіне қоғамның назарын аудартуымыз керек, – деді өңір басшысы.
Биылғы оқу жылында облыстағы 4 мемлекеттік колледжде 5 мамандық бойынша бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Көшпелі кеңеске төрағалық еткен Н. Төреғалиев сала басшыларына кәсіпорындарда дуалды оқыту мәселесін әлі де жаңғырту керектігін баса айтты. Одан бөлек колледж түлектерін жұмыспен қамту бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Кеңесте сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин 2024-2026 жылдарға арналған
техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын модернизациялаудың Жол картасына сәйкес 12 колледждің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі таңда 6 колледждің бюджеттік өтінімі 829 млн теңгені құрап, қаражаты әзірленді.
– Биыл Сырым колледжі үшін жатақханасының техникалық жағдайы апатты болуына байланысты жаңа кешендік ғимарат салынуда. Ғимаратта 30 орындық жатақхана, асхана, акт залы, спорт залы және кітапхана болады. Биыл колледждерді қамқорлыққа алатын кәсіпорындардың санын 150-ге жеткізу жоспарланды, – деді білім басқармасының басшысы.
Облыс әкімі жоғары сынып оқушыларының алғашқы жұмысшы мамандығын алу үрдісі колледждер негзінде қалай жүріп жатқанын сұрады. Оған жауап қатқан білім басқармасының басшысы өңірдегі 10 мектеп пен университеттерде, жұмыс берушілер және колледждермен бірлесіп түрлі бағыт бойынша бейінді сыныптар ашылғанын, білім беру мекемелер мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалғнын айтты. Кәсіпорындар мен оқу орындары тізе қосып, тұрақты іс-шаралар өткізе отырып, міндетті кәсіптік бағдарлау көзделген.
«BETA Services» ЖШС жоғары аграрлық-техникалық колледжбен әлеуметтік серіктес ретінде жұмыс істеп келеді. Облыс әкімі жаңағы серіктестік басшысы Бекболат Шкановтан осы кезге дейін қандай бірлескен жұмыстар атқарып жатқаны жайында да сұрап білді. Әлеуметтік серіктес ретінде 2017 жылдан бері жұмыстанып келе жатқан колледж бен серіктестік оқытушылармен бірлесіп арнайы әдістемелік құрал жазған. Сонымен қатар сылақшы және электрик сияқты мамандықтарға оқитын студенттердің теориялық білімін іс жүзінде жетілдіру мақсатында арнайы тәжірибеден өткізген.
– Студенттерге жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беріп отырмыз. Жастардың бәрінің бірдей таңдаған мамандықтарын тыңғылықты меңгеруге ынта-ықыласы жоғары деуге келмейді. Сөйте тұра, өзі қалаған мамандықты өмірде пайдаға асырғысы келетін ниеті бар жастарды қолдауға біз әркез пейілдіміз. Агротехникалық колледжді тәмамдаған біраз жас біздің мекемеде жұмыс істеді, тәжірибеден өтті. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың жаңа жатақханасын салған кезде осы колледж студенттері құрылысқа көп атсалысты. Біздің компания жөндеп жатқан, құрылысын жүргізіп жатқан нысандарда аталған колледж студенттері ақылы тәжірибе алмасу курсынан өтіп тұрады, – деді Бекболат Шканов.
Биылғы жылдың жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына байланысты өңірде кешенді іс-шаралар жоспары құрылды. Ендігі мәселе барлық жоба-жоспардың тиісті деңгейде орындалуына күш салу керек екендігін айтқан Нариман Төреғалиұлы еңбек еткендердің есесі кетпейтінін еске салды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»